Жаңалық

«Кітап – сарқылмас қазына, ғажайып әлем!»

2 сәуір –  дүйімге аты мәшһүр балаларға арналған біршама кітаптардың авторы, дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсеннің туған күні. Осыған орай, оқырманын асыға күтіп, қуана қарсы алатын Ұлттық академиялық кітапхананың «балаларға арналған» бөлімінде үлкен апталық басталып кетті.

Халықаралық балалар әдебиеті күніне арналған кітап апталығы

Кітапхананың жас оқырмандары апталықтың ашылуына келген көрермендерді әсем әнмен, мың бұралған бимен тамсандырды.  

Апталықты Тілеуғазы Бейсембек Райымбекұлы, Толымбек Әбдірайым, Дария Түкенқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Олжас Қасым, Дина Ораз сынды балалар әдебиетінде қалам тербеп жүрген еліміздің белгілі ақын, жазушылары өздерінің жылы лебіздерімен бастап беріп, жастарға кемел болашақтың кілтін ұстар кемеңгер тұлға бола білуді тіледі.

«Ауылда, іңірде «Батырлар жырын», «Ғашықтық жырын» ақсақалдар, болмаса солардан үйренген балалар бір сарынға салып оқитын. Мысалға:

«Міндім де сасық қоңыз аяндадым,

Болдыртып аяңымен қоян алдым.

Япырым-ай, сол қоянның семізін-ай,

Көтеріп қоңызыма қоя алмадым», деген «Тазша баланы» ыңылдап айтып беретін. Біз сол ыңылдың арқасында жаттауға, сарынға салуға машықтандық. Кітап ең адал, ең шыншыл, ең сенімді досың. Балалар әдебиеті әдебиеттануда қаралатын үлкен ғылым. Дүниеге баланың көзімен қараудың өзі оңай шаруа емес. Бұны бағалай білмек ерек. Балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарин. Оған дейінгі еңбектер тек балаларға арналып қана қойған жоқ. Бұндай көркем безендірілген кітаптарды сіздерге дейінгі буын көрген жоқ. Сіздер бақытты баласыздар», деп өткеннен әдемі естеліктер айтылып, бүгінгі күннің жетістігіне шүкір десті.

Қай әдебиет болмасын оқырманымен құнды. Қай әдебиеттің болмасын бағасын оқырман береді. Оқырманды қалыптастыра білу үлкен еңбек. Әдеби шығарма жазу ізденіс пен еңбекті аздық етеді. Оған дарын керек. Соның ішінде балаларға арналған шығарма жазу үшін таудай дарын керек-ау. Бала психологиясы, әдебиетке енді ғана қызығып бастаған оқырманды елітіп, жетектеп отыру оңай іс емес.

Біздің алдымызда, адамзат алдындағы мақсаттарының ең бастысы – білімді ұрпақ тәрбиелеу, көзі ашық азамат қалыптастыру. Өнер мен білімнің парқын қазақ қашан айтып қойған еді. Ұрпақ білімді кітаптан алары анық. Пьер Буаст «Шын мәнінде, сарқылмайтын қазынасы бар алтын орда бұл кітапхана» деген екен.

Ермек Өтетілеуовтың «Балаларға жазу. Бұл әрі жеңіл, әрі қиын шаруа. Бірақ, бастысы – қуанышты іс. Қаншалықты дұрыс, бұрыстығын білмеймін, меніңше балалар әдебиеті болмаған жағдайда кейбір ақын, жазушылар әдебиетке жалпы келмеген болар еді-ау деймін. Осындай арнайы келушілерге өзімді де жатқызамын. Мен үлкендерге әзір жазып көргенім жоқ, одан бірдеме шыға ма, шықпай ма, о жағы белгісіз. Ал кішкентайларға арнап жүргендерім баршылық дей аламын. Бала кезімде салған суреттерім жыл өткен сайын көз алдымда айқындала түсіп, бойымдағы жаңа ойлар мен сезімдерімді оятып, түрлі туындыларға түрткі болып келеді. Адам өз балалық шағына қайта оралмай тұра алмайды, өзін бір кезде толқытқан, мәңгі есінде қалғанды айтып кетпей қоймайды. Ал енді соның бәрін ең елгезек оқушы – балаларға емей кімге қызықтап айтып бере аласың?» деген сөзі бар. Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ.

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button