5 Тамыз, 2020
Құрбан айтқа шалынған малдың еті қайда?

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов пен наиб имамы Дастан Желеуов қаламызда енгізілген шектеулерге байланысты қасиетті Құрбан айт мейрамының қашықтықтан өткен қорытындысы бойынша брифинг өткізді.  

– Биыл еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қасиетті Құрбан айт мерекесіндегі құрбандық шалу онлайн түрде жүргізілді. Яғни, қаламыздағы ниет еткен азаматтар «Qurban2020.kz» сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, амалдарын орындады. Онлайн тапсырыс бергендер тарапынан 39 ірі қара мал, 396 ұсақ мал, ал тұрғындар тарапынан 18 ірі қара мал, 292 ұсақ мал құрбандыққа шалынды. Бұл құрбандыққа шалынған малдың еттері 5650 отбасыға таратылды. Ол отбасылар – көп балалы, мүмкіндігі шектеулі және уақытша табысынан айырылған отбасылар. Осы ретте айта кетейін, қасиетті мерекеде құрбандыққа шалынған малдың еттері мұқтаж отбасыларға дер кезінде таратылуы мен ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында арнайы топ құрылуына қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының көмегі орасан болды, – деді Б.Нұрматұлы.

Бас имамның сөзіне сүйенсек, қалада биыл құрбандық шалу шарасы онлайн түрінде алғаш өткенімен, нәтижесі былтырғы жылдан жоғары. Дегенмен кей қателіктер кеткенін жоққа шығармады. Яғни өтініш беру барысында көрші өңірлерден де өтініштер түсіп, ол 3800-ге жуықтаса, ал қайталанған өтініштер 1 мыңнан асыпты. Бұл ретте қаламызда мешітке тіркелу арқылы өтініш берген 2000 мыңнан астам мұқтаж отбасыға ет таратылғанын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, Дастан Сүлейұлының сөзінше, елімізде осындай қиындық жағдай туындаған кезде бұл құрбандық шалудың онлайн жүйесі індеттің кең таралуына тосқауыл болды. Ал құрбандық шалған кісілер үшін өкілдікті, яғни аманатты мойындарына алып, күмәндарды сейілту үшін тапсырыс берген азаматтарға видео есеп бергендерін алға тартты. 

Ruh.kz