«Көктөбе Оpera–2019»
Тамылжыған табиғат аясындағы Көктөбе демалыс саябағында «Көктөбе Оpera–2019» музыка фестивалі өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен ашық аспан астындағы музыка мерекесі осымен төртінші рет алматылықтарға рухани ләззат сыйлады.
Классикалық музыканың талғампаз тыңдармандары жыл сайын Көктөбеде кездесуге асығады.ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен еліміздің опера және балет жұлдыздары әлемнің классикалық ең үздік туындыларын талғампаз тыңдармандарға тарту етті. Әдемі ән бесігінде тербейтін бұл жазғы кешті шаһар жұртшылығы асыға күтетіні анық. Бұл күмбірлеген кеште сахна төрінен аққудай қалықтаған әсерлі ән ашық аспан астында ерекше әдемі естілді. ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен еліміздің опера және балет жұлдыздары шырқаған Абай, Латиф Хамиди, Верди, Пуччини, Россини, Дебюсси, Чайковский тәрізді әлемге әйгілі композиторлардың музыкалық шығармалары жазғы кешті шырайландыра түсті, мың жылдық тарихымен тамсандыратын Алматыны ажарландыра түсті. Жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленген оркестр дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев болды. Ән думанында Айзада Капонова, Жанат Бақтай тәрізді «Астана Опера» театрының солистері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары тыңдармандарды өз өнерімен тамсандырды. Италиядан арнайы шақырылған әйгілі опера жұлдызы Иван Дефабиани өз өнерімен кештің мағынасы мен рухани маңыздылығын арттыра түсті. Әлемге әйгілі Ла Скала, Арена ди Верона, Верди театрының сахнасында жаһан жұртшылығының ыстық ықыласына бөленген Иван Дефабиани алматылықтардың қошеметінен қуаттанып, шабыттана ән шырқады.
– Қазақстанда, Алматыда алғаш рет өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Құшақ жая қарсы алған Алматы жұртшылығы қошеметімен жүрегімді жылытты. Мың жылдық тағылымды тарихы бар, көркіне көзің тоймайтын мұндай мегаполисте өмір сүрудің өзі бір бақыт! Келешекте Алматы қаласына тағы да келіп, өнер көрсеткім келеді. Себебі, ару Алматы да, қонақжай қалалықтар да көңілімде әдемі әсер қалдырды, – дейді Иван Дефабиани.Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының директоры, «Көктөбе Оpera–2019» музыка фестивалінің көркемдік жетекшісі Асқар Бөрібаев бұл мереке жастардың классикалық музыкаға қызығушылығын арттыруға игі ықпал ететіндігін атап өтті.
Классикалық музыка мерекесін алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының бірі болып табылатын Көктөбе демалыс саябағында арнайы өткіземіз. Қала күні мерекесіне орай жыл сайын арнайы өткізілетін классикалық музыка фестивалінің концерттік бағдарламасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Жыл сайын көрермендерімізді классикалық музыканың жауһарлары жинақталған мерекелік бағдарламамызбен қуантқымыз келеді. Әсем ән адамның жан-дүниесін нұрландырып, көңілін керемет сезімге бөлейді. Ашық аспан астында өтетін бұл фестиваль классикалық музыкаға қызығушылық танытып жүрген жастардың қатарының көбеюіне игі ықпал етеді. Бұл бізді ерекше қуантады
– дейді Асқар Бөрібаев.
Көрермен көңілін сұлу саздың сиқырымен тербейтін мұндай мәдени іс-шаралардың қала жұртшылығының жүрегінде шежірелі шаһарымызға деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіндігі мен рухани маңызы зор. Жалпы, жыл сайын Қала күні қарсаңында өткізілетін мәдени іс-шаралардың барлығы мың бояулы шаһарымыздың шырайлы шежіресімен, өмірімен, өнерімен, мәдениетімен, тарихымен тұрғындарды таныстыру мақсатын көздейді. Сондықтан жас ұрпақты отансүйгіштікке, туған жерін, туған елін сүюге тәрбиелеуге баулитын мұндай мәдени мерекелердің рухани маңызы мен тәрбиелік тағылымы ерекше.
Алматы қаласы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі