25 Ақпан, 2019
25 АҚПАН – СӘКЕН СҰҢҚАР АТЫЛҒАН КҮН

  25 ақпан –  ұлт тарихындағы азалы күн.  Осыдан тура 81 жыл бұрын 25 ақпан күні Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов сынды қазақтың рухани көшін алға сүйреген, өз заманының алдыңғы қатарлы, рухи биік, интеллектуал азаматтарымыз қапияда сталиндік режимнің құрбаны болып, оққа ұшты. Қазақ елінің даңқты ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин 44 жасында дүниеден озған болатын... Қазақтың қайраткер тұлғасын еске алу үшін Астананың қақ төріндегі ақынның мемориалды музей үйіне барған едік. Сонымен, экспериментпен басталған күніміз қызыққа толы болды.

Сәкен арыстың халқымыздың әдебиетіне, мәдени қоғамына қосқан үлесі өте зор. Оның тұлғасын тану, зерделеу мектептеріміздің бастауыш сыныптарынан-ақ  басталады. Сәкеннің сымбатты да, сұлу бейнесі әрбір қазақ баласына таныс. Оның шығармалары, соның ішінде «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы – әр қазақ баласы үшін «must have».

30 (1).jpg

 Жоғарыда атап кеткендей, Сәкен Сейфуллинді танымайтын қазақстандық кемде-кем. Осы сөздерімізді дәлелдеу үшін біздің редакциямыз, Астанамыздың көшелеріне шығып, Сәкен Сейфуллиннің кім екенін сұрастырған болатын. Сонымен, эксперимент басталды. Күн – жексенбі,  ақпан айының жиырма төрті. Астанадағы С.Сейфуллин мен Бейбітшілік көшелерінің қиылыстары. Ары-бері өткен-кеткен азаматтардан Сәкен  Сейфуллиннің кім екенін сұрап тұрмыз. Бұл сұрақпен қатар, екінші сұрақ та қойылуда: «Сәкен Сейфуллин атындағы музей қай жерде орналасқан? Жол сілтеп жібересіз бе?».

 Нәтижесінде жиырмадан аса азамат сұрақтың астында қалды. Олардың қатарында қазақ, орыс, армян және татар ұлтты бауырларымыз, студенттер, аула сыпырушысы, медбике, банк қызметкері, Қарағанды қаласынан келген қонақтарымыз, Астананың сол жағалауының тұрғындары, IT-маманы, «жәй серуендеп жүргендер» болды. Осы азаматтардың 80% редакциямыздың экспериментінен сүрінбей өтті. Ал аула сыпырушы ағай мен Астананың сол жағалауынан келген тұрғындарымыз Сәкен ағамыздың музейіне дейін шығарып салды.

  Сонымен, редакциямыз «музейге барар жол challenge-нен» сүрінбей өтті.

  Әрі қарай... Күн жексенбіге қарамастан музейдің есігі ашық, гид-экскурсовод та қарсы алады. Аяқтарыңызға «бахила» киіп, кіре берулеріңізге болады.

   Музейге кірген кезде, құдды бір екі ғасыр артқа кеткендей боласың. Яғни, уақыт белдеуі ауысқандай. Ғимараттың ішіндегі «аура» ерекше, ағаш үйдің иісі де бірден сезіледі. Сәкен музейі жалпы алты экспозициялық залдан тұрады. Осы залдардың ішінде ерекше екі зал бар. Біріншісі – Сәкеннің жатын бөлмесі. Бұл бөлме сол күйі, қайраткеріміздің өміріндегідей қаз-қалпында сақталған. Төр жағына, оң жақ қапталға 1926 жылы Ташкент қаласынан алдыртқан темір керует, үстіндегі жабуы мен жастығы.

31.jpg

Керуеттің үстіңгі жағында Сәкеннің домбырасы ілулі тұр. Керуетке қарама-қарсы қара түсті «буфет» тұр, ортада жер үстел. Тағы да  сол жақ қапталда Гүлбаһрам жеңгеміздің (Сәкеннің жұбайы) «Singer» тігін машинасы мен ағаш сандықтары тағы да бар. Сол қара буфетте «жайылмай қалған ақ дастархан» бар. Бұл дастарханның өз тарихы бар екен. Сәкен мен Гүлбаһрам ұлдары Аянның бір жасқа толуын атап өтпек болады. Аянның туған күні қараша айында еді. Ұлдарының алғашқы туған күніне арналып осы «ақ дастархан» сатып алынған екен. Алайда, Сәкен Сейфуллин қазан айының аяғында тұтқындалады. «Ақ дастархан» сол күйі жайылмай қалады. Міне, «ақ дастарханның» арқалаған тағдыры осындай...

32.jpg

  Музейдің келесі тарихи бөлмесі, ол – Сәкен ағаның жұмыс бөлмесі. Бұл бөлменің қақ төрінде ағаштан жасалған қара түсті үлкен жұмыс үстелі. Үстелдің сол жағында «Underwood» баспа машинкасы мен қаламсалғыш тұр. Жұмыс үстелінің қасында сөре бар. Сөреде жалғыз фотосурет – Гүлбаһрам мен Аянның суреті. Сәкеннің жұмыс бөлмесінде оның сары түсті саквояжы да сақталған. Бұл саквояжды Сәкен Мәскеу қаласына барған бір сапарында, 1930 жылы Синторг дүкенінен сатып алған. Сол сапардан сыйға алған патефон да сол қалпында сақтаулы. Тіпті, жерде жаюлы жатқан кілем де Сәкен ағамыздың шаңырағына тиесілі. Бұл кілем 1920-30 жылдар аралығында сатылып алынған екен. Ал қабырғада ілулі тұрған сағат Сәкен Сейфуллиннің інісі Мәжит Сейфуллинге тиесілі. Жұмыс бөлмесінде көзге түсетін тағы да бір зат, ол ілулі тұрған қара түсті қолшатыр.  Сәкен ағамыз Астанамыздың жаңбырлы түнінен қолшатырмен келіп, оны осы ілгішке жаңа ғана іліп қойғандай. Қолшатырдың айтар құпиясы мен мұңы көп сияқты...

33.jpg

 Осы екі бөлме бізге Сәкеннің өмірін оқулықтағыдай емес, басқа жағынан көрсеткендей болады. Себебі, бұл бөлмелерде қайраткеріміздің өзі тұрған, «Underwood» баспа машинкасымен жұмыс жасаған, Аянның туған күні кешіне арнап «ақ дастарханды» дүкеннен алып келіп, буфетке салып қойған... Бұл Сәкен ағамыз туралы оқулықтарда жазылған тарихтан кем түспейді.

34.jpg

  Музейдің ерекше экспонаттарының қатарына, Сәкен Сейфуллиннің өзі киген еуропалық стильдегі классикалық костюмін айтуға болады. Сәкен ағамыз өте сымбатты және сәнқой болған. Бұған дәлел осы классикалық костюмі. Дәл қазіргі, 2019-2020 жылдарға арналған сән үлгісі! Болашақ дизайнерлердің «құлақтарына алтын сырға», осы костюм үлгісі бүгін де хит болары анық. Сәкен ағамыздың киім кию стилін жандандыруға болады.

35.jpg

  Жалпы, музейде болған уақытымыз, Сәкен ағамыздың алтын сағатындай болды. Алашордалық Сәкеннің тұлғасын басқа жағынан таныдық. Сіз де оқырман, Сәкен музейіне келіңіз, таныңыз! Кәмиля есімді, сұлу гид-экскурсовод айтқандай:  «Сәкен Сейфуллин музейіне қош келдіңіздер!»

 

 

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

 


Ruh.kz
Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ