20 Қазан, 2017
34 мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды

Алматы облысында «Ауылым - алтын бесігім» ауылдық мәдениет үйлері арасындағы облыстық байқау мәресіне жетті. 2017 жылдың 12 маусымынан басталып 19 шілдеге дейін іріктеуі болған байқаудың қорытындысы үлкен гала-концертпен жабылды.


Қорытынды кешке Алматы облысының әкімі А.Батталов қатысты. Әкім өз сөзінде: «Биылғы «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет байқауы шалғай елді мекендердегі мәдениет нысандарының жағдайын жақсарту, таланттыларды тану мақсатында өткізіліп отыр. Бұл байқау ауылдық елді мекендердегі мәдениет жұмысының тыныс-тіршілігіне үлкен серпіліс берді. Осы шара арқылы мәдениет нысандарының безендіру жұмыстарына көңіл бөлініп, материалдық-техникалық базаларына баса назар аударылды. Қаншама өнер ұжымдары мен өнер иелері өздерін көрсете білді. Бұл шара алдағы жылдары да өз жалғасын табатын болады», - деп қатысушыларға жылы лебізін білдірді.



Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласын аясында, халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға аудандық және ауылдық мәдениет үйлері қатысқан. Мәдениет үйлерінің жұмысын бағалаған әділқазылар алқасы ережеге сай, 10 бағыт бойынша мәдениет үйінің сыртқы, ішкі безендірілуі және көгалдандырылуын,  материалдық-техникалық жағдайын, мекемеге тиісті барлық құжаттарының жасалуы мен оның орындалуын,  көркемөнерпаздар үйірмелері мен атағы бар ұжымдардың жұмысын, қолөнер шеберлерінің көрмесін, мәдени іс-шаралардың өткізілу деңгейін, тұрғындармен қамтылуын, кадрлардың сапалық құрамы және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандардың тартылуын, жарты сағаттық концерттік бағдарламаның сапасы мен жалпы ұйымдастыру жұмыстарын саралап, байқау қорытындысын шығарды.



«Ауылым алтын бесігім»  ауыларалық мәдениет күндеріне белсене қатысып Байқау қорыындысында «Үздік» деп танылған ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар анықталды. Облыс бойынша олардың саны 34. Аталмыш шарада әр қайсысына  материалдық-техникалық аппараттар мен 300 мың теңге сыйақы берілді.



Айта кетейік, Алматы облысында мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде ауылдық және аудандық мәдениет орталықтарына баса назар аударылып отыр. Мәселен, 2017-2020 жылдар аралығында облыстағы бюджеттен қаржыландырылатын 243 мәдениет үйi мен клубтар күрделі және ағымдағы жөндеуден өтетін болады. Бұл жоба да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске аспақ.


ruh.kz