9 Қаңтар, 2020
130 мың қызметкері бар Wanda Group туралы не білесіз?

«Біз алдағы уақытта бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев


Dalian Wanda Group Қытайдан тысқары жерлерде танымал болмаса да, ол – әлемдегі ең ірі жылжымайтын мүлік иелерінің бірі. 1988 жылы негізі қаланған Dalian Wanda Group – әлемдегі ең ірі бесжұлдызды қонақүйлер желісінің иесі. Wanda компаниясының жылжымайтын мүлік портфелінде 133 сауда орталығы мен 84 қонақүй бар. Сондай-ақ кинобизнес, спорт жарыстарын ұйымдастыру мен туризм, балаларға арналған ойын-сауық саласында да оның тәжірибесі мол. Dalian Wanda-ның мақсаты: 2020 жылға қарай активтері 200 млрд.$, кірісі 100 млрд.$ және 10 млрд.$ мөлшерінде таза пайдасы бар әлемдік деңгейдегі мультиұлттық корпорацияға айналу. 

iB05UP1JI.jpg

2012 жылы Dalian Wanda осы бағытта айтулы қадам жасады: 2,6 млрд.долларға АМС Entertainment Holdings америкалық кинотеатрлар желісін сатып алды. Сол кезде америкалық компанияларды қытайлық кәсіпорындардың сатып алуы жиілеген еді. Бұл ең үлкен мәміле болды, сөйтіп, мәміле құны 2005 жылы IBM PC компьютерлік бизнесін Lenovo компаниясының 1,8 млрд.долларға сатып алған келісімінен асып түсті. АМС Солтүстік Америкадағы кинотеатр операторларының көлемі бойынша екінші орында, мұнда кино көрермендері жылына 10 млрд.доллардан астам сомаға билет сатып алады. Мәміле аяқталған соң, АМС штаб-пәтері Канзас қаласында қалды. Алайда Dalian кинотеатрда IMAX және 3D фильмдерін ұсынып, театрларды жаңғырту мақсатында АМС компаниясына қаржы құятынын мәлімдеді. 

2015 жылы АМС-ны иемденгеннен кейін Wanda 150-ден астам кинотеатры бар австралиялық кинооператор Hoyts Group-ты сатып алды. АМС мен Hoyts кинотеатрларын және компанияның Қытайдағы кең ауқымды кинотеатрларын біріктіре отырып, Dalian Wanda 500-ден артық кинотеатры бар әлемдегі ең рі кинотеатр операторы атанды. Бүгінде Wanda киностудияларды әр жерде орналастырудан көл-көсір пайда тауып отыр. 

iNVQHJLKC.jpg

Сондай-ақ Wanda халықаралық жылжымайтын мүлік бойынша операцияларын кеңейтуде. 2014 жылы Лос-Анжелестегі Беверли-Хиллзде жер учаскесін сатып алды. Wanda аралас пайдалануды дамыту үшін 1,2 млрд.$ инвестиция салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар компанияның Чикагода ірі жобасы бар, ол қаладағы биіктігі бойынша үшінші орын алатын ғимарат құрылысына 900 млн.$ инвестиция бағыттауда. Оған қоса, Wanda-ның Испания, Австралия және Лондонда жылжымайтын мүлкі бар.

Бүгінгі таңда Wanda Group әлемдегі 400-ге жуық ірі компаниялар қатарына кіреді, оның 130 мыңға тарта қызметкері бар, активтері 90 млн.$ және табысы, шамамен, 45 млрд.$ құрайды.

Дереккөз: Keith Weir, «China’s Dalian Wanda to Acquire Australia’s Hoyts for $365.7 Million», Reuters, June 24, 2015; Zachary Mider, «China’s Wanda to Buy AMC Cinema Chain for $2.6 Billion», Bloomberg Businessweek, May 21, 2012; Wanda Group Corporate, http://www.wanda-group.com/

Халықаралық бизнес: Жаһандық нарықтағы бәсеке.

Хилл Чарльз, Халт Томас

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден