Жаңалық Редакция таңдауы

Кітапты қалай оқыған дұрыс?

Егер де сіз кітап оқитын болсаңыз – оның өзі жаман емес. Ал кітапты дұрыс оқитын болсаңыз – тіпті жақсы.

Кітаптың атын оқып, мұқабасының екі жағын да зерттеп шығыңыз. Бұл кеңес өте қарапайым болғанымен, көбіне оқырман дәл осыны елемей, мазмұнына өтіп кетіп жатады. Автор көбіне кітаптың атына, мұқабасының безендірілуіне асқан мән беріп, кейде тіпті кітаптың басты ойын сыйдырып қояды. Егер де осы жолдауды ұғынатын болсаңыз, мәтіннің бірінші жолына дейін көп нәрсе түсінікті болары сөзсіз.

Алғашқы беттеріне ерекше мән беріңіз. Кітаптың мазмұны, алғы сөзі, кіріспесі – бүкіл шығарма туралы ақпарат беретін ерекше бөлімдері.

Тарауларының тақырыбын және соңғы жолдарын қарап шығыңыз. Бұл, әсіресе, іскерлік және ғылыми әдебиеттерге арналған тәсіл. Осы арқылы бірден әдебиеттің соңына өтіп, қажет болған тұжырымдармен танысуға болады.

Кітап туралы пікірлермен танысыңыз. Желі арқылы кітап таңдап отырған болсаңыз, басқа оқырмандардың пікірлерімен танысу қиындық тудырмайды. Алайда бұл пікірлерге күмәнмен қарау керек, себебі кейде кітаптың сатылымы үшін асыра мақтап немесе керісінше төмендетіп жазуы мүмкін. Дегенмен, шынайы адамдардың пікірлері бар кітап сайттарын табуға болады.

Күрделі тұстарына қайта оралыңыз. Тым ұзаққа созбай кітапты толығымен оқып шығыңыз. Бұл әдіс «үстіртін оқу» деп аталады. Демек осылайша кітаптың мазмұнымен танысып шығуға болады. Егер де қиын немесе күрделі тұстарына келсеңіз, бірден оны түсінуге тырыспаңыз. Жәй ғана сол жерін «түртіп» қойып, әрі қарай оқуды жалғастырыңыз. Кітапты түгел оқып шыққан соң, белгіленген тұстарға қайта оралып, мән-жайын ұғып алуға болады. Кей тұстарын қайта оқып, қажет болса, қосымша ақпарат көздерін қолдануға болады. Нәтижесінде зерттелген материалдың түсініксіз жағдайлары қалмауы керек.

Аталған әдістер әдебиетті тез арада оқып шығуға септігін тигізбеуі, тіпті кейде жалықтырып жіберуі мүмкін. Бірақ өміріңізде оқыған әрбір кітабыңыз белгілі бір із қалдырары сөзсіз.

Ұйықтар алдында кітап оқу – ұйқысыздықпен күресудің таптырмас жолы. Осы арқылы тынышталып сананы ұйқыға дайындауға болады. Әрине, технология дамыған заманда кітап оқуға уақыт жетпей жатады. Бос уақыт табыла қалған жағдайда қазіргі заман адамы фильм тамашалауға немесе түн жарымына дейін әлеуметтік желіде «отырып қалады».

Мидың қалыпты қызметі үшін ұйқының пайдасы зор. Себебі мидың басты қызметі – күні бойы жиналған ақпараттарды реттеп, маңызды деген естеліктерді жадыда сақтап, маңызды еместерін жойып отыру. Бұл көптеген зерттеулер мен эксперименттердің нәтижесінде белгілі болып отыр. Егер адам қандай бір ақпаратты оқып, ұйқыға жатса, онда ол ұзақ мерзімді жадыға жазылады. Ал егер таңертең оқыған болса, онда ол ақпарат күні бойы жиналған ақпараттармен алмасып, ұйқыға жатарда сақталатын ешнәрсе қалмайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button