17 Маусым, 2019
130 мыңнан астам Қызылорда облысының тұрғындары «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесін тамашалады

     2019 жылғы 14 маусымда ағымдағы жылдың сәуір айында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұсауы кесілген Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасының жабылу салтанаты өтті.

8 сәуірден 14 маусымға дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмір жолы мен саяси қызметіне арналған көрмеге 130 мыңнан астам Қызылорда облысының тұрғындары мен қонақтары келді. Көрермен назарына тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бірізді толық рөлін бейнелейтін Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдары ұсынылды.

whatsapp_image_2019-04-09_at_03.38.54_0.jpeg

Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, облыс пен қала тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.

– Ел Егемендігінің алтын тінін, жібек желісін ұлықтап, ұлтымыздың бітім-болмысын даралап, тарихымыздың асыл мұраларын өскелең ұрпақтың жүрегіне жеткізетін бұл көрменің қасиетті Сыр өңірінде ұйымдастырылуы біз үшін үлкен мәртебе және тарих болып қалмақ, - деді Қ. Көшербаев.

Өз сөзінде облыс әкімі Н.Ә. Назарбаевтың Сыр халқына деген қамқорлығын белгіледі. «Осы ретте, Сыр жұртшылығы, облыс ақсақалдары Елбасына деген алғаусыз алғысы мен риясыз көңілін хатқа түсіріп, Елбасына жолдауды жөн көріп отыр. Енді осы хатты өзіңізге табыстауға рұқсат етіңіз, ел ризашылығын Елбасына өз қолыңызбен жеткізсеңіз дейміз», - деп Қ. Көшербаев Кітапхана директоры Ә.М. Рахымжановқа өтініш білдірді. «Елбасы кітапханасына шексіз алғысымызды білдіре отырып, мәдени мұраларды жүйелеу, тарихи құндылықтарды сақтау және халыққа рухани тәрбие беру мен ел өркениетін дамытудағы қызметтеріне шығармашылық табыс тілейміз», - деді ол.

IMG_0370.jpg

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі мен жоба аясында өткізілген іс-шараларға деген Қызылорда облысы тұрғындарының жоғары қызығушылығын атап өтті.

– Аталмыш көрменің Қызылорда облысында ашылуы қазақтың бағына туған біртуар тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызылордалықтарға, әсіресе жастарға арнаған рухани сыйы деп есептер едім. Оның дәлелі – үш ай бойы жүз қырық мыңнан астам қызылордалықтардың, еңкейген қарттан мектептегі оқушыға дейін Елбасының жүріп өткен жолы мен қызметі арқылы тұтас Қазақстанның даму жолын баяндайтын көрмені тамашалауға мүмкіндік алуы, әсіресе жастар үшін Елбасының өнегелі өмірі – жарқын болашаққа бастар даңғыл жол тәрізді, - деп Ә. Рахымжанов Қ.Е. Көшербаев бастаған облыс әкімдігі мен музей қызметкерлеріне қолдау үшін алғыс білдірді.

Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының аясында Қызылорда облысында ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық іс-шаралар өтті. Олардың қатарына Қазақстандағы Жастар жылына арналған «Н. Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы; кітапхана, архив, музей саласының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы; мемлекеттік қызметкерлердің «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласын талқылауына арналған «Library-practicum» үлгісіндегі ғылыми-әдістемелік семинар; аймақтық музей қауымдастығының өкілдеріне арналған «музей саласындағы ақпараттандыру» ғылыми-практикалық семинары («Музей» АЖ есепке алу мен сақтаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасу); Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары мен оқушыларына арналған «Елбасы Н.А. Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» семинар-тренингі; ҚР мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концерті кірді. Қызылорда облысының Шиелі және Қармақшы аудандарында «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір жәдігердің тарихы» тақырыптары бойынша экскурсиялар жүргізілді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы 2017 жылғы қарашадан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында көрме Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылды. Жобаны 900 000-ға жуық адам тамашалады.

 


«Қазақстан Республикасының 

Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ