15 Тамыз, 2018
15 тамыз - Археологтар күні

«Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс», - деген екен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде еліміздің қалыптасуы мен даму тарихы, салт-дәстүрлеріміз бен мәдени құндылықтарымыз, ата-бабаларымыздың асыл мұралары рухани жаңғырудың қайнар көзі болып табылады. Тарихты білмей жатып, келешекті болжауға болмайды. Кез-келген мемлекеттің даму жолы өткенімен тығыз байланысты болмақ. 


Ал сол өткенді, яғни, біздің заманға дейін жеткен асыл мұралар, қасиетті орындар мен ескерткіштер арқылы бұрынғы ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тұрмысын зерттейтін ғылымды археология деп атайды. Археологтар күні бұрын-соңды болған қандай да бір оқиғаны немесе елді-мекенді ашумен байланысты болса да, мерекенің өзі мемлекеттік немесе ұлттық болып табылмайды. Дегенмен, 15 тамыз - археологтар күні саналады. 



Жалпы, археология - бірегей келген оқшау ғылым. Археологтар қандай да бір тарихи оқиғаны жазба деректер, не болмаса белгілі бір тарихи маңызы бар орынды зерттеп, ғылыми экспедициялар жүргізу арқылы анықтайды. Осы тұрғыда бұрыннан сақталған көптеген тұрмыстық материалдар мен арнайы қорғандарды зерделеу жолымен өткенге көз жүгірте алады.   



15 тамыз - Археологтар күні ресми емес кәсіби мереке ретінде Ресей Федерациясында және Белоруссияда аталып өтеді. Ал 2008 жылдан бері Украинада ресми мерекелер қатарына енгізілген. Осы күні археология ғылымы туралы ақпараттар таныстырылып, атақты археологтардың өмір жолдары көрсетіледі.  



ХІХ ғасырдың 70-жылдары Орталық Азия мен Қазақстанда археологиялық зерттеулердің бастау алған кезі болып табылады. Сол кездегі ғалымдар қатарында Василий Радлов, Николай Веселовский, Петр Лерх, Василий Бартольд болды. Ал 1920-30 жылдары еліміздегі археология саласына көп еңбек сіңірген Әлкей Марғұлан, Сергей Руденко, Александр Бернштам сынды ғалымдар жетекшілік жасаған экспедициялар Қазақстанның барлық өңірлерінде күрделі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, маңызды жаңалықтарға жол ашты. Осы орайда 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясының құрамында Тарих, археологиялық және этнографиялық институты құрылды. Кейін 1991 жылы археология бөлімі негізінде жеке Археология институты ашылып, Қазақстанның археологиялық зерттеулер орталығы болды. 



Бүгінде жоғары оқу орындарында археология мамандығы бойынша тәлім беруге көп көңіл бөлінеді. Жастар да өткенді зерделеп, археологиялық жұмыстар жүргізуге ынта-талпынысын көрсетеді. Осы орайда жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас археологтар Беғазы, Ұлытау, Беласар зираттары, Бұғылы, Атасу және Есік, Отырар, Шелекті сынды ескі қалалардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін зерттеуде қарқынды жұмыс атқарып, елеулі еңбек сіңірді. Бүгінде елімізде 7 мұражай археологиялық бағытта жұмыс істейді. Археологтардың қызметі де осындай археологиялық мұражайлармен тығыз байланысты. 



Археологтардың басты бағдары бұрынғы дәуірде өмір сүрген адамдарды, олардың еңбек құралдары мен қару-жарақ түрлерін, қоныстарын, сонымен қатар, керуен сарайлар мен әскери бекіністердің халқын, тұрмыстық заттар, зираттар мен обаларды зерттеуге негізделеді. Ғылымда аталмыш заттарды археологиялық ескерткіштер деп атайды. Археологтар осындай құнды заттарды табу үшін көп жағдайда қазба жұмыстарын жүргізеді. Себебі, бұл ескерткіштер уақыт талабына сай топырақ астында көміліп, не болмаса шөгіп қалады. Сонымен қатар, осындай қазба жұмыстарында табылған заттарға ғылыми түсініктеме беру үшін антропология, этнология, геология, ботаника, зоология, палеонтология, физика, химия, топырақтану ғылымдарының әдістері қолданылады. 



Біздің тарихымызда Шоқан Уәлихановты қазақтың тұңғыш археологі деп атайды. Ол кісінің Қашғарияға сапары ағартушылық саласындағы елеулі еңбек ретінде танылды. Сонымен қатар, Шоқан Шыңғысұлы Ұлытау-Жезқазған өңіріне сапар шегіп, Алаша хан мазары, Жұбан ана кесенесі, Аяққамыр күмбезі секілді сәулет ескерткіштерін сипаттаған. Ер Едіге, Қойлыбай бақсы, Байғозы, Жаулыбай және Оразымбет батырлар жайлы тарихи деректер қалдырған. Бұл құжаттар бүгінде қазақ мәдениеті үшін құнды дүниелер саналады. Ал Шоқан Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі ретінде белгілі. 



Ал Қазақстанда тұңғыш рет Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаған әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы Әлкей Хақанұлы Марғұланды ерекше атап өтуге болады. Әлкей Марғұлан - Қазақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын толыққанды зерттеп, бір жүйеге келтірген ғалым, Бүкiлодақтық география қоғамының толық мүшесi, филология ғылымының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi. Филология ғылымының докторы, жазушы Тұрсын Жұртбай өз сөзінде: «Әлкей Марғұланның ғылымға келу уақыты - қазақ ұлтының руханияты тарихындағы алтын белесті және өнімді кезең болып табылады. Егер Әлекең дүниеге келмесе, әр ғылым салаларынан еңбектерді жазбаса, тарихымыз, этнографиямыз, әдебиетіміз, мұрағаттану, археология ғылымдары осы күндерге дейін ойсырап тұрар еді деп ойлаймын», - деген екен. 



Мақала авторы: Ruh.kz


Ruh.kz
Kz.otyrar.kz