Жаңалық Редакция таңдауы

Кітапты дұрыс оқу үшін 7 кеңес

«Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи. Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін-өзі тануға көмектеседі, оны оқу арқылы өткен тарихыңды, болашағыңды біле аласың.

Кітап оқу есте сақтау қабілетін және логикалық ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адамның жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың. Көңіл-күйің болмаса да, кітап оқу бір сәт жабырқаудан арылтады, тіпті уайымыңды басады.
Талдауға, сараптауға, пікір қалыптастыруға үйретеді. Кітап оқу – табыс пен жетістіктің ең басты негізі.

Сол себепті кітап оқуда қажет 7 кеңесті назарларыңызға ұсынамыз:

1. Кітап оқуды әдетке айналдырыңыз

Күніне кем дегенде бір сағат оқуға арнау әдетін қалыптастырыңыз. Тіпті уақытыңыз болмай жатса, кем дегенде 15 минутыңызды кітап оқуға арнаңыз. Жатар алдында көркем әдебиет жанрынан оқығаныңыз жөн.

2. Негізгі ойларды түртіп отырыңыз

Кітаптан қажетті ойларды жазу немесе оқу барысында туындайтын ойлар оқудың тиімділігін едәуір арттырады. Тіпті кітаптан дәйексөздерді жазудың өзі үлкен пайда әкеледі.

3. Мұқият оқыңыз

«Дұрыс оқу» деген «тез оқу» дегенді білдірмейді. Жылдам оқуға тырыспаңыз. Кітаптардың пайдасы оқылғандардың санына емес, түсінгендердің санына байланысты. Бейтаныс сөздер мен терминдердің мағынасын білуге жалқауланбаңыз.

4. Кітапты дұрыс таңдай біліңіз

Өзіңізге кітап тізімін жасауды ұмытпаңыз. Сізді қызықтыратын жанрдағы жаңалықтарды қадағалаңыз, басқа адамдардың пікірлерін оқыңыз. Келесі оқылатын кітапты алдын-ала анықтаңыз. Бір сөзбен айтқанда оқу процесін жоспарлаңыз.

5. Әр түрлі кітаптарды оқыңыз

Кейде бір тақырып бойынша бірнеше кітапты қатарынан оқып, оларды бір-бірімен салыстыру, мәселені әр түрлі жағынан қарау өте пайдалы. Бірақ бір ғана саламен шектеліп қалуға болмайды. Өзін-өзі дамыту туралы кітаптардан кейін фантастиканы, іскери әдебиеттерден кейін қазақ классиктерін оқуға болады.

6. Электрондық кітаптарға өтіңіз

Электронды кітаптарды планшеттен немесе букридерден (Kindle, Pocketbook, Onyx Boox және т.б.) оқу әлдеқайда ыңғайлы. Электронды кітаптар нарығы дамып келеді және жаңа басылымдар электронды форматта да қол жетімді. Қағаз кітапты әрдайым бірге алып жүру қиын, әсіресе бірнеше кітап оқитын болсаңыз.

7. Оқыған кітабыңыз туралы қорытынды жасаңыз

Кітапты аяқтағаннан кейін, оқылған нәрселер туралы өз ойларыңызды тұжырымдау өте пайдалы. «Кітаптан не түсіндіңіз, немен келісесіз/келіспейсіз, қайсысын өмірде қолдануға болады» деген сұрақтарға жауап беру арқылы кітаптың сіз үшін қаншалықты пайдалы болғанын түсінесіз.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button