29 Желтоқсан, 2018
2018 жылы әлем бойынша бай деп саналған 10 адам

«Forbes» журналы жыл сайын әлемнің ауқатты адамдарының тізімін жасап шығып отыруды дәстүрге айналдырған. Бұл тізімге әлеуеті 1-125 миллиард доллар аралығын құрайтын адамдар кіреді. Біз ендеше алғашқы ондыққа назар аударып көрелік.


1-орын. Джефф Безос





Безос абыройлы журнал жасайтын тізімде көш бастап тұр. Ол 2018 жылы өз бизнесіне 39 миллиард доллар капитал құйып, жалпы әлеуетін 112 миллиард долларға дейін жеткізді. Джефф Безос – Amazon.com интернет-дүкенінің негізін қалаушысы әрі жетекшісі.



Джефф Безос қаржы тұрғысынан сәтті қадамдар жасап келе жатқанда, 1994 жылы тәуекелге барды. Ол интернет алаңын ұлғайтуға шешім қабылдап, сол бағытқа басымдық берді. Безостың сол уақыттағы шешімі оның қалтасына әлі күнге дейін толассыз қаражат құйып келеді.



Миллиардер қазіргі уақытта ғарыш ісімен айналысуға көңіл бөлуде. Әсіресе қарапайым жолаушыларды ашық ғарышта тасымалдауды мақсат тұтуда.



2-орын. Билл Гейтс





Әлем танитын атақты миллиардерлердің бірі Билл Гейтс белгілі журнал жасаған тізімде екінші орынға тұрақтады. Билл Гейтс қазіргі уақытта атақты Майкрософт компаниясының 3 пайыз акциясын ғана иеленеді. Аз көлемдегі бөлік болғанымен, осының өзі миллиардерге тамаша табыс әкелуде. Оның әлеуеті қазіргі уақытта 90 миллиард долларға бағалануда.



Майкрософт компаниясынан бөлек миллиардерге қайта өңдеу зауыты, авто-дилер компаниясы секілді өзге де инвестициялық жобалары табыс әкеліп тұрады.



Билл Гейтс соңғы уақыттарда қайырымдылыққа барынша көңіл бөлуде. Оның осы тұрғыда жасаған істері мақтауға тұрарлық. Ол негізгі қаражат көзін денсаулық сақтау бағытына аударған.



3-орын. Уоррен Баффет





Баффеттің жасы 87-ге келгенімен, ол әлі күнге дейін ірі тұлғалар тізімінен тысқары қалған жоқ. Биылғы жылғы форбс тізімінде де ол үздік үштікті түйіндеп тұр.



Баффет кәсіпке кішкене күнінен араласты. Сабаққа алған ақшасын айналымға салып, содан түскен табысқа күн көруді үйренді. Соның арқасында ол қазір АҚШ-тың бірқатар ірі корпорацияларына инвестор ретінде белгілі.



Ол өз жұмысына белсенді араласып, жиындарды жібермей қатысады. Сонымен қатар, Баффеттің отбасылық көлемдегі қайырымдылық қоры да әлемге танымал. Оның қазіргі әлеуеті 84 миллиард долларды құрап тұр.



4-орын. Бернар Арно





Белгілі француз кәсіпкер осы жылы форбс тізіміндегі ең ауқатты адамдардың үздік бестігіне қайта оралды. Оның қаржылық әлеуеті 72 миллиард долларды құрайды. Арно иелік ететін компания Louis Vuitton, Christian Dior, Hennessy сынды алып брендтердің өнімдерін сату құқығына ие.



Әсіресе Арно жасаған Christian Dior брендінің өнімдері оның үздік бестікке оралуына сеп болды. Себебі, діл осы саудадан ол 42 миллиард доллар табыс тапқан.



5-орын. Марк Цукерберг





Президент сайлауынан кейінгі АҚШ пен Ресей арасындағы қақтығыстар Марк Цукерберг негізін қалаған Facebook желісін айналып өтпесе де, бұл кикілжіңдер оның компаниясының бағасына әсер етпеді. Компания табысы әлі күнге дейін 70 миллиард доллардан жоғары бағаланады.



Сондай-ақ, жас дарын Instagram, Whats App секілді ірі жобалармен алыс-беріс қарым-қатынасын жолға қойып алған.



Биылғы форбс тізімінде Цукерберг үздік бестікті түйіндеді.



6-орын. Амансио Ортега





Zara компаниясының үлескері 80 жастағы Амансио Ортега биылғы жылғы форбс тізімінде біршама төмендеп қалды. бұған компания активтерінің бағасының арзандауы себеп болған.



Ортега алғашында үй жағдайында жуынатын заттар тоқумен, тігумен, одан кейін іш киімдер жасаумен айналысып, кейіннен қажырлы еңбегінің нәтижесінде күллі Испания нарығын өзіне бағынышты етті.



7-орын. Карлос Слим Элу





2018 жылы жасалған америкалық рейтингке сүйенсек, Карлос Слим Элу Мексиканың ең бай адам деп есептелген. Оның қаржылық әлеуеті 67 миллиард долларды құрап отыр.



Ол америкалық ұялы байланыс желілеріне бақылау жасайтын компанияға иелік етеді. Сондай-ақ, атақты The New York Times  журналының 17 пайызына үлескер болып саналады. Сонымен қатар, ол америкалық нарықтағы риэлторлық компаниялармен, жылжымайтын мүлік саудасымен айналысады.



8-орын. Чарльз Кох





Америкалық кәсіпкер Кохтың бүгінде АҚШ саясатында, бизнесінде, меценаттық жолында өз салмағы бар. 82 жастағы кәсіпкердің қаржылық қауқары 60 миллиард долларды құрайды.



Чарльз Кохтың негізгі табыс көзі – мұнайды қайта өңейтін компаниясы. Сонымен қатар, өзінің бауырымен бірге жасайтын бизнесі, нақтырақ айтсақ, компаниясы бар. Ол компанияда Кох директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.



9-орын. Дэвид Кох





Өзінің ағасынан кішкене ғана төмендеу тұрған Дэвид Кох та форбс тізімінде ағасымен бірге Топ-10 ішіне кірді. Оның негізгі табыс көзі – сонау 1940 жылдары әкесінің еңбегімен құрылған, бірнеше салада қатар жұмыс жасайтын Koch Industries компаниясы.



Дэвид мұнайды қайта өңдеу, бір реттік ыдыстар жасау, қағаз өндірісі, құбырлар жасау сияқты бағыттарда еңбек етеді. Оның қазіргі уақыттағы қаржылық әлеуеті 60 миллиард долларды құрап отыр.



10-орын. Ларри Эллисон





Ғаламшардың билігі үстем әрі бай адамдарының тізіміндегі үздік ондықты Oracle компаниясының бұрынғы бас директоры Ларри Эллисон түйіндеп тұр. Oracle компаниясының өткен жылғы табысы 6,3 миллиард долларды құраған. Сонымен қатар, бұл компания активтерінің бағасы қазіргі уақытта 18 пайызға дейін қымбаттады.



Ал Эллисонның жалпы қаражат қауқары – 58,5 миллиард доллар.


Ruh.kz