3 Шілде, 2018
20 жылда Астананың келбеті қаншалықты өзгерді?

 Ұлт тарихында Сығанақ, Түркістан секілді іргелі шаһарлардың бас қала есебінде дәурен сүргенін білеміз. Одан беріде Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары елдің бас шаһары болды. Қылышынан қан тамып тұрған қиын кезеңді артқа тастап, бодандықтың бұғауынан босап, елімізде Тәуелсіздік таңы атты. Сол уақытта бөркін аспанға ата қуанбаған қазақ жоқ шығар, сірә. Егемендікке қол жеткізе сала, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық сананы жаңғыртуды, ақтаңдақтарды ақтауды, елдің экономикалық әлеуетін арттыруды мықтап қолға алды. 


Бүгінде бабалар аңсаған егемендіктің таңы атқалы жиырма жеті жылдың жүзі толған. Осынау ширек ғасыр уақытта Қазақстанның даму қарқыны күшейіп, ынтымақтастықты сақтайтын түрлі халықаралық ұйымдарға мүше болып, ел шекарасының аумағын айқындады. Қоғамда үлкен дағдарыс болған  сол 90-жылдары Елбасы үлкен көрегендік жасады. Мемлекеттің қарауындағы зауыт-фабрикаларды, өзге де өндіріс орындарын жекешелендіруге шығарды. Өйткені, адамзат баласының бәріне ортақ «Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім ар» деген қағидат бар. Дағдарыстың апандай ауызына жаңадан аяққа тұрған жас мемлекет жұтылып-ақ кетер ма еді, кім білсін. Тек сол шешімнің арқасында ғана ел экономикасының құлдырауы шектен тыс дәрежеге кеткен жоқ. 



Қиын-қыстау күндер де өтті. Сол кездерде мемлекет басшысы әрбір жылға атау беріп, сол атаулар бойынша кем-кетігімізді толтырып отыруға тырысты. 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялап, тарихымыз турасындағы түрлі бұрмаланушылықтар мен ақтаңдақтарды ақтау жүзеге асты.1988 жылы Қазақстан Орталық Компартиясы қаулысымен ақталған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлттың ұйытқысы бола білген ұлы тұлғалардың мол мұрасы кең насихатқа ие болып, жоғалған немесе қолдануға тыйым салған шығармалары халыққа қайта ұсынылды. Бұл – ұлт тарихындағы ең үлкен жетістіктердің бірегейі. 



Астана қаласы бүгінде елдің келбеті, Қазақстанның символы ретінде қалыптасып кеткен. Сондай-ақ, қала өркениетінің даму деңгейі 20 жылдық тарихымен салыстыра қарағанда, өте жоғары. 1997 жылы ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшкенін, араға бір жыл салып, Ақмоланың атауы Астана болып өзгергенін барлығымыз білеміз. Осы өзгерістерге Елбасының қол қойғаны күні кеше ғана сияқты еді. Міне, биыл Елордамыздың 20 жылдық мерейтойын тойлаудамыз. Замана тынысымен бірге тыныстаған Астана Тәуелсіз Қазақстанның даму көшіндегі барлық жетістіктерінің куәсі. 



Астана қаласы қазіргі кезде әлемнің ең жылдам дамыған қалаларының қатарына енеді. Бұл – әділ шешім, әділ баға, сондай-ақ, бас шаһарымыздың жетістігі. 



Елорданың алғашқы қадамы үлкен шерумен басталып, бүгінге дейін сол дүбір жалғасып келеді. Халықаралық ұйымдардың түрлі саммиттерін, спорттан Қысқы Азия ойындарын қабылдаған көркем қаланың абыройы асқақ бүгінде. 



Астананың 20 жылдық мерейтойында қала тарихындағы атаулы кезеңдерге жеке-жеке тоқталып өткеннің айыбы жоқ. Бұл мәртебелі әрі кеуде керіп мақтануға тұратын дүние. Сонымен, Елорданың төрінде сән-салтанатымен өткен әлемдік көлемдегі шараларға кезек берелік. 



Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 



Әлем халықтары ұстанатын түрлі дін өкілдерінің арасындағы ынтымақтастық және қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ, жат ағымдарға тосқауыл қою мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылатын жиын бас шаһарда бес рет өткен. Съездің тұрақты өткізілуі, сонымен қатар, оған арнайы Хатшылық құруды жөн деп тапқан шешім де дәл осы Астана қаласында қабылданған. Және бұл 2003 жылғы алғашқы жиында орын алған еді. 



2006 жылдан бастап, съез дәстүрлі түрде Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылып келе жатыр. Соңғы рет әлемдік съез бесінші рет 2015 жылы Астанада өтті. Дәл осы жиынға 42 елдің 80 делегациясы келіп, олардың құрамындағы 500-ге тарта адам қатысты. Шара барысында әлемде орын алып жатқан террорлық және экстремистік қылмыстардың Ислам әлемінен мүлде тысқары екенін, нағыз мұсылмандардың ондай жанкештілікке әсте бармайтынын жеткізді. 



Сондай-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өз кезегінде Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, татулыққа және дінаралық ынтымақтастыққа шақыратын қоғам құруды көздеп отырғанын айтып өтті. Шара соңында діни жат ағымдардың, экстремистік топтардың, дінаралық даулардың мәселесін түбегейлі шешуге түрлі пікірлер тыңдалып, нақты жоспарлар жасалды. 



Бұл – бас қаламыз бен Елбасының әлемдік түйткілдерді шешуге бағытталған, әрі адал ниетті қоғам қалыптастыруды өзге елдерге үлгі етіп көрсетуге жасаған зор ықпалы. 



Астана экономикалық форумы 



2008 жылдан бастап дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан шара биыл Елорда төрінде он бірінші рет өз жалғасын тапты. Әлемдік сауда нарығындағы, халықаралық өнім айналымындағы кемшіліктер айтылып, жүзеге асқан игіліктер ел алдында жария етілді. 



Дүние жүзіндегі ең мықты әрі танымал деп есептелінетін сарапшылар, экономистер, қаржы өкілдері, саясаткерлер мен ғалымдардың асын біріктіріп, көңіл түкпіріндегі түйткілдері мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салатын, сондай-ақ, ынтымақтастық пен өзара арақатынасты нығайтуға мұрындық болатын пікір алаңы – Астана экономикалық форумы. 



Форумның он бір жылдық тарихында дәл осы шараға қатысу үшін әлемнің 150-лен астам елінен 50 мыңға тарта делегат қатысқан. Ауқымды жиынның алқалы отырыстарында халықаралық экономикалық мәселелерді шешу мен бірауыздан қолдау тапқан ұсыныстарды жүзеге асыруға арналған 300-ден асам меморандумға қол қойылған. Аталған келісімдердің жалпы құны – 20 миллиард долларды жуықтайды. 



Астана экономикалық форумы Халықаралық беделді ұйымдардың басшылары тарапынан үлкен сенім мен қолдауға ие болған. Жыл сайын форумда экономика саласы бойынша түрлі тақырыптар қозғалып, қатысушылардың пікірі тыңдалады. Алдағы уақытта дәстүрлі шара өз жалғасын таба бермек. 



Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті және еліміздің аталған ұйымға төрағалық етуі 



Қазақстан Республикасы - посткеңестік мемлекеттер арасынан алғаш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан төрағалық еткен алғашқы ел. Осындай ұлт тарихындағы ұлы жетістік  2010 жылы орын алған болатын. Сол кезде еліміз Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 мемлекеттің басын біріктіретін ұйымның төрағалығын алғанын ұлы жетістікке балап, балаша қуанған. 



Қазақстан төраға болған жылы ЕҚЫҰ-ның ұраны латын қарпімен «Т» әрпі болғанын білеміз. «Т» әрпінен басталатын төрт сөздің түйіні талайға жүк боларлықтай. Олардың мағынасы қандай болды? Әрі қарай оқыңыз. 



Сенім (Trust) – әлем елдерінің арасындағы түрлі қарым-қатынастар турасында үлкен рөл ойнайтын маңызды фактор. Қазақстан өз төрағалығы арқылы сенім мәселесін ту етіп көтерді. 



Дәстүр (Тradition) – әлем халықтарының жеке құндылықтарына, дәстүр-жоралғыларына үлкен құрметпен қарауды негіздейтін бағыт. 



Транспаренттілік (Transparency) – халықаралық қатынастарда өзара келісім жасайтын мемлекеттер арасында шектеудің болмауы, бір-біріне мейлінше жәрдемдесуді мақсат етіп отырған бағыт. 



Төзімділік (Tolerance) – ынтымақтастықты нығайту мен халықаралық қарым-қатынастарды реттеудің жауапкершілігі жыл сайын артатынын ескере отырып, кез-келген сынға төзімді болуды мүдде тұтатын бағыт. 



Тағы бір айта кетерлігі, 11 жыл бұрын Стамбулдағы басқосудан кейін ұйымдастырылуы тоқтап қалған жоғары деңгейдегі саммит 2010 жылы Астана қаласында өткен. Саммитке ЕҚЫҰ мүшелері деп есептелетін 38 мемлекеттің басты өкілдері қатысып, дүние жүзінде беті бері қарамай келе жатқан түйткілдердің түйінін тарқату мәселесі сөз болды. 



Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер 



Сирияда әлем халқын елеңдетіп отырған жағдайдың күн санап өршіп келе жатқанын білеміз. Діни теріс ағымдардың дүрдараздық танытып, лаңкестікке бет алуы – расында адам атаулының қаперіне қауіп ұялататын мәселе. 2011 жылдан бастап, бұл түйткілді шешуге Ресей және АҚШ секілді ірі державалар араласып келеді. Соған қарамастан, лаңкестік әлі күнге дейін түбегейлі жойылмай келеді. Қазақстан бұл мәселеге 2016 жылдың қаңтар айынан бастап араласты. 



Осы уақыттан бастап, Астана қаласында Сирия үкіметі және ондағы оппозициялық қозғалыстар, Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылық өкілдері, Ресей Федерациясы басшылығы, Иран және Түркия Республикаларының арнайы делегаттарының қатысуымен келіссөздер басталып кетті. 



Астанада өткен келіссөздердің бір ерекшелігі – Сириядағы қақтығыстарға мұрындық болып отырған оппозициялық қозғалыс өкілдерінің жеке-жеке емес, біріге отырып қатысуы, сондай-ақ, шешуі қиындаған мәселені түбегейлі орнықтыруға  бағытталуы еді. 



Келіссөздер барысында Елбасы бірқатар оңтайлы пікірлер айтып, жылдам даму көшіне еруге ұмтылатын заманда халықтың тыныштығын алып, жер-әлемді босқындарға толтырудың еш маңызы жоқ, берекесіз тірлік екенін жеткізді. Ядролық қарусыз қоғамға беталыс жасау мен мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтудің маңызына арнай тоқталған мемлекет басшысының пікірін арнайы басқосуға жиналған өкілдердің түгелге жуығы қолдады. 



«EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі 



2021 жылдың 22-қарашасы – қазақ халқы үшін, Қазақстан Республикасы үшін тарихи маңызы бар күн. Дәл осы күні ЭКСПО көрмесін Астана қаласында өткізу туралы 2011 жылы 10 маусымда Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 151-ші отырысында жасалған өтінім қабылданып, 2017 жылғы халықаралық мамандандырылған көрмесін Елордада өткізу туралы қаулы жасалды. 



Өтінім жасаған кезде Нұрсұлтан Әбішұлының бейне үндеу жолдап, егер Қазақстан бұл бәйгеде жеңіске жетсе, оны абыроймен атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізуі – ұлт алдындағы ұлы жауапкершілікті беделді ақтап, келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін шынымен алаңдайтынына айқын дәлел. 



Астана қаласы Халықаралық көрмелер бюросынан рұқсат алғаннан кейін үлкен жауапкершілікті жүзеге асыруға қызу дайындық басталып кетті. Астана қаласының аумағынан көлемді павильондар салынып, шағын қалашыққа айналды. 



«Болашақтың энергиясы» деген тақырыпты ту етіп көтерген ел басшылары көрмеде баламалы энергия көздерін және «жасыл» технологияларды қолдану арқылы біршама мәселелердің шешімін табуға тырысты. ЭКСПО-2017 көрмесінде әлемнің 100-ге жуық елі қатысып, өздерінің көрме тақырыбымен ұштасатын өнертабыстарын, ұлттық құндылықтарын ұсынды. 3 айға созылған көрменің абыроймен өтуі, елдің туризм саласына айтарлықтай оң өзгерістер енуі – Елбасының көреген саясатының жемісі. 



Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар – Қазақстанның ширек ғасыр шеңберінде қол жеткізген жетістіктері, Астана тарихының жаңа беттеріне түскен маңызды жазулары. Бұл қарқынмен ел басшылығы тоқтап қалған жоқ. 



Өткен жылдың сәуір айында мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялады. Бағдарламалық мақала ұлттың өткенін саралау, тарихтағы бұрмаланушылықтарды түзету, елдің қасиетті тарихи-мәдени ошақтарын барынша насихаттау, Тәуелсіздік жылдарында ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін елеп-ескеру, әлемдік білім беру саласында бірнеше жылдан бері қолданылып келе жатқан үздік 100 оқулықты түпнұсқадан қазақ тіліне тәржімалау сынды өте маңызды бағыттарды қамтиды. 



«Рухани жаңғыру» аясында да Астана қаласының алар орыны ерекше. Елордамыз күн санап көркейіп, сағат санап сатылап өсуде. «Ақылды қала» аталымы бойынша үздік 21 қаланың тізіміне енген бас шаһардың таңғажайып тосын сыйлары, тарихи тағылымға түрткі боларлық көшбасшылық қасиеті алдағы уақытта да ұлт тынысымен мәңгі жасай бермек. «Мәңгілік ел» «100 нақты қадаммен» болашаққа бағдар жасай отырып, рухани жаңғыра отырып, әлемдік назарды өзіне аудара бермек. 



 


Ruh.kz
Feedyeti.com