12 Маусым, 2019
«Ұшқыннан» «Егемен Қазақстанға» дейін...

         

Ұлттық баспасөзіміздің тарихи тамыры тым тереңде. «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты», «Серке», «Қазақстан», «Қазақ», «Айқап», «Ұран» сынды ата басылымдардың сапында «Ұшқын» газетінің орны да, тұғыры да ерекше. 

«Ұшқын» газеті 1919 жылдың желтоқсанында қазақ оқығандарының ұйымдастыруымен жарық көрген, совет үкіметі орнаған шақта билік органының газетіне айналған басылым. «Ұшқын» газеті әр жылдары заман ағымына қарай «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалисды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», «Егеменді Қазақстан» атанып, оқырманға қызмет етті.

0Z9A5309.JPG Бүгінде жүз жылдық жылнамаға айналған газет «Егемен Қазақстан» атанып, еліміздің бас газетіне айналды. «Егемен Қазақстан» жүз жылдық жылнамасы – ХХ ғасырдың алай-топай, қиын-кескі кезеңінен бүгінге дейінгі өміріміздің қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени шежіресі. Замана сөзі. Бұл газетте қазақ халқының басына төнген нәубет, ел болып үдере көшкен, жұрт болып азап шеккен шақтан бастап советтік идеологияның қысымы, адамзат тартқан қасірет, Екінші дүниежүзілік соғыс барысы, адам баласының ғарышты бағындыруы, тың, тыңайған жерлерді игеру мәселесі бәрі-бәрі қамтылған. Ақиқатында, бұл газетке ұлттық әдебиетіміздің классикалық озық үлгілері де, сөз маржандары да жарияланып, әдебиетіміздің өрісін кеңітті. Алаш оқығандарының бір-біріне жазған хаттары, бір -бірінің шығармашылығы туралы білдірген әдеби сындары, сталиндік жаппай репрессиялау кезіндегі қаралау мақалалары, билік тарапынан қолдан ұйымдастырылған іріткі саларлық деректі мақалалар да бар. Қалай десек те бұл қазақ халқының жүріп өткен жолы, өткен күнінің шежіресі, белгісі. Басылымның әр жылдардағы нөмеріне, жарияланған материалдарына бүгінгі күні баға берер болсақ, сол заманның қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдайымен санасуға тура келеді. Қоғамдық фактор арқылы ғана өткенді бағалау, тану мүмкін.

0Z9A5546.JPGҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жүз жылдық жылнама» бес томдық жинақтың таныстырылымы өтті. Кітап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Фолиант» баспасынан басылып шыққан. Жинаққа газетің 1919 – 1970 жылдар аралығындағы материалдары топтастырылған. Яғни, «Ұшқын» газетінен бастап «Социалистік Қазақстан» газетіне дейінгі аралықтағы нөмерлеріндегі ең таңдаулы, ең жақсы деген материалдар іріктеліп, қамтылыпты. Бұл газетте ұлтымыздың маңдайына біткен ерен тұлғалары Смағұл Сәдуақасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ғаббас Тоғжанов сынды алыптар қызмет еткен. Бұл газетте қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, руханиятының жарқын тұлғалары болған арыстардың қолтаңбасы, ой-толғамдары қалған. Асылында, «Егемен Қазақстан» – журналистер шеберханасына айналған тағылымы мен тәлімі зор өнегелі мектеп, ғибраты мол қасиетті қарашаңырақ. Сөз ұстаханасының атасы. 

Жиын барысында ата басылымның бұрынғы қызметкерлері, ардагер журналистер, белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлері, бүгінгі басылымның тілшілері бас қосты. 

 

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

 

Елдос Тоқтарбай
Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова