15 Қыркүйек, 2020
42 шақырымдық марафонды кім ұйымдастырды?

Лекер қажы ауылында «Bayanaul RUNNERS» әуесқой жеңіл атлеттер клубы мен аудандық «Баянтау» газетінің ұйымдастыруымен «Денсаулық фестивалі» өтті. 

8-бетке 2.JPG

Салауатты өмір салтын насихаттау және оқушыларды спортпен жүйелі айналысуға ынталандыру мақсатында өткен турнирде әуесқой спорт клубы мен аудандық басылым жүлделері сарапқа салынды. 

- Карантин уақытында барлығымыз үйде отырдық. Бар ермегіміз – теледидар мен ұялы телефон болды. Әсіресе, жасөспірімдер қауымы интернетке байланды. Қазір шектеу шаралары жеңілдетілді. Соған байланысты оқушыларды сергітейік, бойларын жазайық деген оймен бірнеше спорттық шараны қолға алдық, - дейді ұйымдастырушылар.

«Bayanaul RUNNERS» – 2018 жылы құрылған әуесқой клуб. Құрамында оқушылардан бастап жігіт ағасы жасына жеткен азаматтар бар. Клуб жалпы саны 20 спортшының басын біріктірген. Клубты құрудағы басты мақсат – жеңіл атлетика спортын дамыту. Сонымен бірге, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу. Жастарды, жүгіруге баулу. Бұл жұмыстар нәтижесіз емес. Клубтың бірнеше мүшесі облыстық, республикалық марафондарда жүлдегер атанды.

8-бетке.JPG

Жарыс бір күнге созылды. Алдымен клуб мүшелерінің қатысуымен 42 шақырымдық марафон ұйымдастырылды. Желаяқтар «Баянауыл ауылына кіреберіс стелла – Ақсаң ауылына кіреберіс стелла – Баянауыл ауылына кіреберіс стелла – Лекер қажы ауылына кіреберіс стелла» бағытында 3 сағат 45 минут 50 секунд бойы тоқтамастан жүгіріп өтті. Марафонға клуб мүшелері Нұрсұлтан Бірлік пен Мирас Панабек және Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Қоянбай ауылынан арнайы келген марафоншы Арман Әзімжанов қатысты.

Арман – Бесқарағай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Жүгірумен 18 жасынан бастап айналысады. Жақында 23 жасқа толған туған күніне орай 23 шақырым қашықтықты еңсеріпті. 

- Мен түрлі қашықтықтағы марафондарға жиі қатысамын. Көпшілігінде жүлдегер атандым. Ал, бұл марафонға әлеуметтік желіде жарияланған жарнаманы көріп, арнайы келдім. Жүгіру – денімізді сауықтырады, денемізді шынықтырады және ойымызды тынықтырады, - дейді Арман.

Бұдан кейін әуесқой жеңіл атлеттер клубының тәрбиеленушілері – Шәкен Айманов атындағы мектептің және Лекер негізгі мектебінің оқушыларының қатысуымен 3 шақырымдық қашықтыққа жаяу жарыс ұйымдастырылды. Жарыста 20 жас желаяқ бақ сынады. Нәтижесінде аталған қашықтықты 11 минут 35 секунд уақытта жүгіріп өткен баянауылдық Бақтияр Қуан мәре сызығына бірінші жетті. Клубтың тағы бір жас жүйрігі Сымбат Бірлік мәреге екінші болып жетті. Ал, Лекер қажы ауылының намысын қорғаған Дарын Қуан үздік үштікті түйіндеді. Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері «Bayanaul RUNNERS» клубының грамотасымен, медальдармен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Жарыс күні футболдан жолдастық кездесумен аяқталды. Тартысты ойында марафоншылар құрамасы мен Лекер негізгі мектебінің оқушылар құрамасы «Баянтау» газетінің ауыспалы кубогы үшін таласты.

8-БЕТКЕ 5.JPG

15 минуттан тұратын қос тайм өте қызықты өтті. Есепті 5-минутта алаң иелері ашты. Сол жақ қапталдан жасалған өткір шабуылды Дарын Қуан нәтижелі аяқтады. Ал, 8-минутта қонақтар тарапынан Нұрсұлтан Бірлік жауап добын соғып, есепті теңестірді. Дүркін-дүркін шабуылдармен алмасқан қос команда да жеңістен үмітті екенін дәлелдеді. Бірнеше шабуыл қорғаушылардың сауатты қимылымен тойтарылса, келесі шабуылдарды – қақпаға бағытталған соққыларды қақпашылар қайтарды. Есепті еселеуге бірінші болып лекерліктер талпынды. Ол талпыныстары аяқсыз қалмады. 14-минутта, тағы да сол жақ қапталдан сытылып шыққан Қуат Қуан қарсыластардың барлығын алдап өтіп, оң жақтан ашылған Ақжол Қуанға пас шығарды. Ал, ол аяғына дөп келген допты қақпаға тоғытты. Есеп – 2:1. Бірінші тайм осылай аяқталды.

Екінші таймда қонақ командаға бәрін басынан бастауға тура келді. Тағы да алға ұмтылды. Тағы да шабуылды күшейтті. Бұл кезеңді қонақтар басымдық танытумен бастады. Алдымен, 11 метрлік айып добы – пенальти тебуге мүмкіндік алды. Бірақ қонақтар шабуылшысы алаң иелерінің қақпашысы Нұрсұлтан Қайырбектен айласын асыра алмады. Қап, өкініштің өзекті өртеуін-ай! Есепті тағы теңестіретін тамаша мүмкіндік еді. «Әттеген-айлап» жүріп жасалған екінші бір шабуыл нәтижелі аяқталды. 20-минутта Нұрсұлтан Бірлік өз еншісіне екінші голды жазды. Таразы басы тағы теңесті.

Тең есеп екі команданы да қанағаттандырмады. Өз алаңында ұтылмауды ойлаған оқушылар құрамасы жинақы ойнай бастады. Допқа көбірек иелік етті. Бұл жолы да Қуат Қуан өзі бастап, оң жақ қапталдан ұйымдастырған шабуылды өзі аяқтады. 23-минутта соғылған бұл доп – жеңіс голы болатын. Себебі бұдан кейін қанша шабуыл жасаса да екі жақ та гол сала алмады.

«Баянтау» газетінің ауыспалы кубогы үшін өткен алғашқы турнирде Лекер негізгі мектебінің оқушылар құрамасы жеңіске жетті. Кубокты басынан асыра көтерген оқушылар келесі турнирге мықтап дайындалатындарын айтты. Ал, Қуат Қуан «Үздік ойыншы» атанды.

Бір күндік шағын спорт жарысы оқушыларға үлкен қызығушылық сыйлады. Олар өз сөздерінде бұл жарысқа тыңғылықты дайындалғандарын айтты.  

Марапттау рәсімінде Лекер негізгі мектебінің директоры Динара Садықова «Bayanaul RUNNERS» әуесқой жеңіл атлеттер клубын Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен бірге, көршілес аймақтан арнайы келіп, өз мүмкіндігін өзіне де, өзгеге де дәлелдеген, спортқа деген қызығушылығы мен адалдығын танытқан Арман Әзімжановқа ауыл азаматтары шапан жауып құрмет көрсетті.
Клуб мүшелері осындай спорттық жарыстары жиі ұйымдастыруды, аудандағы барлық ауылда «Денсаулық фестивалін» өткізуді көздейді. Келесі бағыт – Жұмат Шанин ауылы.

Айта кетерлігі, «Марафон жарысының» пайда болу тарихы жайлы әйгілі аңыз грек жауынгері Фидиппид (кей жазбаларда Филиппид) есімімен байланысты. Ол афиналық әскердің жеңіске жеткен хабарын жеткізу үшін Марафон мен Афины қалаларының аралығын жүгіріп өткен. Бұл қашықтық қазіргі 42 шақырым 195 метр болған деген деректер айтылады. Қазіргі уақытта әлемде түрлі қашықтықта әртүрлі марафон жарыстары ұйымдастырылады. Қазақтан шыққан даңқты марафоншы – бірнеше әлем рекордының иегері жерлесіміз Марат Жыланбаев екенін мақтанышпен айтқымыз келеді.

Еламан Қабділәшім

Ruh.kz