Жаңалық Редакция таңдауы

Көрісу күні: елордалық театрда қалай атап өтіледі?

Фото: Астана Опера

Қазақстан 14 наурызда дәстүрге сай Көрісу күнін атап өтеді. Қытымыр қысты өткерген ағайын бұл күні бір-бірінің үйіне қонаққа барып, төрт құбыласын түгендеп, амандық сұрасады. Үлкендер жастарға бата беріп, «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деген тілектер айтылады. Бүкіл елмен бірге «Астана Опера» театрының ұжымы да бұл мерекені көтеріңкі көңіл күймен атап өтпек, деп хабарлайды Ruh.kz.

Театрдың опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш Көрісу – халқымыздың ең көне дәстүрлерінің бірі саналатынын, оның мән-маңызы зор екенін айтты.

- Көрісу күні шуақты көктемнің алғашқы күндерімен сәйкес келеді. Бұл қазақ халқының даналығымен келген мейрам деп есептеймін, оның тарихы тереңде жатыр. Ертеде күзеуден қыстауға көшіп жүрген ата-бабаларымыз күн жылып, қар еріген шақта алыстағы ағайынмен сағыныса қауышып, амандық сұрасқан. Бұл мейрам адамның бойында ең ізгі қасиеттерді оятады, қоғамда, ұжымда бір-бірімізге деген сыйластығымызды арттырады, - деді Мейір Байнеш.

Ал елордалық театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев мереке қарсаңында барлық қазақстандықтарға өзінің ақжарма тілегін жеткізді:

- Барлығыңызды келе жатқан Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға тек ынтымақ-бірлік, молшылық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін. Бар қиыншылықты, уайым мен өкпе-ренішті артта қалдырып, жаңа жылға жақсылықпен, қуанышпен қадам басыңыздар! Жаңа Қазақстанымыз көркейіп, халықтың әл-ауқаты жылдан жылға артып, әлемнің озық елдерінің қатарынан көріне берейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Айта кететін жайт, Көрісу мерекесі, әсіресе, Қазақстанның батыс өңірінде кеңінен таралған. Бұл жақта оны «Көрісу айт», «Көрісу амалы» деп те айтып жатады. Осы ретте Оралда туып-өскен, қазіргі таңда «Астана Опера» театры балет труппасының солисі болып еңбек ететін Сұлтанбек Ғұмар бұл мейрамды батыс аймақтарда қалай қарсы алатыны жайлы түсіндіріп өтті.

- Бұл мереке маған бала күнімнен таныс. Оқушы кезімде 14 наурыз келгенде мектептер өзара араласып, түрлі шаралар өткізетін едік. Жалпы, Батыста Көрісу айт жақсы тойланады. Дәл осы күні барлық туған-туыс: аға-жеңгелер, келіндер, немере-шөберелер әулеттің үлкені саналатын ата-әжеміздің шаңырағына жиналып, қал-жағдай сұрасады, ақ дастарқан басында тілектерін айтады. Мұндағы мақсат – туысты біріктіру, бір атадан тараған ұрпақтарды бір-бірімен таныстыру, араларындағы достық пен татулықты арттыру. Дана халқымыз не істесе де, бәрін біліп істеген ғой. Қазір шетте жүрсек те, мүмкіндігіміз келгенше жақындарымызға хабарласып тұруға тырысамыз, - деді Сұлтанбек Ғұмар.

Театр әртістері атап өткендей, Көрісу күні секілді ізгі мейрамдар адамдарды жақындастыра түседі, ал ең бастысы осы мерекелер арқылы біз өзіміздің ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды сақтап қаламыз және оның ұрпақтан ұрпаққа жетуіне ықпал етеміз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button