Жаңалық Редакция таңдауы Зерттеу

Көп балалы және жалғызбасты отбасыларды әлеуметтік қолдау саласындағы заңнама

Бүгінгі таңда Қазақстанда отбасы және балалардың мүдделерін қорғауға әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін отбасы мен балалар саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар жүйесі іске асырылуда.

Қазақстандағы осал отбасылар санатына бірінші кезекте көп балалы отбасыларды жатқызуға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес жыл сайын көп балалы отбасылар санының оң динамикасы байқалады. Мәселен, 2020 жылы көп балалы отбасылардың саны 2019 жылмен салыстырғанда 51%-ға, ал 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 14,8%-ға өсті.

Көп балалы отбасыларды қолдау бойынша әлеуметтік саясат әлеуметтік, білім беру, еңбек, тұрғын үй және басқа да өз құқықтарын іске асырудың түрлі бағыттары бойынша жеңілдіктер түрінде отбасына әлеуметтік кепілдіктер мен қолдауды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілер жүйесімен реттеледі.

Қазақстанда көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларының төрт негізгі нысаны іске асырылуда:

– ақша түрінде – ақшалай төлемдер, жәрдемақылар, жеңілдіктер және өтемақылар;

– тауар түрінде – киім, аяқ киім, мектепке қажетті керек-жарақтарды және басқаларын сатып алу;

– қызметтер және/немесе құқықтар/артықшылықтар – бұл қабылдау квоталары, бірінші кезектегі құқықтар;

– моральдық ынталандыру – наградалар.

«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63 Заңына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасыларға кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін беріледі. Көп балалы отбасындағы балалардың біреуі кәмелетке толған жағдайда, жәрдемақы оқу ұйымында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын, бірақ мұндай бала 23 жасқа толғаннан аспаған жағдайда төленуін жалғастырады.

Алты бала және одан да көп баласы бар аналар балаларды тәрбиелегені үшін мемлекет тарапынан ерекше мәртебеге, бедел мен құрметке ие. Көп балалы аналар  «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталады және көп балалы болғаны үшін награданың түріне қарамастан (бұрын 1999 жылға дейін – «Батыр Ана» атағы және I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені) бірыңғай мөлшерде ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Жәрдемақы мөлшері отбасының табыс деңгейіне байланысты емес, ынталандыру төлемі.

Білім беру саласында мемлекет көп балалы отбасылардан шыққан балаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алу кезеңінде оларды күтіп-бағуға және тамақтандыруға жұмсалатын шығыстарды толық немесе ішінара өтейді.

Білім алушыларға, оның ішінде көп балалы отбасылардан шыққандарға киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға қатысу түріндегі материалдық көмек жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының жиынтық көлемінің кемінде 2% мөлшерінде бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы да көзделген.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына (11-баптың 3-тармағы) сәйкес 5 және одан да көп бала туып (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғаннан кейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне құқығы бар.

Қазақстанда халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар бағдарламалар іске қосылды, оның шеңберінде жеңілдікті тұрғын үйдің екі түрі қарастырылған: жалға берілетін және жеңілдікті кредиттік.

2022 жылы салалық ведомство жалдамалы тұрғын үйге кезекте тұрғандардың төрт санаты үшін, оның ішінде көп балалы отбасылар үшін мемлекеттің жалдау ақысын субсидиялау тетігін бекітті: Астана қаласы үшін – 31 АЕК (98 580 теңге); қалған өңірлер үшін – 21 АЕК (66 780 теңге).

Осы мақсаттарға «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі  АҚ (бұдан әрі – «Отбасы банк» АҚ) деректері бойынша бюджеттен 50 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Банктің болжамы бойынша бұл қаражатқа 70 мың қазақстандық тұрғын үй үшін жалдау ақысының жартысын жабуға субсидия ала алады. Оның ішінде 73%-ға жуығы немесе 51 мыңы көпбалалы отбасылар.

Жалпы, көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламалары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын уәкілетті органдар мен институттардың ресми интернет-ресурстарында кеңінен жарияланатынын атап өткен жөн.

Респонденттердің арасында жүргізілген әлеуметтанулық сауалнама нәтижелері көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары, яғни өңірлерде жүргізіліп жатқан белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы хабардарлықтың жеткілікті деңгейін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 80%-ы естігендерін және жақсы білетіндерін, бірақ қолдау шараларына қатыспағанын, ал 9,2%-ы бұл шараларды өздері білетінін және қолданғанын айтты.

Көп балалы отбасыларға қарағанда толық емес немесе жалғызбасты отбасылар үшін мұндай әлеуметтік қолдау жоқ. Мұны респонденттер сауалнамаларының нәтижелері де растайды. Мәселен, респонденттердің 43,9%-ы көмек толық көлемде көрсетілмейді деп есептейді, 22,3%-ы бұл санаттағы отбасылар үшін мемлекет ештеңе жасамайтынын атап өтті.

Жалғызбасты отбасылар отбасы саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттардың қабылданған жүйесінде бөлек бөлінбегенін атап өткен жөн. Өмірдің кейбір бағыттарында ғана жеңілдіктер мен өтемақылар қарастырылған. Мысалы, осы мәртебеде кемінде үш жыл болған толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы көзделген.

Сонымен қатар, тұрғын үй заңнамасында толық емес отбасылар халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылған, осыған байланысты тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған адамдарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Алайда «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысына сәйкес «толық емес отбасы» санатына жататын адамдар жылдық 2% мөлшерлеме бойынша ипотекалық кредит алу үшін «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмайды. Бұл санаттағы адамдар енді жылдық 5% мөлшерлеме бойынша тек ипотекалық несиелеуге қатыса алады.

Тұрғын үй заңнамасының нормаларында белгіленген халықтың басқа санаттарымен қатар, толық емес отбасылар оны алғанға дейін тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарылмайды.

Жалғызбасты ата-аналар көбінесе еңбек саласында қиындықтарға тап болады. Оларды кемсітуді болдырмау мақсатында ҚР Еңбек кодексінде кейбір артықшылықтар көзделген. Мысалы, жұмыс беруші бала үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалысты бала тәрбиелеп отырған бір ата-анаға беруге міндетті.

Сондай-ақ он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соқтырған жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқарған, өндіріс көлемі, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер төмендеген кезде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу мүмкіндігін шектеу көзделген.

Көп балалы және жалғызбасты отбасыларды қолдаудың барлық аталған шаралары заңнамалық деңгейде көзделген, алайда жергілікті атқарушы органдардың құқықтық актілерінде осы санаттағы отбасыларға қосымша жеңілдіктер белгіленуі мүмкін. Бұл ретте өңірлердегі жеңілдіктер мен материалдық қолдау оның экономикалық дамуына және әлеуметтік қолдауға арналған қолда бар бюджетіне байланысты болады.

Жалғызбасты ата-аналарға арналған ақшалай төлемдерге келетін болсақ, бала тууға, бір жылға дейінгі күтімге арналған жалпыға бірдей белгіленген жәрдемақылардан басқа, Қазақстанда осы санат үшін арнайы жәрдемақылар көзделмеген.

Атаулы әлеуметтік көмек, негізгі проблемалар мен қажеттіліктер

ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сәйкес 2021 жылдың басынан бастап республика бойынша табысы ОКД шамасынан төмен халықтың үлесі деңгейінің өсуі байқалады, ол 3 тоқсанда ең жоғары көрсеткішке жетіп, содан кейін 4 тоқсанда бұл көрсеткіш төмендеді.

Мәселен, 2021 жыл ішінде республика бойынша табысы ОКД шамасынан төмен халықтың үлесі 1-тоқсанда 4,5%- дан 4-тоқсанда 4,9%-ға дейін өзгерді, бұл ретте ең жоғары көрсеткіш 3-тоқсанда 5,3% жетті.

Сонымен қатар, 2021 жылдың 4 тоқсанының көрсеткіші 4,9%-ға – 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 0,3 п.к жоғары, 2019 жылы – 1,1 п.к. жоғары болды.

Халықтың жыл сайын орта есеппен 260 мың адамға табиғи өсімін ескере отырып, ОКД деңгейінен төмен халық санының сандық өсуі байқалады.

Қазақстанда кедейлікпен күресу үшін аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсетуді реттейтін қолданыста «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заң бар.

2021 жылы республика бойынша АӘК 198,4 мың отбасы ішінен 990,5 мың адамға (қала – 114,4 мың отбасы ішінен 541,1 мың адамға, ауыл – 84 мың отбасы ішінен 449,5 мың адамға)47 тағайындалды.

Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша АӘК 129,9 мың отбасы ішінен 668,8 мың адамға (қала – 69,6 мың отбасы ішінен 338,4 мың адамға, ауыл – 60,3 мың отбасы ішінен 330,4 мың адамға) тағайындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда АӘК алушылар саны 26,0%-ға қысқарды.

ҚР СЖРА ҰСБ деректері бойынша 2021 жылғы тамыз – қыркүйек айларында өңірлер бөлінісінде жүргізілген мониторингтен кейін АӘК алушылар санының төмендеуі байқалады.

Сондай-ақ АӘК алушылардың тұрғылықты жерінің өзгеруі байқалады. ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сәйкес 2021 жылғы 4 тоқсанда табысы ОКД шамасынан төмен ауылдық жерлердегі халықтың үлесі 6,7% және қалалық жерлерде 3,6% құрады, 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тиісінше 0,1 п.к. және 0,5 п.к.-ға жоғары.

Сонымен қатар қалалық жерлерде АӘК алушылар үлесінің өскенін байқауға болады.

АӘК алушылар құрамында негізгі үлестерді балалар – 64,3%, жұмысы бар адамдар – 15,6%, күтім көрсететін- дер – 12,9% алады.

Отбасы құрамында еңбекке қабілеті жоқ адам немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж қарттарға күтім жасауды жүзеге асыратын отбасылар шартсыз ақшалай көмекке үміткер бола алады.

АӘК алатын балалары бар отбасылардың үлесі 99% құрайды, алайда 42,4%-дан астамы көп балалы отбасылар (4 және одан да көп бала). Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,0%-ға жоғары.

Сонымен қатар, АӘК алушылар құрамында жұмысы бар адамдар үлесінің басым болуы «жұмыс істейтін кедейлік» сияқты үрдістің пайда болуын растайды.

АӘК саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуы тиіс.

Мәселен, 204,2 мың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері АӘК алушылар қатарынан:

– АӘК тағайындауға өтініш берген кезде 104,4 мың адам (51,1%) жұмыс істейтіндер;

– 11,9 мың адам (5,8%) – жұмыссыздар.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде 51,1% еңбекке қабілетті алушылар АӘК тағайындауға өтініш білдірген кезде жұмыстары болған, яғни қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес аталған адамдар өз қалауы бойынша ғана белсенді жұмыспен қамту шараларына тартыла алады.

Ағымдағы жылдың 1 қазандағы мәлімет бойынша аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтар қатарынан («ЕРДО» АҚ есепті деректері бойынша) белсенді жұмыспен қамту шараларына 23, 0 мың адам (тұрақты жұмысқа – 15,8 мың адам, қоғамдық жұмыстарға – 4,7 мың адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 580 адам, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарына – 675 адам, жастар практикасына – 274 адам, кәсіпкерлік бастамалар ықпалдастығы арқылы – 947 адам) тартылды.

АӘК алудың мөлшері мен негізі макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты екенін атап өткен жөн. Біз инфляция деңгейі, ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғарылауы, алушыларды таңдау өлшемшарттарының өзгеруі туралы айтып отырмыз.

АӘК уақытша шара болып табылады және өмірлік қиын жағдайдан шығару мақсатында отбасына кешенді көмек (ақшалай төлем, жұмысқа орналасу шаралары, әлеуметтік бейімделу шаралары, кепілдендірілген әлеуметтік пакет) көрсету қажет болатын тоқсанға тағайындалады.

Әлеуметтік стигматизация (көп балалы және жалғызбасты отбасыларға қатысты әлеуметтік стереотиптер)

Әлеуметтанулық сауалнама деректеріне сәйкес респонденттердің көпшілігі алкогольге немесе есірткіге тәуелділіктен зардап шегетіндерді (52,4%) «тұрмысы нашар» отбасылар санатына жатқызады. Сондай-ақ, бұл топқа қоғамға жат өмір салтын ұстанатын (13,5%), балаларды бақыламайтын, оларды тәрбиелемейтін (10,4%) ата-аналары және/немесе балалары бар отбасылар кірді. Бұл ретте сауалнамаға қатысушылардың тек 3,1% және 1,8%-ы табысы төмен және толық емес көпбалалы отбасыларды тұрмысы нашар отбасыларға жатқызған. Көп балалы және жалғызбасты отбасылар құрамы жағынан біртекті емес, оларға әртүрлі әлеуметтік және материалдық жағдайы бар отбасылар жатады. Алайда, қоғам отбасылардың бұл санаттарын әлеуметтік-осал деп қабылдайды.

Көп балалы болуды әдетте отбасының аз қамтылуымен және жалпы тұрмысының төмендігімен, соның ішінде ішімдік ішетін ата-аналармен және панасыз балаларымен байланыстырады. Әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram), БАҚ-тағы жарияланымдарға жүргізілген шолулар қоғамда көп балалы отбасын масылдықтың әлеуметтік түрі ретінде қабылдайтын теріс үрдіс байқалғанын растайды. Көп балалы болу әлеуметтік жәрдемақылар, тұрғын үй, қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер, сондай-ақ балаларды тәрбиелеуде басқа да мемлекеттік қолдау сияқты қосымша әлеуметтік игіліктер алу тәсілі деген тұрақты пікір қалыптасқан. Көпбалалы отбасылар туралы «кедейлер қатарын толықтыруда» дегенді естуге болады және осындай отбасылардың материалдық және моральдық жағынан нашарлауы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.

«Жалғызбасты ана» әлеуметтік стигмасы баланы күйеусіз тәрбиелейтіндердің өмір салтын қоғамның теріс қабылдауын балалардың өмірін қамтамасыз ету және дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді бере алмайтындығымен сипаттайды. Жалғызбасты аналар баланың әкесі, ата-анасы және қоршаған ортасы тарапынан өздеріне немқұрайлы немесе жақтырмайтын көзқарасқа тап болады.

Сонымен қатар, көпбалалы және жалғызбасты отбасылар үшін негізгі проблемалардың бірі материалдық сипаттағы проблема болып табылатынын атап өткен жөн. Алайда, бұл тұрғыда көп балалы отбасылар ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақылармен қамтамасыз етілгендіктен және әдетте бұл отбасылардағы аналар жұмыс істемейтіндіктен, мұндай әлеуметтік төлемдердің болмауына байланысты жалғызбасты ата-аналар жұмыс істеуге мәжбүр және жұмыс істеуі керек.

Жалғызбасты отбасының әлеуметтік осалдығы негізінен тұрғын үй сатып алу, білім алу мүмкіндігінде көрінеді, өйткені оған бір ата-ананың табысы жетпейді. Сондықтан, жалғызбасты отбасылар тұрғын үй және оқу квоталарын алатын санаттар тізіміне енгізілген.

Қолданыстағы стигмалар осы отбасылардың мүшелеріне үлкен зиян келтіреді, өйткені оларда ұят, толық дамымағандық сезімдері пайда болады, көп балалы отбасына жататындығын немесе отбасында ата-анасының біреуінің жоқ болу фактісін жасырғылары келеді. Балалар көбінесе өзін-өзі бағалауын төмендетеді, бұл олардың кейінгі тағдырына теріс әсер етуі мүмкін.

Қазіргі уақытта қоғамда қалыптасқан стереотиптерді жою мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары көп балалы отбасыларының жағымды, жақсы мысалдарын тұрақты түрде жариялайды, қазақстандық отбасылар күніне арналған іс-шаралар өткізіледі. Ал жалғызбасты ата-аналарға қатысты мұндай мысалдар өте аз.

Сонымен қатар, стереотиптерді жоюға отбасылардың осы санаттарының өкілдері іс жүзінде қатыспайды, олар тек сюжеттер мен мақалалардың кейіпкерлері. Осылайша, қолданыстағы шаралар жеткіліксіз. Стигмати- зацияның себептерін түсіну және оны еңсерудің заманауи тәсілдерін әзірлеу үшін республика тұрғындары арасында, оның ішінде осы санаттағы отбасылар өкілдерінің қатысуымен әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу қажет. Сондай-ақ, отбасылардың әлеуметтік осалдығын болдырмау мақсатында әлеуметтік қолдау көрсетудің мәлімдеу сипатына көшу талап етіледі. Қолданыстағы жүйеде отбасылардың кеш жүгінуі жағымсыз үрдістердің дамуын жеңуге мүмкіндік беретін алғашқы кезеңдердегі жағдаймен жұмыс істеу мүмкіндігін жіберіп алады. Сонымен бірге, кеш жүгіну кейбір жағдайларда әлеуметтік қызметтердің жекелеген тұтынушыларының масылдығын тудырады және отбасындағы әлеуметтік проблемалар мен қиын өмірлік жағдайлардың сақталуына әкеледі.

Көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау ақшалай төлемдер мен жәрдемақылар арқылы, тауар нысанында, қызметтер немесе құқықтар/артықшылықтар нысанында (квоталар беру, бірінші кезектегі құқық), сондай-ақ моральдық көтермелеу нысанында іске асырылады. Респонденттердің әлеуметтанулық сауалнамасының нәтижелері көп балалы отбасыларды қолдау шаралары туралы хабардарлығының жеткілікті деңгейін көрсетті. Бұл өңірлерде жүргізіліп жатқан белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі болуы мүмкін. Жалғызбасты ата-аналардың көпбалалы отбасылардан айырмашылығы әлеуметтік қолдаудың мұндай көлемінің жоқтығы, мұны жаппай сауалнама нәтижелері дәлелдеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button