Жаңалық

«Көшпенділер» Мәскеуде

«Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында Мәскеуде «Көшпенділер» картиналар көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақ елінің көшпенділер мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, мүсін өнерін, жерлестеріміздің өнерін өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында өткен ауқымды шара Ресейдегі Қазақстан еншілігінің қолдауымен өткізілді.

Көрмеде Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Ғабдрахманов Мараттың «Көшпенділер» шағын формадағы мүсіндерінің және белгілі жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың картиналар топтамасы өнер сүйер қауымға ұсынылды.

Марат Рахматолаұлы Габдрахманов 1996 жылдан ҚР суретшілер Одағының мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері. 1996-1998 жылдар аралығында Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-ғы Нью-Йорктың «PRATT» өнер институтында білімін шыңдады. АҚШ-ның   Нью-Йорк қаласында «Renge» және «La MaMa» галереяларында көрмелері және ҚР Тәуелсіздік күніне арналған шығармашылық көрмесі Біріккен ұлттар ұйымында   ұйымдастырылды. РФ Краснодар өлкесі Сочи қаласындағы «Теңіз ертегілері» Халықаралық қар мүсіндерінің фестивалі мен Ярославль облысының Вятское ауылындағы пленэріндегі жұмыстары арқылы мәдениетіміз дәріптелді.

Суретшінің еңбектері Ақтөбе облыстық өлкетану музейінде, өнер музейінде, Атырау облыстық Ш. Сариев атындағы музейде, БҰҰ жанындағы ҚР миссиясында, Нью – Йорк, АҚШ, ҚР Тұңғыш Президенті музейінде, шет ел азаматтарының жеке жинақтарында сақтаулы.

2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Ақтөбе филиалының төрағасы қызметін атқаруда.

Көрмеге автордың қазақтың мәдениетін, тарихы мен тұрмысын айқындайтын 20 туындылары ұсынылды.

Сонымен бірге өз жеке коллекциясынан көрме ұйымдастырған Рауль Мирсажидұлы Мир-Хайдаров – танымал жазушы, 30-дан астам кітаптың авторы. КСРО ІІМ Әдеби сыйлығының лауреаты (1989), ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1999).

Рауль Мирхайдаровтың коллекциясы өте қызықты, оның жинағының негізін қазіргі заманғы суретшілер құрайды: абстракциядан, авангардтан, импрессионизмнен және дәстүрлі орыс кескіндемесіне дейін. Сонымен қатар мұнда шығыс миниатюрасының дәстүрлері мен мектептерін көре аласыз.

Суретшілердің жұмысы жоғары кәсібилікпен, кескіндеме құпияларын білумен ерекшеленеді. Картиналарда суретшілердің әлемге, туған жерінің табиғатына, адамдардың өмірге деген нәзік, сезімтал көзқарасын байқаймыз.

Көрмені кешке келген қонақтар Ақтөбе облысының әкімі Оразалин Оңдасын Сейілұлы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов,   режиссер Тимур Бекмамбетов және қазақ диаспорасының өкілдері тамашалады.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button