Жаңалық Редакция таңдауы

Колледж жатақханалары студенттерді қабылдауға дайын ба?

Астанада 33 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 24-і – жекеменшік. Ондағы кадрларды даярлау 75 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылады.

Аталмыш оқу орындарының оқу жылының басталуына қаншалықты дайын екендігі туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық колледжде жөндеу жүргізілді, білім беру бағдарламалары өзектендірілді, педагогикалық штат жасақталды.

16 жатақханада қаладан тыс студенттерге арналған орындар дайындалды.
Барлығы – 2 696 орын.

2023-2024 оқу жылына арналған «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы аясында 8 бағыт бойынша 8 500 орынға және ең сұранысқа ие 59 мамандыққа мемлекеттік білім беру тапсырысы қалыптастырылды. Барлық колледжде күндізгі оқу нысанына құжаттарды қабылдау 15 тамызда педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша, ал 18 тамызда өзге де мамандықтар бойынша аяқталды, – деп хабарлады басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта 11 937 өтініш қабылданды, оның ішінде 3 332-і – ақылы негізде, 8 605-і – мемлекеттік тапсырысқа өтініш, оның ішінде 9-сынып базасында – 7717, 11-сынып базасында – 782, қолданбалы бакалавриат – 106.

Конкурс (саралау) қорытындысы білім басқармасының сайтында 23 тамызда (9-сынып базасы), 25 тамызда (11-сынып базасы) орналастырылады.

Биыл алғаш рет пилоттық жоба аясында 10-11 сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жүзеге асырылып жатыр. 270 адам қабылданады, олар 1,5 жылдан кейін нәтижелі білім алған соң екі құжат алады: білім туралы аттестат және жұмыс біліктілігі берілген диплом.

Оқу жылының басынан бастап 607 студент мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерде оқуын бастайды, олар аяқталғаннан кейін Астананың 44 кәсіпорнына жұмысқа орналасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button