Күнтимес – Шоқан Уәлихановтың туған жері
Нысан мерзімі: XIX ғасыр.
Нысанның орналасқан жері: Сарыкөл ауданы, Күнтимес ауылы.
Күнтимес – Сарыкөл ауданының қарағайлы орманды, дала алқабындағы табиғаты көркем жер. Осы жерде Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың тұрағы болған. 1835 жылы оның баласы қазақтың ұлы ғалымы, дипломат, қоғам қайраткері, ағартушы және саяхатшы Шоқан Уәлиханов дүниеге келген. Нәрестеге Мұхаммедқанафия деген араб есімі берілген. Кейінірек оның анасы еркелетіп ойлап тапқан қысқартылған Шоқан есімі оған берік бекіді. Ш. Уәлиханов әуелі Күнтиместе, кейін Құсмұрында қазақ мектебінде оқып арабша хат таниды. Дәстүр бойынша «жеті жұрттың тілін білуге» тиісті хан баласы Шығыс тілдерінен араб, парсы, шағатай тілі және Орта Азияның түркі тілдерін меңгерген. Жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз, әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен. Шоқан бала жасынан ауызша және музыкалық халық шығармашылығына, сондай-ақ сурет салуға ерекше қызығушылық танытты. Табиғатынан зерек, алғыр болған.
Күнтимес ауылында күні бүгінге дейін, шамамен, Уәлихановтар отбасы тұрған еуропалық үлгідегі үйдің іргетасының қалдықтары сақталған. Сонымен бірге су ішетін және малдың су ішетін құдықтарының орны, қираған мешіттің бұрынғы тастары сақталған.