Жаңалық

Коронавирустан сақтайтын 10 әдет

Көктем келе күн жылынып, табиғатқа жан біте бастайтыны белгілі. Адамның да көңіл-күйі жадырап сала береді.

Дегенмен бұл маусымда кейбір аурудың қозып немесе санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы да мүмкін. Көктем шыға асқынып, жиі қылаң бере бастайтын аурулар болады. Аллергия, тұмау және тері аурулары осы қатарға жатса, одан бөлек асқазан жарасы мен психикалық аурулар да дәл осы кезеңде көбейеді. Оның себептері де түсінікті. Адам ағзасы қыстан әлсіреп шығады. Оған қоса үстіне жеміс пен көкөніс витаминдерінің күші кететін уақыт болады. Бір күн жылы болса, екінші күні аяқасты суытып кететін кезде де сақ болған жөн. Сол себепті көктемде денсаулықты күтіп ұстауға тырысқанымыз жөн болады.

Құбылмалы ауа-райында тұмаудың өршуі түсінікті жағдай. Әлсіреген ағзаға көшеде немесе көлік ішінде инфекциялық және өкпе-бронхы ауруларын  тез жұқтыру ықтималдылығы жоғары. Бірақ адам дұрыс тамақтанса, қосымша витамин қабылдаса, өз ағзасының иммунитетін күшейтсе, вирусты жолатпауға болады. Үйдегі немесе жұмыстағы бөлмені желдетіп отыру да вирустың таралуына жол бермейді.

Дәрігерлердің айтуынша психикалық дерт адамның биологиялық ритмнің бұзылуынан болады. Көктемде күн ұзарып, жарық режимі молайған тұста бұл жағдайлар жиі кездеседі. Оның алдын алу үшін кешке ерте жатып, көбірек ұйықтауға тырысу қажет. Далада таза ауада көбірек болып, дене шынықтырумен айналысу да өз көмегін тигізеді. Психикалық ауру мазаласа, тіпті дәл осы кезде бір апталық қысқа мерзімді демалыс алған да дұрыс.

Осы ауруларға қарсы тұра алу үшін айран және ірімшік сияқты сүт өнімдерін, ашыған қырыққабат, жүзім және банан жеу керек.

Елімізді былтырғы көктемнен басталған коронавирус әлегі әлі де біте қойған жоқ. Оның үстіне ақпараттық агенттіктер мен әлеуметтік желілерді байқап отырсаңыз, қазір көктем шыға Алматы қаласында аурудың үдей түскені айтылуда. Қаланың бас санитарлық дәрігері Ж.Бекшин мырза бұдан біраз уақыт бұрын ескерту ретінде айтқан да болатын. Дегенмен бұл бір қалада ғана болып жатқан жағдай деп бейжай қарауға болмайды. Сол себепті де мынандай сақтық ашараларын бұлжытпай орындасаңыздар құба-құп болар еді.

  1. Адамдармен қол алысып амандаспаңыз, құшақтаспаңыз және бетінен сүймеңіз.
  2. Қолды өте жиі жуыңыз. Әсіресе тамақ ішер алдында қолыңызды сабындап тұрып жууды ұмытпағаныңыз абзал.
  3. Қолыңызды көз, мұрын және ауыздан аулақ ұстаңыз.
  4. Түшкіргенде және жөтелгенде бетіңізді қолмен емес, беторамалмен жабыңыз. Беторамалды күнделіті ауыстырып отырыңыз.
  5. Қоғамдық орындар мен адам көп жиналатын жерге бармаңыз. Тойды доғара тұрыңыз.
  6. Басқа адамның орамал немесе тарақ сияқты гигиеналық заттарын пайдаланбаңыз.
  7. Антисептикпен смартфон немесе компьютер сияқты жиі пайдаланатын дүниелеріңізді әлсін-әлсін сүртсеңіз тіптен жақсы болады.
  8. Адамдардан мейлінше қашықта жүріңіз, жақындамауға тырысыңыз. Жақын жерлерге қоғамдық көлікке отырмай-ақ жаяу баруға тырысыңыз.
  9. Үйден шыға сала адам көп жүретін жердің бәрінде міндетті түрде бетперде киіңіз және оны жиі ауыстырып отырыңыз.
  10. Жөтеліп немесе түшкіріп жүрген адамды көрсеңіз, оның маңына мүлде жоламаңыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button