18 Маусым, 2020
Құламерген жыры (толық нұсқа)

«Дала фольклорының антологиясы» жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінде көтерген бастамасымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылды. 

«Құламерген» – ежелгі мифтік-ертегілік сарындары басым, түрлі сиқырлы күш иелері әрекет ететін көне эпосқа тән сипаты айқын жыр үлгісі. Онда матриархат дәуірінің нышандары байқал-ғанмен, негізінен қоғамдағы ер адамның рөліне ерекше басымдық беріледі. Бұл ретте аңшылық кәсіп мергендікпен сабақтасып, ба-тырлыққа ұласады. Құламерген де, оның ұлы Жоямерген де жеке бастарының, отбасының, өз жұртының қауіпсіздігін алдыңғы ке-зекке қояды. Жауларымен сол мүдде үшін шайқасқа түседі. Бұл – жыр оқиғасының атаеркі дәуірінде қалыптасқандығын аңғартады. Сюжет желісінің кейбір оқиғалары жер астындағы (төменгі әлем) жыландар патшалығында өтуі де эпостың архаикалық си-патын айқындай түседі. Дегенмен шығарманың мазмұнындағы дү-ниені адал мен арам, адамды дос пен қас деп ұғындыратын эпизод-тардан мифтік, ертегілік сананың бірте-бірте қаһармандық эпос-қа көшу эвалюциясының бастапқы үдерісін көрсетеді.

ХІХ ғасырдың аяғында эпостың омбылық Әбдірахман Бектасов жырлаған алғашқы нұсқасы Қазанда бірнеше рет (1889, 1909, 1912) жеке кітап болып басылды, кейін «Батырлар жыры» жинақтарын-да (1964, 2008) жарияланды. Еліміздің сирек қолжазбалар қорында І. Молдажанов, Ғ. Мұстафин, С. Дайырбеков, Б. Сүлейменов жет-кізген шығарманың өзге де 5 нұсқасы сақталған. «Құламерген» жыры М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Р. Бердібай, С. Қасқабасов, Ш. Ыбраев сынды ғалым-дардың еңбектерінде зерттелген.

Томды баспаға дайындау барысында оның барлық қолжазбалары сараланып, Қазан нұсқасы (1889) таңдалды. Түпнұсқа Орталық ғы-лыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған (849-Вост.).


...Тыңдаңыз, Құламерген бұрын өткен,

Ақырда мұратына о да жеткен. 

Мұхиттың Ғазар деген аралында, 

Өнерпаз мергендікпен кәсіп еткен.

Астында Құлагер ат мініп жүрер,

Құс алып, қаршыға сап, дәурен сүрер.

Қызықтың неше түрлі бәрі өзінде, 

Бүркіт пен күндіз-түні ит жүгіртер.

Күнайым сұлу деген қатыны бар,

Шәрипа жеті жаста бір қызы бар.

Күнайым талай жаннан көркем екен,

Қараса, көркемдігі Күнді тұтар.

Үш жаста Жоямерген ұғылы бар,

Ақырда бұлардың да қызығы бар. 

Күнайым ақ ордадан бір күн шығып, 

Дариядан жез құманмен су алдылар.

Құманға суды келіп құйып алды,

Алтын шаш жуайын деп суға салды. 

Ғажайып шашын жуып отырғанда, 

Дарияға шашы жидіп кетіп қалды.

Алтын шаш дарияға ағып кетті,

Күнайым қайғыланып, зар еңірепті.

Күнайым ақ ордаға қайтып келіп,

Мергенге оқиғасын баян етті.

Сөз сөйлер Күнайымға Мерген тұрып,

Айтады шаштың жөнін баян қылып.

Ал, батыр қатынына сөз сөйлейді:

«Тыңдашы, әй, Күнайым, мойның бұрып.

Япырым-ай, мынау шашың болды жаман,

Мұндайға кез келтірді Хақ Тағалам.

Еш пенде алтын шашың көрген емес,

Бұл шашты ғашық болар көрген адам.

Тыңдашы, сөз сөйлейін саған, – деді,

– Ұстауға келмеді ме шамаң? – деді.

– Шашыңды бұл дүниеде көрген пенде 

Ғашық боп, өш болады маған», – деді.

Тамамдап Мерген сөзін айтып бітті,

Дарияға шашы жидіп ағып кетті.

Мұхиттың жағасында Бұлғар шаһар,

Шашы ағып, сол шаһарға келіп жетті.

Дарияда балық аулар бір шал бар-ды,

Ауына дариядағы көзін салды.

Алтын шаш ауына кеп оралыпты,

Ауынан әлгі шашты жазып алды.

Шал көріп, әлгі шашты жазып алды,

Алдына падишаның алып барды.

«Ауыма ілініпті бұл алтын», – деп,

Тарту ғып падишаға бере салды.

Өрілген алтын шашты патша көрді,

Неткен шаш ол екенін еш білмеді.

Ап келген әлгі алтынды ғаріп шалға

Мың тіллә қазынадан алып берді.

Падиша сонда халқын жиып алды,

Алдына халайықтың шашты салды.

«Не нәрсе екенін кім тауып берсе,

Жетер, – деп, – арманына» сөз сөйледі.

Жиып ап тамам халқын ақылдасты,

Ұйғарып әр нәрсеге, жақындасты.

Дүниенің жамандықпен түбін тескен

Бір кемпір сонда отырып тақылдапты.

 

«Әй, патша, мен сөйлейін саған, – дейді,

– Не нәрсе екенін мен табам, – дейді.

– Тілегім дүниедегі менің осы –

Некелеп ұлың қоссаң маған», – дейді.

Бұл сөзін ол Құртқаның патша көрді,

Кемпірдің айласына көз жіберді.

Қайта алмай айтқан сөзден енді патша,

Кемпірдің ол тілегін бермек болды.

 

Ал сонда Құртқа шешең сөз сөйлеген:

«Бар, – деді, – бұл мұхитта Құламерген,

Күнайым шашы алтын қатыны бар,

Білмесең, сол сұлудың шашы», – деген.

 

Патшаға ол алтынды айтқан тауып,

Падиша кетті сонда көңілі ауып.

Падиша сонда отырып арыз қылды,

Қайтадан тағы жұртын жиып алып.

 

Падиша алтын шашқа болды ғашық,

Есінен айтқаннан соң кетті адасып.

Құртқаға сонда тұрып сөз сөйлейді:

«Азғырып соны маған, қылшы нәсіп».

 

Шешеңіз мұны естіп, оңтайланды,

Бір қайық шеберлерге ыңғайлатты.

«Патшаны арманына жеткізем», – деп,

Ол Құртқа қайығына мініп алды.

 

Дарияға қайық мініп кетті серпіп,

Үш күнде келді залым ағылдырып.

Дариядан бір күн шығып, талып жатты,

Аралға Ғазар деген келіп тұрып.

 

Күнайым бір күн суға келіп қапты,

Кемпірді талып жатқан тауып апты.

«Мергенім көрсе мұны өлтірер», – деп,

Әкеліп, абдыраға1 мықтап сапты.

 

Бір күні Мерген аңға кетіп қалды,

Ал Құртқа азғыруға ой ойлады.

«Күнайым, бұ сөзіме құлақ сал», – деп,

Отырып кемпір залым сөз сөйледі.

 

«Тыңдашы, әй, Күнайым, менің сөзім,

Айтқалы бір кеңесті келді кезім.

Көрген жан бір қарайтын, тыңдасаңыз,

Жасымда көркем едім менің өзім.

 

Көрген жан маған ғашық болушы еді,

Сарғайып зағыпырандай3 4 солушы еді.

Қарамас осы кезде жалғыз адам,

Қайтейін, сол заманым өтті», – деді.

 

Күнайым сонда отырып сөйлер сөзін,

Шашы ұзын ұрғашының азғырлығын:

«Мен дағы қартаям ба сіздей болып,

Қаңғырып бір аралда өтті күнім».

Қатынды азғырылған кемпір білді,

Жылмыңдап әлгі залым қатты күлді.

«Ғейш-ғишрат1 жас күніңде қыла алмасаң,

Дәуренің мендей болып өтер», – деді.

 

Әлқисса, Құртқаның Күнайымға айтқан сөзі:

Кемпір сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: 

«Әй, Күнайым, құлақ сал, 

Айтқан сөзді ұғып ал. 

Бұлғар деген шаһарда 

Асым атты патша бар. 

Салтанаты артық-дүр, 

Жете алмас оған мың мен сан. 

Қырық уәзірі қаста бар, 

Алтын айдар баста бар, 

Келтіре алман ауызбен, 

Күндіз-түні аулар аң. 

Сол патшамен қосылып, 

Ғейш-ғишрат дәурен сал. 

Екі жасты қосқанға 

Бұ дүниеде сауап бар. 

Қосылуға сен соған 

Жаһаттанып ойыңа ал. 

Шамам келсе, иншалла, 

Асым деген патшаны 

Шаһарға барып азғырам. 

Мергендігі болмаса, 

Байыңда қанша өнер бар. 

Тең емес саған күйеуің, 

Соның үшін айтам зар».

Әлқисса, Күнайымның берген жауабы:

Күнайым сонда отырып сөз сөйлейді:

«Сөйледің жаның ашып маған, – дейді.

– Мергенге Асым патша әлі келмес, 

Келсе де қырар қанша адам», – дейді.

Құртқаның сонда жауап айтқан сөзі,

Бек аяр амалшы еді оның өзі.

«Мергенің ондай күшті батыр болса,

Ұйықтайтын бар ма, – дейді, – оның кезі?»

Күнайым сонда тұрып жауап айтар:

«Шешеке, осы жерге қылдың сапар, 

Ішінде әр жұманың дүйсенбі күн 

Мергенім үш күн, үш түн ұйықтап жатар.

Әскерің дүйсенбі күн келсін, – дейді,

– Қай жерде Құлагер ат көрсін, – дейді.

– Төбеде қылыш жатса, аты сыртта,

Сол кезде келген әскер енсін, – дейді. –

Байланса Құлагер ат босағаға,

Сүйеулі тұрар бірге қылышы да.

Сол кезде келген әскер көзге түссе,

Жаныңнан, жиылған жан, үміт қылма!»

Соны естіп, қайығына кемпір мінді,

Өзінің шаһарына қайта жүрді.

Осылай оқиғаның бәрін теріп,

Патшаға Құртқа шешең айтып берді.

Падиша естіген соң оңтайланды,

Шеберді шаһарында жиып алды.

Бір кеме шеберлерге жасаттырып,

Жиғызып үш жүз палуан даярланды.

Кемеге жүрмек болып мініп алды,

Ақылшы қырық уәзірін бірге салды.

Кемеде үш күн, үш түн бұлар жүріп,

Мергеннің аралына жақындады.

Аралға кеме кіріп жақын келді,

Байлаулы сыртта тұрған атын көрді.

Жануар жауды біліп, Құлагер ат

Пысқырып иесіне хабар берді.

Ал сонда Мерген шошып оянады,

Қойыны көз жасымен боялады. 

«Атыңды босағаға байлайын», – деп, 

Ойына қатын сұмдық сонда алады.

«Байла», – деп Мерген айтып салды дейді,

Далаға қатын шығып барды дейді.

Кер атты бір аулаққа байлап қойды,

Қауіпсіз Мерген ұйықтап қалды дейді.

Сол кезде үш жүз палуан кіріп келді,

Мергенді ұйықтап жатқан көзі көрді.

Оянды ұйқысынан сонда батыр,

Жабылып үш жүз палуан байлайды енді.

Жабылды үш жүз палуан келіп қалып,

Мойнына темір шынжыр арқан салып. 

Байлады үш жүз палуан көптігімен, 

Байлауда тұрды Мерген ол шіреніп.

Бұлқынып шыдай алмай Мерген тұрды,

Өзінің байланғанын көзі көрді. 

Ақырып, қаһарланып ұмтылғанда, 

Байлаған арқандарын дал-дұл қылды.

Арқанның үзілгенін бұлар көрді,

Ұстауға айла қылды әрбір түрлі.

«Еш нәрсе мұнан басқа бекітпес», – деп,

Күнайым бір арқанды әкеп берді.

Падиша байлатады жолдасына,

Батырды байлап сонда қоймасын ба. 

Байласып әлгі арқанмен қойған шақта, 

Қар терісі сыпырылды қол басына.

Байланып тұрды сонда көзі жайнап,

Падиша көп батырды алған сайлап. 

Алдында есігінің бір бәйтерек, 

Апарып сол ағашқа қойды байлап.

Апарып бәйтерекке байлап кетті,

Падиша палуандарын сайлап кепті.

Байлаған биік таудай бәйтерегін

Жұлып ап орныменен жөнеліпті.

Күнайым сонда отырып сөз сөйледі:

«Тыңдаңыз құлақ салып сіздер, – деді.

– Ақ орда алты қанат босағасы

Бекітер, білмесеңіз, мұны», – деді. –

Қор болмас жамағаттар, тілімді алса,

Жабылды Мергеніңе палуан барша. 

Еш нәрсе бекітпейді мұнан басқа, 

Босаға оң жағына байламаса».

Мергенді босағаға салды байлап,

Жатады босағада көзі жайнап.

 

Өзгесін келген әскер қайтарады,

Қырық уәзір падишамен жатыр ойнап.

Құдайым кез келтірді мұндай істі,

Кеш болып, патша ол күн һәм қоныпты. 

Ұйқыда патша, ханым жатқан шақта 

Мергеннің қызы жылап ояныпты.

 

Әлқисса, Құламергеннің қызын жылап шақырғаны:

Құламерген ал сонда Қызын жылап шақырды, 

Қайғыменен аһ ұрды: 

«Қарағым, қалқам, қандаймын, 

Зар болып, саған зарлаймын. 

Сендерді, қалқам, көргенде, 

Боталаған нардаймын. 

Маңдайыңнан иіскетші, 

Бұл опасыз дүниеде 

Арманда болып қалмайын. 

Айналайын Шәрипа, 

Қасыма менің келсеңші, 

Маңдайыңнан сүйгізіп, 

Тілегімді берсеңші. 

Жеткізер Жаппар Құдайым, 

Тіл тигізбей, жылайын. 

Қасыма келші, қарағым, 

Мен армансыз болайын».

Осылай сөйлеп зарлады,

Тап-тақаты қалмады.

Шәрипа қызы дұшпан боп,

Әкесінің бұ сөзін Құлағына алмады.

 

Әлқисса, Шәрипа қыздың берген жауабы:

 

Шәрипа сонда тұрып сөз сөйлеген: «Сен емес менің атам, Құламерген! Сөзіңнің бұл сөйлеген керегі жоқ, Төсекте атам жатыр шешемменен».

 

Шәрипа бұ сөзді айтып жүріп кетті, Қарамай атасына тұрып кетті. Көрген соң Құламерген мұндай істі, «Құдай-а, не жаздым?!» – деп зар еңірепті. 

Жөнелді қарамастан әлгі қызы,

Алланың бұл да болса бір жазуы.

«Төсекте менің жатыр патша атам», – деп Жөнелді, осылайша айтқан сөзі.

Зарлады Құламерген бір Аллаға, Құданың құдіретіне бар ма шара?! Зар жылап Құламерген жатқан шақта, Оянды Жоямерген ұғылы жаңа.

Әлқисса, Құламергеннің ұлын шақырғаны:

Құламерген ал сонда Ұлына қарап, жылады, Көзінің жасын бұлады.

«Айналайын жан ұлым, Маңдайыңнан иіскет», – деп, Қатты зарлық қылады.

Жоямерген ұғылы Сонда зарлап барады.

Атасының алдына Зарлап жүгіріп келеді, Келіп сөйлей береді:

«Айналайын жан ата, Тым болмаса он жасқа Балиғ болып келмедім. 

Байланған сенің кезіңде Соғысып бірге жүрмедім». Осылай зарлап сөйлейді: «Босатар едім мен сізді, Шешуге халім келмейді».

Сабыр қып Жоямерген тұрады енді, Бір кеңес Құламерген құрады енді: «Атамның алтын сапты қынын9 10 бер», – деп, Шешеңнен соны сұрап, жыла», – деді.

Зар жылап Жоямерген жүріп кетті, Алдына шешесінің барып жетті.

«Ат қылып сапы11 қынын ойнаймын», – деп, Барды да шешесіне талап етті.

 

Падиша төсегінде сөз сөйледі:

«Не нәрсе сұрағаны мұның? – деді. – Бері қарай жарым түннен мазамды алды, Жылатпай сұрағанын бергін», – деді.

Балаға сапыны алып, қынын берді, Ол бала ат қып ойнап, біраз жүрді.

Әрі-бері ойнап жүріп, әлгі қынды Алдына Құламерген әкеп берді.

Мергенің сапы қынын алды қолға, Көріңіз не қылғанын әуелінде.

«Қатынға қойныңдағы сенбе» деген, Бір қару пышағы бар бір жерінде.

Қатынға қойнындағы сенбейді екен, Ол пышақты Күнайым көрмейді екен. Жасырған қында пышақ барын білсе, Күнайым Мерген қынын бермейді екен.

Баласы қынды әкеп, ашып берді, Тығулы ол пышағын көзі көрді. Баласы ол пышақты алды-дағы, Арқанның бір жерін кеп кескіледі.

Жад қылып Мерген тұрды бір Алланы, Бір жері арқанының кесіледі.

«Құдай-а, бергеніңе мың шүкір!» – деп, Арқаннан халас12 болып босанады.

Босанып, бір Аллаға шүкір қылды, Жағалай қырық уәзірдің бәрін қырды.

Бәрін де уәзірлердің тамам қырып, Орнына байланғандай қайта тұрды.

Айламен босағада қайыра отыр, Падиша Күнайымға сөйлейді сыр.

Сөйлесіп патша, қатын жатқан шақта, Батырдың мынау айтқан жауабын көр:

«Әй, патша, білгенімді қылыппын, – дер, – Орнымнан мен түсімде тұрыппын, – дер. – Босанып арқанымнан мен түсімде, Жағалай қырық уәзірді қырыппын», – дер.

Падиша тұра келіп, қаһарланды, Қылышын ашуланып қолына алды.

«Жайыңа к...ті қысып жатпайсың», – деп, Қасына «өлтірем» деп жетіп барды.

Сол кезде батыр тұрып ашуланды, Маңдайға жұдырықпен қойып қалды.

Бір ұрған жұдырығын көтере алмай, Падиша жатқан жерде дүние салды.

Патшаны өліп қалған қатын көрді,

Бір Аллаға жалынып, жылайды енді.

«Иә, Алла, бергеніңе шүкірлік», – деп, Қауіпсіз Мерген ұйықтап жата берді.

Біліңіз не де болса жалғыз Хақтан, Қауіпсіз Мерген үш күн ұйықтап жатқан.

Оянды ұйқысынан Мерген сонда, Ағарып күншығыстан таң кеп атқан.

Қызарып таң атқан соң күн де шыққан, Күнайым ұялғаннан қайғы жұтқан.

Шәрипа, Күнайыммен қосақтап ап, Жөнелді өткізіп ап арал жақтан.

Мінгесті Жоямерген ат беліне,

Қатынды енді айдады төркініне.

Үш айдай қосақтаулы қатын-қызын Өзінің айдап барды төркініне.

Үйіне атасының Мерген келді,

Баласын, жиенімен көзі көрді.

«Не жаза қылды саған, шырағым?» – деп, Мергеннен атасы да сұрай берді.

Ал батыр баяндады сонда тұрып,

Атасы мәні-жайын алды біліп.

Не түрлі бейнеттерін бастан-аяқ

Сөйледі атасына баян қылып.

Күнайым, Шәрипамен асты дарға, Жеді миын шашып құзғын, қарға.

«Жоқ деген аққа зауал», әй, жарандар, Жақсылық сөйтіп берсін әрбір жанға.

Мұратқа сабырлықпен жетті дейді, Жамандық өздеріне кепті дейді.

Тағы да Баллу Маржан балдызы бар, Мергенге соны неках13 етті дейді.

Мергенге кіші қызын неках қылды, Өткізді қайынында дәл төрт жылды. Одан соң бес жыл тұрып және тағы, Тоғыз жыл үшбу жерді мекен қылды.

Бір күні атасына Мерген келді, Алдына атасының сәлем берді. «Әркімнің үйренген жер Мысыр шаһар, Өзімнің аралыма барам», – деді.

Осылай атасына сөйлер кеңес, «Тұрғаным осы жерде бір жөн емес».

Атасы күйеуіне рұқсат берді, Өзінің аралына барам деген.

Қайтам деп Жоямерген отырады, Жиенін сонда атасы шақырады.

Тоғыз мың жылқысы бар атасының, Ішіне көп жылқының апарады.

Жиенін жылқыға ертіп келді дейді, Бір шұбар Ділдәш деген берді дейді. Шұбардың жайын айтып нағашысы Балаға Жоямерген сөз сөйлейді.

Әлқисса, нағашысының айтқан сөзі:

«Ділдәш атым бергенім – Жаратып атты көр дедім. Сұрап келді көп батыр, Бәріне соның бермедім.

Алла жазды Ділдәшті, Жиенім, саған бергенім. Жануардың жүрісін Бір мініп өзім көрмедім.

Алты басар айлықты,

Тыңда, балам, Мергенім!»

Сол жерде Жоямерген оңтайланды, Қасына Ділдәш аттың жетіп барды. Иесі келгеннен соң Ділдәш аты Иіскеп ол баланы, тұра қалды.

Жүгендеп, Ділдәш атқа алды мініп, Қайырадан әкесіне келді жүріп. Енші алып атасынан Құламерген, Жөнелді аралына сапар қылып.

Жөнелді амандасып Баллу Маржан, Көш жүріп, орта жолға келіп қалған.

Алдында Құламерген келе жатып,

Жас бала жылап жатқан тауып алған.

«Баланы, – Баллу Маржан, – алма, – деді, – Бәлеге бала алам деп қалма, – деді. – Дүниеде дұшпаның көп батыр едің, Өзіңе-өзің қайғы салма», – деді.

Сол жерде Құламерген сөз сөйлейді; «Алмаспын қатын тілін», – деп сөйлейді, «Алам деп апаң тілін қапа болғам», – Мергенің бұл сөзді айтып, жүре берді.

Көтеріп ол баланы жерден алды, Алды да қанжығаға байлап салды.

Пысқырды Құлагер ат бір кездерде, Сол жерде Құламерген қайран қалды.

Артына сасқанынан тұрды қарап, Көңілі қорыққанынан әрбір тарап.

Садағы, найза, мылтық – бәрі де жоқ, Жас бала түсіріпті ол сиқырлап.

Әлқисса, жолдағы баланың не нәрсе екендігі жайлы:

Сөйлейін енді, жарандар, Сөзім тыңдап қараңдар. Бұлғар деген шаһарда Күнайымды азғырған Құртқа деген кемпір бар. Сол кемпірдің шешесі – Жеті басты жалмауыз Жер астында тұрған-ды. Сол кемпірдің баласы – Орақ деген ұлы бар. Қанын іздеп патшаның Орақ батыр келген-ді. Келе жатқан Орағың Мергенді тани қалыпты, Жас бала болып сиқырмен,

Жолда жата қалыпты. Мерген тауып алыпты, Сауыт, сайман, қылыш, оқ Сиқырменен Орағың Бәрін түсіріп қалыпты.

Жоямерген сол кезде Жан-жағына қарады.

Бір тау келед қимылдап, Тамаша-қайран қалады.

Жоямерген ал сонда:

«Атеке, жақын кел, – дейді. –

Бір тау келед қимылдап,

Осы тауға барайын, Рұқсат маған бер», – дейді.

Рұқсат алып Мергеннен

Тауға кетіп барады.

Жүріп келед үлкен тау,

Тау дегені – бір батыр, Келіп, көзін салады.

Аспанменен күрескен,

Бұлтпенен тірескен,

«Сақтай көр, – деп, – бір Алла!» – Құдіретке қылды нала.

Жоямерген ал сонда:

«Алыспақ саған керек пе, Иә болмаса, атыспақ?» –

Бұлай сөйлей салады.

Орақ батыр менсінбей,

Қыртыстап көзін қарады.

Ашуланып ал бала,

Піл үстінде Орақтың

Белбеуінен алады.

Жоямерген қаһармен

Қатты тартып қалғанда Пілден түсіп қалады.

Аттан түсіп екеуі,

Енді күрес салады.

Екеуі бір-біріне жетіп келген,

Батырға таудай талап Құдай берген. Орақпен үш күн, үш түн сонда алысып, Қайратын бір-бірінің көзі көрген.

Екеуі үш күн ұдай алысыпты, Көшіріп жер-дүниені салысыпты.

Жас бала күші толған мезгілі емес, Қалжырап, тал шыбықтай майысыпты.

Сол кезде Құламерген жетіп келген, Шаршаған жас баласын көзі көрген. «Табайын мұның жайын, жан шырағым, Орақты енді маған берші», – деген.

Сол жерде Жоямерген қаһарланды, Қызарып екі көзі оттай жанды. Тіресіп жүрген батыр өзі дендеп, Орақты жерден тартып жұлып алды.

Көтеріп оны жерден жұлып алды, Батырды айналдырып жерге салды. Семсермен басын кесіп домалатып, Өзінің әскеріне жібереді.

Лақтырды басын кесіп әскеріне, Қараңыз өнер қылған қаһарына. Әскерден бас тиіп, бес кісі өлді, Қараңыз кез келуін ажалына.

 

Әлқисса, Жоямергеннің жауға кіргені:.

Жоямерген ал сонда Жауға таман жүреді, Сайманын алып Орақтың, Желігіп жауға тиеді. Көп қойға келді бір қасқыр, Бір шетінен кіреді.

Мылтық жеткен жер болса, Атып кетіп барады, Садақ жеткен жер болса, Тартып кетіп барады. Ділдәш аты жануар Кезі келген жауларды Тарпып кетіп барады. Үш мыңдайын әскерді Қырып кетіп барады. Өз білгенін Мергенің Қылып кетіп барады. Үш күн, үш түн қырады, Төртінші күн болғанда Үш мыңдайын әскерді Тәммат тамам қылады. 

Сол уақытта қараса,

Болған екен тамаша,

Үш мың әскер таусылып,

Өзі қапты оңаша.

Бір үш адам қалыпты,

Оны да ұстап алыпты.

Құлағын кесті құнтитып,

Мұрнын кесті тымпитып, Сақал-мұртын күзеп ап, Қойды үшеуін шұнтитып.

«Еліңе барсаң, сәлем айт», – деп, Қоя берді сымпитып.

Әлқисса, Мергеннің аралына көшіп барғаны.

Бұл жерден жауын қырып, көшіп кетті, Өзінің аралына барып жетті.

Қызықпен неше түрлі аңын аулап, Өзінің аралында мекен етті.

Мергеннің аралында жүрген кезі, Қызықпен аңын аулап жүрген кезі. Аң аулап Құламерген жүре тұрсын, Келеді үш кісінің біраз сөзі.

Үшеуі құнтиысып жетті еліне, Өзінің Бұлғар деген елдеріне.

Қырғанын осылай деп бастан-аяқ Сөз сөйлеп, баян қылды жерлеріне.

Патшасы бұл қырғынды есітті анық, «Қалайша қырған?» – дейді қайран қалып. «Мергеннен не қылсаң да өшіңді ал», – деп, Жіберді жалмауызға хабар салып.

Жалмауыз бұ хабарды есітіпті,

Орақты естіген соң есі кетті.

«Қаныңды, Құламерген, ішермін», – деп, Мініп ап, желмаямен жөнеліпті.

Баласын есіткен соң кетті жүріп, Тұрмайды орта жолда еш кідіріп. Қарайды Құламерген сонда үйін, Аралға Ғазар деген келіп тұрып.

Әр жерден Мерген үйін қарап жүрер, Ол залым жамандықтың бәрін білер.

Жалғызы Орақ батыр өлгеннен соң Бұған да кемпір қайтіп сабыр қылар.

Аралап Ғазар арал келді дейді, Келген соң ақ орданы көрді дейді.

Алдына ақ орданың жақын келіп,

«Қайда, – деп, – Құламерген?» сұрақ қойды.

Далаға Баллу Маржан сонда шықты, Көрген соң жалмауыздан бек қорықты. Бар екен бір денеде жеті басы, Үйінен қорыққаннан шыға алмапты.

Шыға алмай Баллу Маржан үйде тұрды, Сөз сөйлеп, мыстан кемпір сонда ақырды. «Күйеуің Құламерген қайда кетті? Айтпасаң, жұтамын», – деп жауап күтті.

Бейшара қорыққаннан жауап берді: «Мергенім баласымен аңда», – деді. «Соғысам бесінші күн Қаратауда», – Жалмауыз бұ сөзді айтып жүре берді.

Аң аулап Құламерген келді мұнда, Айтады кемпір сөзін Маржан сонда.

Көтеріп оң қолымен көзін сүртіп, Жылайды кемпір жайын айтып онда.

Сонда Мерген сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: «Баллу Маржан, құлақ сал, Айтатұғын сөзім бар, Бір денеде малғұнның Жеті басын көрдіңдер, Әр басында кемпірдің Жүз кісінің күші бар. Өліп қалған Орағың Сол кемпірдің баласы, Құртқа деген бұл кемпір Үш жүз жасқа барғаны. Күнайымды азғырып, Әуелде қорлық салғаны, О да соның бәлесі, Сөзімнің жоқты жалғаны. Тобылғы менен мейіз сал, Бір тоқымды сырығын. Осылайша амал қыл.  

Бұл кемпірден қашамын.

Өзіме азық – мейізің,

Кер атқа азық – тобылғың».

Тоқымын айтқан бітірді, Кер атқа мініп ол тұрды.

Кер атқа мініп тұрады, Көзінің жасын бұлады. «Кемпір келсе, артымнан, Жолыма салып жібер, – деп, – Тәуекел!» – деп шығады.

Тұрады Құламерген атын мініп, Жылады баласына зарлық қылып: «Әгарда кемпір келсе, ізіме сал, Пәлеге қала көрме қарсы тұрып».

Зарланып Құламерген көп жылады, Қайғысын қатын-бала жеп жылады.

«Аман бол, Жоямерген, жалғызым», – деп, Бет қойып жапан түзге жөнеледі.

Жөнелді Құламерген мауқын басып, Қалыпты қатын-бала зар жыласып. Тағы да үш күн, үш түн өткеннен соң, Бір күні кемпір келді асып-сасып.

Жалмауыз жетіп келіп, ақырады,

«Қайда, – деп, – Құламерген?» шақырады. Кемпірді қаһарланған көргеннен соң, Бейшара Баллу Маржан қалтырады.

«Айт, – деді, – қайда кетті Құламерген? Ішкелі оның қанын мұнда келгем.

Айтпасаң, балаңменен жұтамын», – деп, Ақырып, айбаттанып жақын келген.

Шыдамай айбатына жаман састы,

«Қашты, – деп, – Мерген батыр» айтып сапты. Көрсетті Құламерген келіп ізін,

Қазылған жүрген жері жерошақ-ты.

Ол кемпір желмаямен кетті қуып, Артынан жете алмады бір ай жүріп.

Және де екі ай қуып желмаямен, Төрт айда жете алмады жақын-жуық.

Бес айдай сонда малғұн қуалады, Артынан сонша қуып, жете алмады. Тұрғанда алтыншы айдың жүзін көріп, Қарасы Құламерген бұлдырады.

Жалмауыз біраздан соң жетті жуық, Ол залым жақындады алты ай қуып. Сол кезде биік тауға жеткен жақын, Айнала Орал тауды қашты жүріп.

Айнала Орал тауды қашты бұғып, Артынан жақындады кемпір қуып.

Мейізді тоқымдағы өзі нәр қып, Жүреді тобылғысын атқа беріп.

Мергенің Орал тауда қашып жүрді, Қысылып жалмауыздан, сасып жүрді. Батырың Орал тауда жүре тұрсын, Естіңіз қатынынан біраз сөзді.

Бір күні Маржан сұлу ұйықтап жатқан, Біраз түс ұйықтап көрді Мерген жақтан. Шақырып Жоямерген қасына алып, Мәнісін көрген түстің оған айтқан.

Әлқисса, шешесінің көрген түсін баян қылғаны:

– Жоямерген, құлақ сал, Сөзімді айтқан ұғып ал, Әкең сорлы кеткелі Ұйқы көрмей жүрдім мен. Бүгін түнде ұйықтап ем, Әкең маған сөйлеген: «Жоямерген жалғызым, Бұл жалғанда арманда Мені мұндай қылғыздың. Алты ай болды көрмедім, Жүзіңді көрмей, еңіредім. Бір көрсем, қалқам, жүзіңді Армансыз болам мен, – дейді. – Тілегім берсін бір Құдай, Құла да атым арыды-ай. Мойным болған ырғайдай, Битім болған торғайдай, Кемпір жетті жақындап, Көрем бе, – деп жылайды, – Жоямерген жалғызды-ай».

Сөзіме менің құлақ салғын, балам, Әкеңе осы кезде барғын, балам.

Берейін жөнін айтып, Жоямерген, Әкеңнің сен жүзігін алғын, балам.

Барасың жүзік алып, Орал тауға, Көрінер әкең қашқан қарсы алдыңда. Жүзікті қарсы алдына тастай берсең, Әкең де қайраттанар біліп сонда.

Әкеңіз жерден сонда жүзікті алар, Сол кезде барғаныңды біліп қалар.

Кер аты астындағы о да біліп, Жануар құстай ұшып, қаһарланар.

Кетеді әкең асып сонда қырдан, Артында жақын келер кемпір қуған.

Алтын оқ мен беремін садағымен, Кемпірді атып қалғын дәл маңдайдан.

Жығылып кемпір сонда қайғы ойлайды, Малғұн сонда жатып, сөз сөйлейді.

«Ер болсаң, Жоямерген, екі атқын!» – деп, Жалмауыз сонда жатып айқайлайды.

Бір атқан жалғыз оғың жетер, – дейді, – Жаны оның жаһаннамға кетер, – дейді. – Екі атпа, сөзімді ұқсаң, Жоямерген, Өлтіріп екеуіңді кетер, – дейді. –

Шырағым, мен сөйледім, тілімді алсаң, Әкеңе сәлем айтқын бізден, барсаң.

Бар енді, жолың болсын, жан шырағым, Әкеңді өлтіреді көп кешіксең.

Ділдәшқа мініп алды Жоямерген, Қоштасып шешесімен, жүре берген.

Жүрісі жануардың сондай қатты, Оралға он күн жүріп жетіп келген.

Оралға он күн жүріп жетіп келді, Әкесін қашып жүрген көзі көрді.

Жүзігін қалтасынан алды-дағы, Алдына атасының тастай берді.

Жүзікті көріп Мерген, жерден алды, Жануар Құлагер ат қаһарланды.

Жүзікті Құламерген алған шақта, Ғайып боп көз ұшында кетіп қалды.

Ақырып кемпір сонда келе жатты, Артынан арқан бойы жақындапты. Айқайлап Жоямерген ақырғанда, Балаға сонда кемпір жалт қарапты.

Маңдайда жалғыз көзден қалды басып, Жығылды сонда кемпір омақасып.

«Ер болсаң, Жоямерген, екі атқын!» – деп, Жатады сонда малғұн қарсыласып.

Жатады сонда кемпір ыза болып, Қасына Жоямерген тұрды келіп. Қараса, жаһаннамға кетті жаны, Қуанды Жоямерген мұны көріп.

Әкесі Құламерген о да келді, Баласын келіп тұрған көзі көрді.

Келген соң Құламерген аттан түсіп, Бұ келген баласымен көріседі.

Құламерген жылайды, Көзінің жасын бұлайды, Жоямерген келген соң,

Жыламай қалай шыдайды: «Жоямерген жалғызым, Алты ай сені көрмедім, Жүзіңді көрмей, еңіредім. Кемпір қуып жеткенде, Маған да, қалқам, келгенің. Құдіреттен осылай Жазуы бар Алланың. Жоямерген қарағым, Үш ажалдан құтқардың. Әуелгі ажал, қарағым, Босағада байландым. Екінші ажал, қарағым, Жас баланы алғанда, Айырылып сайман қалғанда, Қырып жауды сен салдың. Үшінші ажал – мынасы, Құлагер ат арыған, Алты ай жүріп сорлы атаң Қарадай бүйтіп қажыған.

 

Кер ат пенен атаңыз

Осы кезде алжыған. Әкеңнен тұр сын кетіп,

Кер аттан тұр әл кетіп.

Алаңдап тұрған кезімде Келдің, қалқам, сен жетіп.

Кемпірді келіп өлтірдің, Малғұнды қоймай дәндетіп».

Мергенің бір күн, бір түн – көп жылады, Қайғысын бір басының жеп жылады. «Жалғызым, тірі көрдім бұ жалғанда, Өлсем де арманым жоқ», – деп жылады.

Екеуі атқа мінді онан кейін, Өлеңмен қайтқандарын мен сөйлейін.

Үш айда аралына келді жүріп,

Тыңдасаң, мен сөйлейін келгендерін.

«Аралға, – Құламерген, – қайтам, – деді, Баласы сонда тұрып айтады енді.

«Аң аулап, ай, жан ата, түзде жүріп, Артыңнан кешке жақын барсам», – деді.

Аралға Құламерген жүріп кетті, Секіртіп дариядан келді де өтті. Аң аулап Жоямерген түзде жүрді, Азырақ қайтқанынан есті кепті.

Дарияға қайтайын деп жетіп келді, Дариядан таңғажайып бір іс көрді. Бір қуық су бетінде қалқып жүрген, Келді де тамаша қып қарап тұрды.

Қарады тамаша қып көзін салып, Білмеді немене деп аң-таң қалып. Жақындап тамаша ғып тұрған шақта, Жөнелді әлгі қуық тартып алып.

Мергенді әлгі қуық тартып алды, Тоңқайып ат-матымен барып қалды.

Ішіне күлдір-салдыр кетті түсіп, Жас бала не екенін біле алмады.

Атымен жұтып кетті биттей қуық, Барады үш күн, үш түн қуық жүріп. Ең түбі дарияның – бір сахара, Сахараға қоя берді оны апарып.

 

Сахара бір далаға қалды келіп,

Жүре алмас ешбір жаққа жөнін біліп. Бетімен сахарада жүре берді, «Құдай-а, көрсеткенің немене?» – деп.

Зар жылап жүре берді Жоямерген, Бетімен жөнін білмей жүре берген. Бетімен айдалада келе жатса, Ақ орда, алты қанат үйді көрген.

Сол үйге қадам басты бала пақыр, Алланың не жазғанын көреді ақыр. Алыстан үйді көріп тұрғанында Бір адам ақ шалмалы келе жатыр.

Бір адам ақ сақалды жақын келді, Басында ақ шалмасы, бала көрді. «Япырым-ай, жолды айтатын бабам ба?» – деп, Қасына 

жақын келіп, сәлем берді.

«Уағалайкумассалам, балам! – деді, –

Бір Алла медет берсін саған, – деді. – Жыланбек – жер астының падишасы Есіткен батырлығың тамам, – деді. –

Жыланбек қайратыңа ғашық болған, Сынайды әлі сені әрбір жолдан.

Қайратын өзім көрем, батыр болса, Берем деп Күнсұлуды, уағда қылған.

Күнсұлу – Жыланбектің жалғыз қызы, Көрсеңіз, хор қызындай нұрлы жүзі.

Көп адам жұмысына жарамаған, Өлтірді әр батырды оның өзі.

Ақ орда патша үйі – анау тұрған, Ғайын14 деген сиқырға сені алдырған.

Қуық боп Ғайын әрбір сиқырменен, Ішіне салып сені, алып келген».

Бұлай деп жөнін айтты Қызыр бабаң, «Күтіңіз не болса да бір Алладан, Жеті қат бұ келгенің жердің асты», – Мұны айтып ғайып болды әлгі адам.

 

Көрінген ақ ордаға жүре берді, Ол үйге барайын деп жақын келді. Астында Ділдәш аты тұра қалып, Тіл бітіп, ол балаға сөз сөйледі.

Әлқисса, Ділдәшқа тіл бітіп, сөйлеген сөзі:

Тіл бітіп Ділдәш сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: «Жоямерген, құлақ сал, Сөзімді айтқан ұғып ал. Ақ орданың ішінде Бір үй толған жылан бар. Үйіне кіріп барғанда, Сол жыландар ысқырар, Қайраттанып сол кезде, Күшіңді бойға жиып ал. Босағада ақ жылан Оң балақтан кеп кірер, Өне бойды аралап, Қатты ысқырып ол жүрер, Жалап бәрін өн бойдың, Жағаңнан барып ол шығар. Қимылдама, Мергенім, Қимылдасаң – өлгенің. Көре алмай сізді мен-дағы Қайғыменен өлгенім. Сұр жылан тағы келеді, Оны көзің көреді.

Өне бойды тағы да Әуелгідей аралап, Жағадан шығып ақырда, Өз бетімен жүреді.

Онан соң тағы сары жылан, О да ысқырып келеді. Балағыңнан енеді,

Өне бойды аралап, Бұрынғыдай жүреді. Қимылдама, жан достым, Қимылдасаң – өлгенің, Көп мехнат көргенің. Онан соң тағы көресің Қызыл жылан келгенін. Аузыңнан келіп кіреді, Ішіңді түгел аралап, Ішек-қарныңда жүреді. Ұзыннан біткен омыртқаң,

Қарсы біткен қабырғаң, Түгендеп бәрін көреді. Ең соңында, жан достым, Мұрныңа келіп тұрады. Өн бойыңды түгендеп, Осылайша қылады. Қимылдама, Мергенім, Қимылдасаң, шағады».

Зар-зар жылап Ділдәш ат,

Осы жерде қалады.

Жоямерген батырың

Ақ ордаға барады.

Еніпті ақ ордаға сәлем беріп,

Қорықты жыландарды көзі көріп. Шуласып көп жыландар тұс-тұс жақтан, Көрген соң түрегелді бәрі де өріп.

Ақ жылан босағадан түрегелді,

Әуелі оң балақтан кіре берді, Ысқырып өне бойды бәрін жалап, Бойында сұп-суық боп жүре берді.

Ысқырып бір сұр жылан тағы келді, Қаһарын ол жыланның қатты көрді.

Қаһармен айбаттанып әлгі жылан Әуелі оң балақтан келді де енді.

Аралап әуелгідей тағы жүрді, Қозғалмай Жоямерген, сабыр қылды. Жағалап жағасынан барып шығып, Бір патша алтын таққа барып мінді.

Тұрыпты Жоямерген сабыр қылып, Жыланның адам болған бәрін көріп.

Сиынып бір Аллаға тұрған шақта, Сары жылан келе жатыр тағы ысқырып.

Қорқады сол жыланнан көп сандалып, Тұрады сонда дағы қайраттанып.

Кіріп ап оң балақтан ең әуелі,

Жүреді бұрынғыдай шыр айналып.

Жүреді өне бойды қылып сайран, Ақырда шықты келіп жағасынан. Отырды бәйбіше боп жүзі айдай, Бұл іске Жоямерген 

қалды қайран.

Көрініп қызыл жылан қатты ысқырды, Зәресі кетіп, Мерген әзер тұрды.

«Құдай-ау, бұ жыланнан сақтай көр», – деп, Айбатын бәрінен де артық көрді.

Көрініп қызыл жылан айбаттанды, Мергенің қатты қорқып, есін танды. Қайырадан есін жиып тұрған шақта, Аузынан жылан келіп кіріп алды.

Ысқырып айбаттанды жылан кіріп, Өн бойын аралады түгел жүріп.

Түгендеп ішек-қарны мен жұлын-жота, Мұрнына ысқырады келіп тұрып.

Мұрнына келіп тұрып, қатты ысқырды, Сол кезде Жоямерген бір түшкірді. Қимылдап оң аяғы түшкіргенде, Шаққалы оңайланып жылан тұрды.

Шаққалы аузын ашып оңтайланды,

Заһарын15 тіліне әкеп жиып алды.

Әкесі ол жыланға сонда тұрып,

«Шақпа, – деп, – әй, Күнсұлу!» айқай салды.

Жыланбек бұ сөзді айтып, айқай салды, Бір қыз боп мұрынынан түсе қалды.

Сипаты хор қызындай әлгі қыздың,

Порымын қыздың көріп, бек шаттанды.

Әуелде қорқытыпты бәрі осылай,

Болар ма жігіт жақсы өнер қылмай.

«Қызыл тіл – өнер алды» деген қазақ, Жазайын тебірендіріп қаламымды-ай.

Қор болып бар өнерім, текке жатпа, Жазайын, шамам келсе, мұны хатқа.

Адам боп күллі жылан біткеннен соң, Шақырды бұл баланы сонда патша.

«Қасыма сөйлеші енді бермен келіп», – Тұрады бұл баланы жылан көріп.

«Қанеки, енді, балам, сөйле», – дейді, Орнынан түсіп, оған тағын беріп.

 

Отырды Жоямерген таққа мініп, Отырды оқиғасын баян қылып. «Кем қылман енді сені өз баламнан, Сөз тыңда, әй, шырағым, маған сеніп.

Алдырдым Ғайын деген сиқыршыға, Сен келдің бұйрығыммен менің мұнда.

Батырсың, бәрекелді, ерлігің мол, Жұмсаған енді барғын жұмысыма.

Сөз тыңда құлақ салып, балам, маған, Астында дарияның алтын 

қазан. Әкелсең сол қазанды ерлік қылып, Беремін Күнсұлуды қосып саған».

 

Патшаға Жоямерген жауап берді: «Қазанды әкелем, – деп сөз сөйледі. – Дариясын сол қазанның маған көрсет, Барамын сол қазанға», – деп сөйледі. 

Арада үш күн, үш түн жол жүреді, Дария оңтүстікте көрінеді.

Батырлар талап қылған барамын деп, Бір жылда сол қазанды әкеледі.

Жөнелді Жоямерген үйден шығып, Жүреді оң тарапқа атын мініп. Бір үлкен ұлық дария көрінеді, Дарияның жағасына келді жүріп.

Айналып дарияны жүреді енді, Қараса, алтын қазан көрінбеді.

Сандалып ақыл таппай тұрған шақта, Тіл бітіп, Ділдәш аты сөз сөйледі.

Әлқисса, Ділдәштің сөйлеген сөзі:

«Мергенім, маған құлақ сал, Айтқан сөзді ұғып ал, Бұ дарияның астында Алтын қазан рас бар.

Ала алмайсың қазанды, Бұл сөзімді естіп қал. Медет берсе Құдайым, Қазанға өзім барайын. Сенің үшін, жан достым, Қорлыққа басым салайын.

Суға қазір енемін,

Сапар тартып қазанға, Дария түсіп көремін.

Үш күн тамам өткенде Қазанға жетіп көремін.

Су тізеңе келеді,

Қимылдама, Мергенім, Қимылдасаң – өлгенім!

Төрт күн сонда өтеді, Бес күнге таман жетеді, Кіндіктен асып су сонда, Кеудеңе таман жетеді, Қимылдама, Мергенім, Қимылдасаң – су жұтып, Қаза жетіп өлгенім.

Алтыншы күн көресің Иекке судың келгенін. Су иектен өтеді, Мұрныңа келіп жетеді. Су көзіңнен өткенде, Төбеңе келіп жеткенде, Қазанды алып келем», – деп, Бәрін де кеңес етеді.

Ділдәш аты Мергенге Бәрін кеңес қылады.

«Оңайлықпен ол қазан Біздің қолға түспейді.

Көз жетпейтін бұ дария Сол қазанның ішінде Құйылып, су боп тұрады», – Сөзін тамам қылады,

«Сертіңе жет, – деп, – жан достым», Дарияға тамам жүреді.

 

Дарияның ортасына түсіп кетті, Ділдәштің түскен жері шымыр етті. Зар жылап бала тұрды бір Аллаға, Онан соң үш күн тамам тағы да өтті.

Тұрады бір Аллаға зарлық етіп, Барады сол уақытта үш күн өтіп. Болғанда төртінші күн, Құдауанда, Су жылжып тізесіне келді жетіп.

Тұрады сабыр қылып, бес күн болды, Су жылжып, кеудесіне жақын толды. Алты күн, бес күн өтіп болған шақта, Аузына су келгенін тағы көрді.

Көзіне су жақындап келді сонда, Көзінен тағы барды қабағына. «Көрем» деп Ділдәш атын көтерілді, Қимылдап сонда кетті табаны да.

Су кетіп, қайта орнына тартылыпты, Көре алмай Ділдәш атын зар қылыпты. Таңғалып Жоямерген қарап тұрса, Жарқ етіп дариядан қазан шықты.

Қасына ол қазанның жақын барды, Дариядан атын іздеп, таба алмады. Жағалап дарияны жүргенінде Атының құр құлағы көрінеді.

Дариядан Ділдәш атты алды тартып, Немене, өліп қапты, көп сөз айтып. Зарлады Жоямерген бір Аллаға: «Дүниеде тірі жүрем енді қайтіп?!»

Әлқисса, Жоямергеннің атына зарлағаны:

Жоямерген зарлады, Тағат-сабыры қалмады. «Тірілмесең, Ділдәшім, Ғұмырымды басыңда Өткізем», – деп зарлады. Аты үшін зар жылап, Сабыр-қарар қылмады. Үш күн, үш түн зарланып, Халі бітіп тұрады. Сол жылаумен зарланып, Төрт күн тамам қылады. Бесінші күні тағы да Онан жаман жылады, Алтыншы күн болғанда «Бисмилла», – деп орнынан Ділдәш ат та тұрады.

Құшақтап атын бала, қылды зарды, Ділдәш ат бірге зарлап, ол жылады. Зар жылап бала пақыр тұрған шақта, Балаға аты тұрып сөз сөйледі:

«Әуелі мен қасыңнан кеттім, – деді, – Қазанға дәл үш күнде жеттім, – деді, – Төрт күнде мен білемін, иншалла,

Су жылжып тізеңізге жетті, – деді. – Қазанды тарттым сонда мен теңізден, Су келді сонда жылжып кеудеңізден. Бес күнде кеудеңізден және де өтіп, Және асты алты күнде көзіңізден.

Су барып қабағыңа сонда жетті, Қабақтан біраз асып тағы да өтті. Қаһармен алтын қазан лақтырғанда, Қимылдап оң аяғың біраз кетті.

Қимылдап оң аяғың кетті сонда, Су жұттым құдіретімен Құдауанда. Әзірейіл жанымды кеп алған шақта, Ұжмақта хор қыздары ұстап алды.

Шақырған дауысыңды естіп едім,

Әурелеп хор қыздары жібермеді, Болғанда жетінші күн қашайын деп Ділдәшің қалай-дағы қалды ойға.

Алдыңа бүгін келдім қашып шығып, Мергенім, бұл сөзімді алғын ұғып.

Жолыққан Қызыр бабаң мені айырды: «Мергенің тосып тұр, – деп, – зарлық қылып».

Сол жерде Ділдәш атқа алды мініп, Қазанды ап, бұл арадан кетті жүріп. Батырлық өнерімен Жоямерген Қазанды патшасына берді әкеліп.

Падиша ол қазанды алып көрді, «Батырым, бәрекелді, алып келді!» Күнсұлу – жалғыз қызын енді патша Той қылып, қырық күнде қосып берді.

Қаншама көп мал тойға сояд

сояды екен, Қазанды қайнаттырып қояды екен. Болса да қанша әскер тойға келген, Бәрі де сол қазаннан тояды екен.

Қазанның қасиетін білген екен, Жыланбек көп батырды жиған екен. Көп батыр жұмысына жарай алмай, Жыланбек қайғыланып жүрген екен.

 

Мұратын жалғыз Алла хасыл1 қылды, Күші көп батырлығын анық білді. Жайланып Жоямерген қайынында, Патшаның қызын алып, үш ай тұрды.

Бір күні падишаға Мерген барды, «Үйіме қайтамын», – деп айтып салды. Жыланбек осы сөзді есіткен соң, Сиқыршы Ғайын ерді тағы да алды.

Сиқыршы, шақырған соң, қуық келді, Баяғы алып келген көзі көрді. «Қаншама мал беремін жасауменен, Еліне сен жеткізіп апар», – деді.

Сиқыршы «Болады!» – деп қабыл алды, Падиша жөнелткелі ыңғайланды. Күнсұлу еліменен амандасты, Түскелі дариясына алып барды.

Қызына ата-анасы амандасты,

Күнсұлу қайғыланып, зар жылапты. «Бетіңнен жарылқасын бір Алла!» – деп, Беріпті ата-анасы рұқсатты.

Он құл мен Күнсұлуға он күң берді, Ішіне Ғайын қуық салды енді.

һәммесін16 17 Ғайын қуық салып алып, Баланы аралына алып келді.

Өзінің аралына әкеп салды, Қоштасып, Ғайын қуық кетіп қалды.

Қуанып Жоямерген сол кезінде

Өзінің ордасына кіріп барды.

Атасы көргеннен соң кеп көрісті, Қайғысын баласының жеп көрісті. «Дүниеден қазір өлсем, арманым жоқ, Қарағым, көрдім сені», – деп көрісті.

Әлқисса, Құламергеннің баласына жылағаны:

Құламерген жылайды, Көзінің жасын бұлайды,

Жалғызы аман келген соң Жыламай қайтіп шыдайды?!

«Бүгін өлсем, арман жоқ,

Менде арман қалған жоқ, Жоямерген, жалғызым», –

Осылай зарлап тұрады,

Талып кетіп сол кезде,

Жанын пида қылады.

«Ғайып болып, жалғызым,

Бір күнде кетіп қалғаның, Сені іздеп, қарағым, Күнайымды азғырған Бұлғар деген шаһарда Жалмауызға барғаным. Патшасы мен 

кемпірді, Шаһарын қырып алғаным. Сені іздеп, қарағым, Бұ жалғаннан көрмедім, Күдер үзіп, таба алмай, Мұнда қайтып келгенім. Зар жылап үйде тұрғанда, Өзің жетіп келгенің!»

Атасы зар-зар жылап, қылар фаған18, Шешесі о да келіп, зар жылаған. «Қарағым, айым, күнім, шырағым», – деп, Шешесі о да келіп, талып қалған.

Жылады шешесі де талып түсіп, 

Аяғын баласының алды құшып. 

Жырларын шешесінің жаза алмадым, 

Күні-түн отырған соң ішім пысып.

Бес сөтке тебіренттім жазып қалам, 

Әр құлға медет берсін Хақ Тағалам. 

Сөзімде қате болса, айып етпе,

Аяғы осылайша болсын тамам.

Ruh.kz