30 Қазан, 2020
«Әмі­ре» фильмінде­гі әндерді орындаған қазақ кім?

Арқа атырабы әуелден әнге бай, шежіреге шешен, өнерге алтын тұғыр бола білген киелі аймақ. Оның ішінде Арқаға келсең әншімін деме деп, дәстүрлі ән додасында осынау бекзат өнердің шоқтығын тіпті биіктетеміз. Кешегі сал Біржандар салып кеткен сара соқпақ бүгінде үлкен даңғылға ұласқан. 

Арқа деген жалпы – үлкен атау. Бұл ұғымға киелі Сары­ар­қаның біраз бөлігі кіреді. Біз бүгін сонау сән-салтанаты жарасқан ұлы сахараның қазы­налы пұшпағы – Қарағанды өңі­рі туралы айтқымыз келеді. Оның ішінде осынау қасиетті то­пыраққа кіндік қаны тамған талантты әнші, дәстүрлі ән мек­тебінің дарабоз дүлдүлі Сержан Мұсайынның сойын ерекше ата­сақ дейміз.

Әрине әу демейтін қазақ жоқ. Дегенмен осынау қазақ әні­нің құлашын кеңге жаюда, оны шет­елдерде насихаттау­да үлкен еңбек сіңіретін қайраткер әншілердің жөні бөлек. Сержан сері туралы сөйлегенде оның табиғи талантынан бөлек, кәсіби шеберлігі, әнге деген шексіз махаббаты кез келген тыңдарманды бейжай қал­дырмайды. Сержан кім дегенге әуелі айтарымыз – ол кешегі сал-се­рілерден қал­ған асыл тұяқ. Мұ­сайын мың құбылған сиқырлы үнімен біз түгілі шетелдік әнсүйер әсер­шіл қауымның таңдайын талай қақтырған талант.

Халықаралық, респуб­ли­ка­­лық ән байқауларының бір­неше дүр­кін жүлдегері, «Әмі­ре» фильмінде­гі үздік әндерді орындап, Голливуд төрінде ән шалқытқан зор ­дауыс иесі Сержан Мұсайын сияқты өнер­­­­паздарды жалпы жиі насихат­тауымыз керек. Себебі қазақ әні тек саз бен сөзге құ­рал­ған құрғақ даңғаза емес, қа­зақ әні қазақтың қатпар-қат­пар қалың да қазыналы тари­хы, дәстүрі, салт-санасы, тілі, ғұрпы, кешегісі, бүгіні, бола­шағы. Қазақ әндері арқылы біз өзі­міздің өшіп бара жатқан өтке­німізді таптық. Жоғалып, жат қолында кетіп бара жатқан қаншама байтағымыздың атаулары осынау халық әндерінде жатқанын білдік. Қазақ әні – қа­зақ­ты адас­тырмас алтын жұл­дыз. Жаһандану дәуірі біз сияқ­ты бірнеше ғасыр бойы бо­дандық бұғауында болған кіш­кентай ұлттарды тез жұтып қойғысы келеді. Оның ішінде жаһандастырудың жақсы құралы ән екені белгілі. Заманауи әндер зейінімізді тұмшалап, ұлттың жо­йылуына оңай жол ашып жатқан қауіпті кезеңде қазақтың байырғы дәстүрлі халық әндерін жиі жарнамалау ел ертеңі үшін ауадай қажет.

Әрине Сержан әнші бүгінге де­йін біршама құрметке бөле­ніп те келеді. Дегенмен фонограм­ма жалауы еркін «желбіреп», нағыз таланттар киелі сахнадан тықсырылып бара жатқаны белгілі. Әні мен сәні жа­расқан, болмысы бекзат Сер­жандай әншілер нағыз сахна үшін туған дарын екеніне дау жоқ. Тек жарнама жағы жұтаң, нағыз алтынды ардақтайтын жерде адасып арзанға алданып қалып жатырмыз. Егер Сержан сонау сал-серілердің заманында туған болса, әзелгі әлеу­мет бұл өнерпазды әлбетте төбесіне көтеріп ұстаған болар еді.


Арқа әнінің аузы дуалы аға буыны Сержан сияқты ізбасарлары туралы үнемі мақ­танышпен айтады. Қазақ әнінің корифейі, халық әртісі Қайрат Байбосынов «Сержан сері – дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген, сырбаз, сыршыл орындаушы. Алтын шыққан жерді белден қаз дейді. Өйткені Сержанның туған жері қасиетті, киелі жер, небір дүлдүлдер шық­қан қас­терлі аймақ», деп жо­ғары баға берсе, дәстүрлі әнші, курстасы Айгүл Елшібаева Сер­жан серімен консерваторияда бірге оқығандығын айтып, өре­лі өнер­­паз туралы қызықты ес­те­ліктерін үне­мі бөлісіп жү­реді. «Студент кезіміз­де екеу­міз Израильге бірге барып, Қа­зақ­станның елшісі Бірғаным Са­риеваның жасаған тәуелсіздік ме­­ре­кесінде, халық әні «Еркем-айды» дуэтпен айт­қанбыз. Сөйтіп қа­зақ­­тың ұлт­тық өнеріне өзге ұлт өкіл­­дерінің бастарын идіргенбіз», дейді А.Елшібаева.

Сержанның атағын аспан­дат­қан оқиға – осыдан бірер жыл бұ­­­­рын жарыққа шыққан «Әмі­ре» ат­ты көркем фильммен тіке­лей бай­­­­ланысты болды. Сол кез­де Қ.Бай­­­­жанов атындағы Қарағанды кон­­церттік бірлестігінің жетекші со­лисі Сержан Мұсайын көпте­ген дәс­түрлі әншінің арасынан Әміре Қашау­­баевтың өмірі туралы көркем фильм­ге арнал­ған саундтректі жазу ба­қы­тына ие болады. Әміре атасы сонау Еуропа төрінде шырқаған «Бал­­­­қа­дишаны» Сержан ізбасар Аме­риканың төрінен бір-ақ шы­ға­­рады. Бір сөзбен айтқанда, «Қа­зақ­фильм» арнайы тапсырыс бойынша аме­рикалық «Moving» студиясына түсір­ткен Әміре Қа­шау­баев туралы кар­тинадағы Әміренің айтқан ән­дерінің бәрін дубляждаған біздің бү­гінгі кейіп­кер, қарапайым Сержан Мұ­­сайын. «Балқадишадан» бөлек, фильм­де шырқалатын «Үш дос», «Бес қарагер» және «Дудар-ай» ком­по­зицияларын домбырамен орындады.

Бұл туралы әншінің өзі былай деп еске алады: «Қиындықтар туындады, әсіресе домбырамен ән айтқанымда актердің арти­куляциясына дәл түсу керек кезде оңай болмады. Қолдың жылжуын салу өте қиын болып шықты. Себебі ондай жағдайда әннің әуені өзгереді. Қолдың ірі пландары көп емес, бірақ соның өзі менің жұмысымды күрделі етеді. Дыбыс режиссерлері алғаш рет фильмді дыбыстаған адам үшін тамаша жұмыс атқардың дейді».

Сержанның даусы даланың жадында жаңғырған кешегі көш­­пелі қазақ руханиятының асқақ рухын еске түсіреді. Оның тал­ғампаз талант екеніне ол шыр­қа­ған күрделі әндер куә. Тағы да айт­қымыз келеді, Сержан ке­шегі қазақ әнінің қабырғалы тобы Біржан, Ақандардан бө­лек, Қайрат Байбосынов, Ға­лым Мұхаммедин, Мейірхан Адам­беков, Жақсыгелді Кема­­ловтардан үзілмей келе жатқан үкілі әннің үміт шырағы!

Арқадағы дәстүрлі ән мек­те­бінің әйдік өнерпазы Сержан Мұсайын бүгінде Қарағанды­ның Тәттімбет атындағы өнер колледжінде директор болып қызмет атқарады. Бұған де­йін аталған білім ордасын қай­таланбас талант, Арқа әнінің ақиы­ғы, марқұм Мейірхан Адам­беков басқарған болатын. Сержан інісі Мейірхан ағасының ізін ғана баспай, ісін де жалғастырады деп сенеміз. Ұрпақ сабақтастығын ұмыт­пай, қазақ әніне жаңа серпін бе­реді деп күтеміз.

Жалпы, Мейірхан Адам­бе­ковті айтсақ оның әдепті де әдемі әзілдері еске түседі. Бірде үлкен тойдың төрінде қаумалаған жұрт Мейірхан әншіні ән салып бер деп қолқалап қоймапты. Халық сұрап тұрған соң сері мінез сырбаз ақырындап сахнаға беттейді. Алдында ғана сол сахнада Сержан інісі ән айтып кетсе керек, ағасымен қалжыңдаспақ болып өз домбырасын ағасының тональностынан жарты тонға (му­зыкалық термин) көтеріп, ән айтуға келе жатқан ағасына: – Құлақ күйін келтіріп қойдым, – деп әлгі домбыраны ұстата қойыпты.

Оны Мейірхан көкесі бірден сезіп: – Сержаным, мынау маған төмен ғой деп, – тағы жарты тонға көтеріп Біржан салдың «Айтбайын» бастап жіберіпті. Шырқай тік кө­терілген дауыс еш қиналмастан еркін самғай беріпті, шіркін!..

Әлгі тойға куә болғандар бұл оқи­ғаны әлі жыр қылып айтады. Мейірхан феномені – қа­зақ әнінің қасиетінде еді-ау! Сол айт­пақшы, енді керісінше Мейірхан Адамбеков адал атқар­ған істі Сер­жан Мұсайын тағы жарты тон­ға жоғарылатса қазақ әні өле қой­мас. Айта кетейік, С.Таранұлы Мә­­­дениет қайраткері, Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Пре­зи­денті – Елбасы қо­ры сый­лы­ғы­ның лауреаты, Жүсіп­бек Еле­беков атындағы рес­публикалық ән бай­қауының бас жүлдегері. 

egemen.kz