4 Ақпан, 2019
2025 жылға қарай Түркістанға бес млн турист келеді деп жоспарлануда

 Өткен жылдың тоғыз айында туризм саласында орналастыру орындарынан түскен жиынтық табыс көлемі 1 млн теңгеден асқан.


 



Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың алдында Туризм және сыртқа байланыстар басқармасының басшысы Олжас Шынтаев пен Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты. 



Алғаш болып сөз алған Олжас Шынтаев облыста туризм саласы тарихи-мәдени, мінәжат ету, экологиялық және емдік-сауықтыру бағыттары бойынша әлеуетті екенін айтты.



"Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру және туристік әлеуетті ішкі туризмді маркетингтік ілгерілету мақсатында 2018 жылы бірқатар іс-шаралар өткізілді. Қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында ЮНЕСКО өкілдерін, Түркия мемлекетінің экспертін, "Tour Lab" туристік зертханасы мамандарын тарта отырып туристік бизнес, мұражай қызметкерлері, гид-экскурсоводтарға арналған семинар-тренинг өткізілді. Елбасының 29 қыркүйекте Түркістан қаласына ресми сапары барысында Түркістан қаласында мәдени-тарихи туризмді, Төлебиде (Қасқасу) тау-шаңғы туризмін, Сарыағашта емдеу-сауықтыру туризмін дамыту тапсырылған. Жалпы жоспар бойынша 2025 жылға қарай Түркістанға 5 млн. турист келеді", – деді Олжас Шынтаев.



2018 жылдың 9 айында туризм саласында орналастыру орындарынан түскен жиынтық табыс көлемі 1 013 875,8 млн. теңгеге жеткен. Бұдан 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға артқанын аңғаруға болады.



Аймақ басшысы облыстың имиджін көтеріп, шетелдік қонақтарды қызықтыру мақсатында сапалы жарнамалық роликтер мен фильмдер дайындау керектігін айтты.



"Аталған көрсеткіштерді Елбасының облысымызды қолдауының арқасында 2 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті шараларды дер кезінде атқару маңызды. Мәселен, туристік 6 бағыт бойынша 6 кітап шығаруды тапсырамын. Онда туристік нысандардың суреттері мен мәліметтері және маршруттық картасы көрсетілуі тиіс. Туристік компаниялардың арасында бәсекелестікті қалыптастыру керек", – деді Жансейіт Түймебаев.



Айта кету керек, биыл облыстың үш туристтік объектісі әлемдік туристік тартымдылық тізіміне еніп отыр.  



BNEWS


ontustik.gov.kz