Көлік вице-министрі азаматтарды қабылдады
ҚР Үкіметінің азаматтарды қабылдау орталығында көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Астана қаласы, Жамбыл және Қарағанды облыстарының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Көлік министрлігі
Азаматтар жол инфрақұрылымының құрылысы, республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау, сондай-ақ халықаралық жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелерін алға тартты.
Жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері республикалық жолдарды күтіп ұстау сапасының арта түскенін хабарлады. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес қолда бар 2710 арнайы техникаға қосымша ақылы учаскелер бойынша төленетін жол жүру ақысы есебінен 156 машина сатып алынған.
Тараз қаласының тұрғыны О.Тоқбергенов жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерде бейнекамералар мен қоршаулар орнату мәселесін алға тартты. Өтініш берушіге қазіргі уақытта 1056 шақырым автожол учаскелерінде қоршау қарастырылғаны айтылды. Сондай-ақ Жамбыл облысында инфрақұрылымды одан әрі дамыту жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғандығы айтылды.
Ал Қарағанды облысындағы тасымалдаушылардың бірінің атынан өтініш білдірген бір топ азаматқа автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерінің нормаларына сәйкес толыққанды жауап қайтарылды.
Қабылдаудың қорытындысы бойынша вице-министр Сәтжан Аблалиев пен ҚР Көлік министрлігінің қызметкерлері қабылдау орталығына келген азаматтарды жүгінген мәселелері бойынша қажетті ақпаратпен қамтамасыз етті.