1 Сәуір, 2019
1 - сәуірде туған сардарлар

Көкек айы есік қақты. Яғни, сәуір айы. Мұқағали ақын айтқан «Сәуір айы – қазақтың тәуір айы» еді. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген атам қазақтың ескі сөзі бар. Бүгін, міне сәуір айының басы. 1 – сәуір. 


Дәл осы күні Халық қаһарманы, Халық әртісі, атақы компизотор Нұрғиса Тілендиев, бүгінгі қазақ тарихының тамыршысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қойшығара Салғараұлы, Алаш рухты қайраткер, танымал жазушы, белгілі публицист Қоғабай Сәрсекеев, заманымыздың биік тұлғасы болған сатирик жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы сынды арыстар дүние есігін ашып, жалғанның жарығына енген екен. Ал, қазіргі таңда қырықтың қырқасынан асқан белгілі ақын, қаламы жүйрік көсемсөзші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республикалық «Ана тілі» ұлттық апталығының Бас редакторы Жанарбек Әшімжанның да туған күні.



Оқырмандарымыз үшін ұлттық рухтың тіні, төл дәстүріміздің дидары, тарихымыздың тірегі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың ділі болған аса көрнекті сөз зергерлері хақында ой толғауды жөн санадық. Мәселен, Нұрғиса Тілендиев дегенде көз алдымызға оның жалын шашқан, рух берер, намысыңды жаныр «Махамбет» поэмасы, «Ата толғауы», «Аққуы», «Құстар әні» елестейді. Өнер тұнған ұлы жүректен қаншама саф алтынға бергісіз асыл ән туды десеңізші!





Ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев



Қойшығара Салғараұлы дегеніңізде, көз алдыңызға сонау көк түріктер заманы елестейді. Асқақ та, айбынды Ерлердің алшаң басып жүргені. «Қазақтар», «Көк түріктер», «Үш мұңғұл», «Ұлы дала» тарихи кітаптары заманнан заманға ауып, оқырманның қолында тозатын, көкірек шөлін басатын қымбат әрі бағалы еңбек-ті. Биыл, әйдік жазушы Қойшығара Салғараұлы сексеннің сеңгеріне шығып отыр. Ғұмыры ұзақ, қаламы қуатты болсын!



Тарих қатпарынан тәлім алған Қойшығара Салғараұлы



Ал, Қоғабай деген Ерді айтсаңыз, алдыңызға сонау ХХ ғасырдағы кескекті заманның сайыпқыран ерлері есіңізге келеді. Қоғабай –  алашшыл арыс еді. Алаш рухынан қанаттанған, алаш сөзінен нәр алған жазушының қаламынан ұлт сөзі туды. «Қызыл жалау», «Үш арыс», «Қазағыма хат» деген қат-қат кітаптары. Алаштың атам замандағы баспасөзін нарық заманында қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. «Айқапты» тірілті. Сөйтіп, кеудесіндегі бозторғай үні тоқтағанша, жапырағы үзілгенше еліне, қазақ баспасөзінің мүддесіне адал қызмет етті. Марқұм қайраткер тірі болғанында, туған жұртымен бүгін сексен жасын атап өтер еді.





Сөздің шахматын құбылтқан қаламгер Қоғабай Сәрсекейұлы



 Сейіт деген жөні де, сойы да, сымбаты да бөлек атпал азамат еді. Ғұмырының соңына дейін қазақтың дәстүрін, этнографиясын түзіп, бабалардан қалған асыл құндылықты ұлықтап, рухани мирасымызды көпке жария етті. Сойылы зор тілінің қуатының ащылау сын айтып, досын да, жауын да ықтырды. Сатирасының оғы зіл еді. Сөзі сойыл-ды. Міне, сөйткен сойы бөлек ер еді. Осы азамат та құрдастарымен қатар сексен деген биікке шығар еді.





Мықшеге Сейіт Кенжеахметұлы



Ал, Жанарбек Әшімжанның жазған-сызғаны, өлеңі, публицистикасы көз алдымызда өрбіп жатыр. Қазақтың намысы, баспасөзінің берекесі болған азамат. Абадан азаматтың елге бергенінен берері мол. Тәңірі өзі жар болып, маңдайына жақсылықты жазсын дейміз.



Қазақ баспасөзінің қаранары Жанарбек Әшімжан



Бесікте жатқанда ақ уызына жарып, жүрегіне құт, көңіл зердесіне бақ ұялаған азаматтардың ел дегенде берері, жұрт дегенде айтары көп болса, қазақтың бағы жанып, қуаты тасыр еді. Жөргөгінде ақ туған ұлысын қуантқан, қазақ деген елдің мәдениетін асқақтатып, рухани кеңістігін дамытқан тұлғалар! 



Жұлдыздарыңыз жарық болсын! 



 



Жарқын ӘЛІ,



Ruh.kz


Ruh.kz
Жарқын Әлінің жеке мұрағатынан