Кенжебай Ахметов: Қолымыздан келмейтін дүние жоқ
Әдебиетті орта емес, жеке тұлға жасайды деген түсінік қалыптасқан. Рас, солайы солай екен. Оған міне тағы да көзіміз анық жетіп отыр.
Сонау шалғайдағы тұйық қала – Жезқазғанда тұрып ақ, Астана мен Алматыдағы әйдік ғалымдарды, дақпырты зор ақындар мен жазушыларды, дұрысы күллі руханият өкілдерін өзіне қаратып, пікірімен санастырып отырған Кенжекең, сан қырлы қаламгер Кенжебай Ахметов еді.
Иә, иә дәл өзі. Бірнеше күннен бері Елордадағы зиялы қауымды тағы да қызықтырып, елжіретіп ақ жіберді. Сондағысы – әмбебап қаламгердің тумысы бөлек, тұрпаты соны режиссерлігі болып отыр.
Абыз даланың қобыз кеуделі перзенті, ақын, драматург, ғалым, күні кеше ғана көрермен назарына жол тартқан «Наза» кинофильмін режиссері Кенжебай Ахметовпен әңгімелесіп едік. Ыстығы әлі басылмаған жылы әңгімені мәртебелі оқырманның назарына ұсындық:
Ruh.kz: Аға, әуелі ақындығыңызды сөз еткім келеді.
– “Жылтырақтан жиреніп жатқанда ақыл,
Жылтыр – жылтыр сөйлеген бәдік озды” , -дейсіз. “Осы біз не істеп жүрміз?”,- деп ойланып қаламын кейде…
Кенжебай Ахметов: Бүгінде өнердің талабына жауап беретін шын өнер екінші қатарға, тіпті үшінші қатарға ауысып кетті. Шынайы өнер үлкен талғамдарға жауап беруі керек, жоғары идеалдағы дүние болмағы керек. Осыдан қазіргі өнер зауқын басар ермекке, қызыққа, уақыт өткізуге арналған бұйым іспетті болып қалды. Осының салдарынан адам жеңіл ойлануға, жеңіл көзқарасқа, жалпы жеңілдікке үйір бола бастайды. Ал, жеңіл көзқарастағы адам үлкен дүниеге жақындай алмайды. Өйткені бұл ол үшін бөтен деңгей. Шынында, адам баласының төменде болсын, жоғарыда болсын биікке талпынса керек. Біз осы талпыныстан, осы ұмтылыстан ада болып бара жатқан секілдіміз. Бұндай көзқарастарды уақыт тудырады. Бұл уақыт адамның бәсін төмендетіп жіберді. Кассалық дейтін, коммерциялық дейтін өнердің сыртқы формасын ғана пайдаланғандар алға шығып кетті. Арғы мазмұнының жеңілдігі соншалық, назар аударғың да келмейді. Күнделікті, қарапайым деуге де келмейтіндей қарабайыр дүниелер бағаланып тұр. Сол қызық болып тұр. Екінші бір қырынан қарасақ көпшілік содан ләззат алатын сияқты. Себебі өзінің арғы түсінігі де сол дәрежеде ғана. «Ол айтқанды мен де айттым, ол жазғанды мен де жаздым» деген өзін-өзі жұбату бар, түбі. Осы жұбату қанағаттануға, сүйсінуге, ләззат алуға әкеліп соғып тұр. Қарабайыр дүнелердің сұранысқа ие болуының себебі осында. Әр адам өзін-өзі жақсы көреді, өзін-өзі жұбатқысы, ләззатқа бөлегісі келеді. Осындай түкке тұрғысыз «өнер» кейбіреудің өзгеден өзін қор сезінбеудің жолын жасап тұр. Ақындық та, басқа да өнердің хәлі осындай. Шын өнер бұл деңгейден көтерілуі керек. Өнер адамды ілгері қарай, жоғарыға қарай, белгілі бір құндылықтарға қарай, рухани жетілуге жетелеуі керек. Осыған қызмет етуі керек. Өнер өзінің міндетін, миссиясын осылай атқаруы керек. Атақтың, даңқтың, уақытша дақпырттың соңында кетіп қалуға болмайды. Кетіп қалған жағдайда өнер өнімге айналады-дағы дүкенде сатылатын тауар секілді болып қалады.
Ruh.kz: Драматургия саласындағы еңбектеріңіз құрым елге мәлім. «Құдіретті комедияны» қазақша сөйлеткеніңізді тағы білеміз. Драматургиядағы жоспарларыңыз қандай?
Кенжебай Ахметов: Кейде адамның ішкі сұрақтарына жауап бергісі келетін сәттері болады. Драмалық шығармаларда осындай сәттер болады. Сұранып тұратын элементтер болады. Оны прозамен яки поэзиямен бере алмайсың. Десе де, драманы бәлендей жоспарлы түрде жазамын дей алмаймын. Идея өзіне лайықты дүние болып шығады. Идея өлеңдікі болса ол өлең болып шығады. Өлеңмен жеткізе алмайтындай болса проза болып шығады, драма болып піседі. Өлең сияқты кенеттен келетін емес, драмма жүйелеуге, алып-қосуға келеді. Біздің ұлт ретіндегі тарихи жолымызды драммалық шығармалар арқылы берсем деген мақсатым бар. Белгілі тұлғалардың тарихи кезеңдегі өмірін, әрекеттерін көрсетсем деймін. Сақтар дәуіріндегі Тұмар ханымның кезеңі, Есім хан туралы жаздым. Одан кейінгі кезең, Тәуелсіздік дәуіріндегі адам тағдырын «Дәуірлер тоғысында» деген атпен шығардық. Алдағы уақытта Ғұндар кезеңі, Түркілік кезең, Қазақ кезеңі, Советтік дәуір секілді циклды дүние жазбақ ойым бар. Сол арқылы тарихи дәуірлердің біздің болмысымызға, адам болмысына қалай әсер ететінін көрсеткім келеді. Бұны енді алдағы уақытта көре жатармыз.
Ruh.kz: Әдебиет теориясын жүйелі зерттеген, «Әдебиеттануға кіріспе» оқулығын жазған адам ретінде қазіргі әдебиеттің төңірегінде жүрген бауырларыңызға айтарыңыз бар ма? Қандай бағытта ізденсе дейсіз, нені зерттеуі керек?
Кенжебай Ахметов: Қандай да бір зерттеудің мақсаты әуелі ғылымға, кейін жалпы жұртқа, қауымға, елге қызмет ету. Зерттеудің ғылыми тілде болуы заңды. Десе де, халыққа түсінікті болуы да керек. Өйткені не айтып отырғаныңды арнайы мамандар ғана түсінетін болса ол жекелеген, ауыр теориялық еңбектер. Бұндай еңбектер де керек әрине. Мынау қажет, мынау қажет емес деп айтуға келмейді. Бірақ, зерттеу жұмысы басқаға да түсінікті болуы керек қой. Таза ғылыми үлгіде жазылған жұмысты қабылдау қиын. Дүйімге түсінікті болатындай қосымшасы ма, түсіндірмесі ме болса тағы. Жұртты қайтадан өнерге жақындатуымыз керек. Кез-келген дүние қалай болғанда да халықтың игілігіне қызмет етуі керек. Жүз пайыз қызмет ету мүмкін емес. Бірақ, соны қажет етіп отырған белгілі бір топқа түсінікті тілде жеткізілуі керек. Студенттерге болсын, қалың көпшілікке болсын, сол саланың мамандарына болсын деңгейіне, түсінігіне лайықты болуы керек. Әрқайсысы көздеген мақсатын осылай өтесе, демек ол жарамды еңбек.
Ruh.kz: Кинотуындыңызды көрдік. Психологиялық мәселені көрерменге көтертіп қойдыңыз. Техникалық сапасына қарағанда, моральдық сапасы басым фильм. Алдағы уақытта осы салада еңбектенетін ойыңыз бар ма?
Кенжебай Ахметов: Бұл – бірінші кино. Бұл киноның демеушісі, көркем әрлеушісі жоқ. Ол – заңдылық. Жаңадан бірдеңе жасаған кезде біреуге жәутеңдеп көмек сұрап, жағдайыңды жасап бергенін күтіп керек емес. Сенің жасай алатыныңа сенетіндей, сендіре алатындай бір еңбегің болу керек. Іспен көрсету керек. «Мынаны жасадым» деп, «мүмкіндігім болса бұдан да жақсысын жасар едім» деп сонда ғана айтуға құқың бар. Жағдай болса жасар едім деген арманнан түк те шықпайды. Іс керек! Бірақ, мүмкіндігім осы деп қалай болса солай істей салуға тағы болмайды. Біз қолымыздан келгенше жақсы жасауға тырыстық. Бірақ, қолдың қысқалығының бәрібір әсері байқалады. Өзіміздің мақсатымызға осы кино арқылы жақындай түстік деп ойлаймын. Бұны «қарадүрсін бірдеңе» деп айтуға келмейді. Өзінің көрермені бар туынды боларына сенемін. Киноның барлық талаптарына сай келмеуі заңды. Ендігі мақсат техникалық мүмкіндіктермізді жақсартып, жақсы мамандарды жинап алға жылжу. Осы фильмды түсіргенде өзімізге-өзіміз мектеп, өзімізге-өзіміз мұғалім һәм оқушы болдық. Ненің қалай екенін біраз меңгеріп те қалдық. Және жұрттың айтар уәжінен сабақ алуға тырысамыз. Бұл саладағы алғашқы еңбегіміз болған соң кемшің тұстары болады. Осындай тұстарды қайталамауға тырысамыз.
Ruh.kz: Неге «Наза» ?
Кенжебай Ахметов: «Наза» дегенді түсіндірудің өзі қиын. Бұл – адамның күйі. Өкпе дегенге де, реніш дегенге де, наз дегенге де, қарғыс дегенге де ұқсамайтын ұғым. Өкпеден басым, қарғыстан кем тұсы. Қатты жақсы көрген жақыныңнан қатты көңілің қалған кезде оянатын сезім, кешетін күй. Бұл сөз кейбір ұлтта тіпті жоқ. Мен орыс тіліндегі аудармасын таба алмадым.
Кино толықтай осы сезімнен тұрады. Назар аусарсаңыз, есіктің алдында отыратын кемпір хабарласпай кеткендері үшін балаларына назалы. Ит жетектеп жүретін әйел жалғыз өткізген өміріне назалы, Ресейден келетін досы туған жерге қайтып келе алмай назалы, бас кейіпкер әке-шешеден, бар жақынынан тірідей айырылған тағдырына назалы.
Ruh.kz: Жастардың жырларын оқып тұрасыз ба? Өзгешелік байқала ма?
Кенжебай Ахметов: Мынау артық, мынау бәсең деп ешкімді бөле-жарғым келмейді. Жастардың бойына өздеріне тән, жастыққа тән сезім бар, жалын бар. Жастардың бойында қоғамды алға жетелейтін қасиеттер бар. Осы қасиет олардың жасаған еңбегінен көрініп отырады. Жастарымызда өнер жоқ, поэзия жоқ деп қалай айтасың?! Иә, өмірлік танымы аздау болып қалуы мүмкін. Жастық соныңды ақтап алады. Онда сезім болуы керек, онда эмоция болуы керек, онда романтика болуы керек, онда мінез болуы керек, кішкене өтірік те болуы керек. Заңды дүние.
Ruh.kz: Балалық шағыңызға саяхаттап қайтайықшы. Бүгінгі дүйім жұрт білетін Кенжебайдың бойындағы ақындық қасиет қалай оянды?
Кенжебай Ахметов: Балалық шағым – Жаңаарқа ауданындағы Қараағаш ауылында өтті. Біздегі арманға қанат бітірген сол ауылдың күнделікті тірлігі, сол ауылдың адамдары. Ауылдың өзіндік тұлғалары болды. Балуандарына еліктеп, әншілеріне таңырқап, ақындарына тамсанып өстік. Біздің ауылда газетке мақала жазатындар көп болды. Менің қалам ұстап, әдебиетке төселуіме әсер еткен солар да шығар?! Алғашқы рет газетке мақала жазуым 4-сыныптан басталды. «Қолымнан келеді екен ғой» деген сенім пайда болдыдағы ары қарай жазыла берді, жазыла берді. Солай мақала жазуды меңгеріп, біртін-біртін ғылыми мақалаға көшіп, бірнеше ғылыми мақаланың басын құрап зерттеу еңбектеріне, зерттеу еңбектері «Әдебиет теориясына» айналды. Қарағанды облысының «Сәкен Сейфуллин атындағы театры» ауылға келіп қойылым қойып жатқанда «осының бәрін өздері ойлап таба ма?» деп таңырқап жүретінмін. Қызығушылық осылай оянған еді. Кейін оны жазушы жазып, режиссер үйретіп, актерлар ойнайтынын білдік. Өзіміз жазып көрсек қалай болады екен деп драматургияға келдік. Сықақ өлеңдер жаза бастадық. Кейіннен, студенттік жылдары жазылған шығармаларымды жарыққа шығаруға асықпадым. 80-жылдары жазылған еңбектерім өзімен-өзі 90-жылдардың ортасына қарай республикалық газет, журналдарда жариялана бастады.
Ruh.kz: Кинотуындыңыздың шығуына қазіргі қазақ киноиндустриясы әсер етті ме?
Кенжебай Ахметов: Жоқ. Бұл киноны біреуге бірдеңе үйрету үшін емес, осындай бір туындыны көргім келгені үшін жасадым. Қазақ киноиндустриясына сын айта алмаймын. Өзім жаңа үйреніп жүргендіктен, біреуге береріме қарағанда біреуден аларым көп. Кино әлеміне бір төңкеріс жасайын деген мақсатым жоқ. Жасағым келді, жасадым. Оның қалай қабылдануы көрерменнің еншісіндегі шаруа. Бұл – көңілдің қалауы. Істеп көруім керек еді. Бізде мықты актерлер де, мықты режиссерлер де бар. «Мынау дұрыс емес, мынау дұрыс» деп сырттан тон пішу – әдепсіздік.
Ruh.kz: Сатира саласында да еңбегіңіз бар екенін білеміз. «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде» жалғыз емес шығар?
Кежебай Ахметов: Бала кезімде «сықақ өлеңдер» дейміз бе, «мазақтау» дейміз бе, бірдеңелер жаза бастадым. Сосын олар жарыққа шыға бастады, мен дәніге бастадым (Күліп). Әйтеуір сатираның менің қолым емес екенін түсіндім. Көзқарасыма, дүниетанымыма келмейтіндей көрінді. Бірақ, сынап жібері, қатты айтып қалу маған жат емес. Салмақты сатира көпке ұнамайды. Аталған сатира 87 жылы жазылған шығарма. Қоғамда кездесетін оқиға. Мүмкіндігі бар біреудің алдында өмірлік ұстанымын, түсініктерін, сезімін сатып жібере салатындай жағымпаздық жазылған. Иісі шығып, бұрқырап тұрған дүниені сезбегендей болу айтылады. Әкесі өліп жатқанда той тойлап жүрген жақындары туралы, өлікті жасырып қойып құдасына жағымпазданғаны туралы баяндалатын шығарма. Енді соны «бізде бұндай жоқ, бізде бұндай болмайды» деп жапқызып тастады. Шынында, содан кейін қазақ қоғамы не көрмеді. Күмбезді құлатқанды көрді, моланы тонағанды көрді. Сатира – бүгінгі болып жатқанды ғана сынау емес, болуы ықтимал дүниелерді алдын алу үшін қолданылатын құрал. Жаңағындай дүниелерді жазып, жұрттың үрейін ұшыру арқылы осындай келеңсіздікті болдырмау қажет. Сатириктерден қорықпау керек, сатириктерді ұлықтау керек.
Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайында айтарыңыз бар ма?
Кенжебай Ахметов: Бізге ұлттық құндылықты жаңғырту үшін «плакаттық ұран», «плакаттық өлеңдер» керек емес. Жасандылықты жақтаған сайын жақсылық түңіледі. Жасалып жатқандардың бәрі жақсы. Тек дұрыс ұғынса, дұрыс ұғындырса деймін. Халықтың жүз пайызы ақылды болып кетуі мүмкін емес. Елдің бәрі байып кетуі де мүмкін емес. Бірақ, тырысып көрмек әркімнің борышы. Осыған мүмкіндік жасағанның өзі үлкен шаруа.
Ruh.kz: Аға, бір өлеңіңізді оқып беріңізші?
Кенжебай Ахметов:
Қара шыбын, қаптаған қара шыбын,
Қаракердің қаузауда қарашығын.
Қара үзіп келетін қайран күндер.
Қараң болған екен-ау бар асылың!..
Қара шыбын, қаптаған қара шыбын,
Қасындасың кімнің де жарасының.
Қорым жоқта қор болған Қаракердің
Қайғысына қадалды-ау қара сұғың!
Қара шыбын, қаптаған қара шыбын!
Қара – жалқы қашанда, қарашы – мың.
Құйрық үзген жаңылып жүйрік ізден,
Құлы болған бүгін жем шарасының.
Қара шыбын, қаптаған қара шыбын!
Қара шалдың көзінің қарасымын,
Қалқаларға қалжыңдап жүрсем-дағы,
Қаймыжықтай жанымның жарасы – мың.
Қара шыбын, қаптаған қара шыбын!
Қара өлеңнің тапсам деп жарасымын,
Қараағашқа қол бұлғап кеткен едім,
Қара бастың бұл күнде адасы – мұң…
Құлы болмай бересі-аласының,
Қара өлеңнің аңсадым дара шыңын.
Қаракердің тұяғы – Керқұланың
Құйрығына жармаспа, қара шыбын!
Қара шыбын, қаптаған қара шыбын…
Ruh.kz: «Жастар жылында» жастарға айтарыңыз бар ма?
Кенжебай Ахметов: Жастарға барлығын жасап беру артық. Балық бермей, қармақ беру керек. Біліммен қаруландыру керек. Білім дипломға байланысты емес. Жасау керек. Қандай да болмасын жұмыс істеу керек. Жұмыс істеуден арланбау керек, істемей, құр жатудан арлану керек. Азаматтықты оятуымыз керек. Рухымызды оятуымыз керек. Қазақ баласы өте қабілетті. Біздің қолымыздан келмейтін дүние жоқ. Көңіліміз қаласа кез-келген істі тындыра аламыз. Осыған бала жастан үйретсе екен. Баланың болашағы ата-анасына байланысты. Бүкіл баладан «жұлдыз» жасау міндет емес. Бойында байқалған қабілетіне қарай баулыса деймін. Ата балаға сыншы бола білсе деймін.
Сұқбатыңызға рақмет!
Сұлтан Мұстафин, Ruh.kz