Коронавирус жұқтырудың тәуліктегі өсімі қандай?

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов елде енгізілген қатаң шаралар өз нәтижесін бергенін айтты.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен осы жылдың 5 маусымынан бастап коронавирустың таралуына байланысты Қазақстан бойынша жарияланған қатаң шаралар кезеңі өз нәтижесін берді. Бүгінгі таңда аурудың тәуліктік өсімі 4-тен 1,7 пайызға төмендеді. Аурудан жазылғандардың саны 66 пайызға жетті”, – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, ол 7 өңірде 15 провизорлық стационар жабылғанын атап өтті.
“Жедел жәрдем шақырғандардың саны 40 пайызға, оның ішінде пневмония бойынша 35 пайызға төмендеді. Ауруханалар мен емханаларда бір айлық дәрі-дәрмек қоры құрылды”, – деді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, Қазақстанда 87 664 адам COVID-19 жұқтырған. 57 815 науқас аурудан айыққан, 793 адам қайтыс болған.