29 Қыркүйек, 2020
«Өмірі өшпес өнеге» атты байқау аяқталды

Павлодар өңірінде Иса Байзақов оқулары жыл сайын кезегін үзбей өтіп тұрады. 

Биылғы жылы Ертіс ауданында оқулардың формасы ерекше түрде ZOOM платформасы арқылы қашықтықта өткізілді. Иса Байзақов – ұлы тарихи қайраткерлердің бірі, әнші, суырып салма ақын, домбырашы, композитор, Павлодар өңірінің тумасы. Біздің елімізде даланың ұлы тарихи қайраткерлерін есте сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізу, ары қарай дамыту өзекті жоспарлардың қатарында.

Ертіс ауданының білім бөлімінің әдіскері Нургуль Майданқызының айтуынша: «Ауданымызда жерлесіміз Иса Байзақовтың 120 жылдығы ерекше аталып өтілуде. «Өмірі өшпес өнеге» атты аудандық оқулар онлайн түрінде 4 секция бойынша өткізіліп, топты жарып шыққан жеңімпаздарға білім бөлімінің мақтау қағаздары мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Аталмыш жоба ақынның тарихта қалған өшпес мұрасын насихаттауға және жас қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған».

Келесі секциялар бойынша 1 орынға ие болған Исатанушылар:

«Еркін күшпен өрлеймін, Өмірім ұзақ - өлмеймін...» – Иса Байзақовтың шығармаларын жатқа айту байқауы. Ақынның көп шығармаларын жатқа мәнерлеп оқып, жеңімпаз атанған Қарақұдық орта мектебінің оқушысы Жұматай Жансая.

«Ән қанатында» – Исаның әндері мен күйлерін орындаушылардың байқауы. Бұл байқауда әділқазылар алқасын өз өнерімен тәнті еткен – Абай орта мектебінің оқушысы Мусаева Даяна және Панфилов мектебінің оқушысы Маратхан Айтуған марапатқа ие болды.

«Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды» – жас дарындардың өз қалам туындыларын орындау байқауында, ақынға өзі шығарған өлеңімен ерекше көзге түскен Иса Байзақов атындағы метеп оқушысы Амиржанов Алихан.

«Жас исатанушылар» – Иса ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми жоба ұсынып, қорғау байқауы. Жазылған ғылыми жобалар арасында №2 Ертіс орта мектебінің 8 сынып оқушысы Султанова Дидараның (жетекшісі Ә.Қ. Көпеева) жазылған жұмысы үздік атанды.

Қатысушылар ақын Иса Байзақовтың шығармашылық мұрасымен тереңірек танысып, ұлы тарихи қайраткерлерінің шығармашылық мұрасы насихатталды. Айта кететін жайт 2007 жылдан бастап Ертіс ауданы мектептерінде 5-9 сынып оқушылары үшін «Исатану» курсы жүргізілуде.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Ruh.kz