28 Қазан, 2019
5 КӨНЕ ҚАЛА. OPEN QAZAQSTAN

«Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі, өткендерін жек көрген – өшкендіктің белгісі» 


Еліміздің киелі жерлер географиясынан хабар тарататын Open Qazaqstan айдары осыған дейін оқырманды көптеген қызықты деректерімен таныстыруға тырысып келді. Мұны айдарымызды жиі оқитын оқырмандарымыз жақсы біледі. Айдарымыздың кезекті саны қасиетті қазақ халқының ортағасырдағы шежірелі қалалары жайында. Тарихты білу, мәдениетті ұғу әрбір адамның үлкен парызы. Ендеше тарих парақтарын бірге ақтаралық! 

құлан қалашығы.jpg

Құлан қалашығы.

Жамбыл облысы (бұрынғы Әулие-Ата) аумағында орналасқан Құлан қалашығы жайлы бірі білсе, бірі білмес. Бүгінгі Тұрар Рысқұлов ауданының орнында құрылған қаланың 1400 жылдық тарихы бар. Құлан қаласы туралы ең алғашқы ғылыми-археологиялық зерттеулерді тарихшы-өлкетанушы В.В. Бартольдтің еңбектерінен көруге болады. VII-XII ғасырларға жататын қаланын орны 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Құлан қаласы туралы деректерді орта ғасырларда өмір сүрген саяхатшылар мен зерттеушілердің еңбектерінен кездестіруге болады. ІХ ғасырда өмір сүрген араб географы, тарихшы Ибн Хордадбех пен Х ғасырдағы араб географы, филолог Құдама ибн Джафардың еңбектерінде
қала Тараз қаласының шығысынан батысқа қарай он төрт фарсахта орналасқан деп көрсетілген. Бұл жерде қалашықтың ежелде Шығыс пен Батысты байланыстырған – Ұлы Жібек жолы бойында бой көтергендігі айтылған. Олар: «Тараз бен Құлан аралығының солтүстік жағы құм, ол құм мен малта тастан тұратын шөл дала, ондағы қиын жол қимақ шекарасына дейін созылады» деп жазып кеткен екен. Ал Х ғасырда өмір сүрген араб географы әл-Макдиси Құланды «бекіністі қала», «алқалы мешіті бар» және «ол үлкен Тараз жолында бос қалған» деп жазған. ІІІ ғасырда жазылған «Якут аль-Хавами» атты географиялық сөздікте: «Құлан – түріктер елі шекарасындағы, Мауреннахр жағындағы әдемі қала» делінген. Бүгінгі таңда қалаға археологиялық зерттеулер әлі де жүргізілу үстінде. Себебі археологтар қаладағы жоталардың қатпарында құпиясы ашыла қоймаған талай тарихи жәдігерлердің болуы мүмкін екендігін айтады. Қала орнында жүргізілген ғылыми-археологиялық зерттеулерден әртүрлі бейнелер, хан мен уәзір отырған бөлмелер, ғибадатхана, ыдыс-аяқтар, құмыралар, мұсылмандық жолмен жерленген оншақты адамның сүйектері және т.б. тарихи жәдігерлер табылған. Қалаға соңғы жылдары зерттеу жүргізіп жүрген археолог Қуаныш Шохаевтың сөзіне қарағанда, Құлан қаласын келешекте аспан астындағы мұражайға айналдырмақ. Археолог: «Егер бұл жұмыстар аяқталатын болса, ежелгі Құлан қалашығына туристер келіп, тарихи орындарымызды тамашалайтын болады», - дейді. Қысқасы тарихы 1400 жыл әріректе жатқан, қазақ даласында етегін жайған көпжылдық тарихы бар көне қалалардың ішінде алғашқы үштікте тұрған Құлан қалашығына шеттен келген туристер бармай тұрып, барып алыңыз. Әйтпесе кезекке тұрып қалуыңыз әбден мүмкін. 

қойлық.jpg

Қойлық қаласы.

Қойлық қаласының тарихына да 1000 жыл. Оның тарихта Қаялық, Қайлақ деген секілді бірнеше атаулары бар. Қала ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығында Қарлұқ қағанатының астанасы болған. Қойлық қаласы өз дәуірінде мәдениеті озық, ірі шаһарға айналған. Қойлық қаласы маңында жүргізілген түрлі зерттеулер нәтижесінде онда қыш ыдыстар, су құбырларының сынықтары, астықты сақтайтын сауыттар, құмыралар және т.б. табылған.

Қызықты бір деректі айта кетейік. Х ғасырда Людовик Вильгельм Рубрукты Орта Азия елдеріне саяхатшы ретінде елшілікке жібереді. Вильгельм Рубрук осы Қойлық қаласына тоқтап, мұнда қонақ ретінде қабылданған екен. Сондағы сапарында ол жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен етене танысады. Сол жылдары жазылған саяхатшының «Шығыс еліне саяхат» атты еңбегінің арқасында Қазақстанның Іле алқабындағы Қойлық қаласын бүкіл Еуропа жұртшылығы білді. Қала 2013 жылдан бері дүние жүзілік тарих және мәдениет тізіміне еніп, ЮНЕСКО қамқорлығына алынған. ЮНЕСКО құрамына кіру үлкен мәртебе. Құрамға кіргеннен кейін ол жерді әлем халқы тани бастайтыны хақ. Қойлық қаласы дүние жүзілік тарих пен мәдениет тізіміне кірмес бұрын да онда келуші туристер көп болды. Ал одан кейін туристер саны екі есе артты. Франция, Мәскеу секілді әлемнің ірі қалаларынан қонақтар келіп, мұражай басшылығына «ЮНЕСКО қорғауындағы мұражай» деген сертификат тапсырып кеткен. Көріп отырғандарыңыздай, қасиетті Ұлы дала, көшпелілер әлемі – қазақ жерінде өзімізден бөлек, дүние жүзі халқы да ерекше қызығатын құнды дүниелер өте көп. Өзге жұртты қызықтырған ежелгі қала орны қалайша өз халқын қызықтырмайды. Барып көріңіз. Сізге де ұнары даусыз. 

аспараа.jpg

Аспара қаласы.

Ақсақ Темірдің әмірімен салынған, өзге ортағасырлық қалалардың ішінде аумағы бәрінен де үлкен Аспара қаласы екі ел шекарасын байланыстырушы қала болып келеді. Ол Меркі ауданы, Андас батыр ауылының ортасында Аспара өзенінің жағасында орналасқан. Қазақтар өзенді «Аспара» десе, қырғыз ағайындар «Ашмара» деп кеткен. Қала орнында қалған топырақ үйінділері мен олардың ауқымдылығы келушілерді күн санап таңқалдыруда. Көне қала жайын көптеген археолог мамандар зерттеп келеді. Археологтардың айтуларына қарағанда, қала маңында ежелде толассыз соғыстар орын алған. Олар көптеген жебе мен найза, қабырғалары өртенген үйлердің қалдығын тапқан. Сонымен бірге қалада тұрған тұрғындар саны да көп болған деседі. Ең қызығы қалаға жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде сиырдың жауырын сүйегіне жазылған түркі тіліндегі жазбаны тапқан. Тағы бір тарихи дерек: ортағасырларда Аспара қаласы ата-бабаларымыздың әскери орталығы болған. Қала жайында қызықты дереккөздер өте көп. Аспара қаласы қазақтың тұңғыш астанасы болған. Алғашқы астана деген сөз кім-кімге болмасын ерекше ой тудырары хақ. Ал оның тарихын білу қай-қайсымызға болмасын міндет. 

төрткүл қаласыыы.jpg

Төрткүл қаласы.

Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасында орналасқан ұлан-ғайыр жерімізде көптеген көне қала қалдықтары бар. Қазір көне болғанмен, уақытында барлығы да дүркіреп тұрды, сондай-ақ қалалардың дені Ұлы Жібек жолы бойында бой көтерген. Солардың бірі Тараз қаласының батыс жағында, қазіргі Ы. Сүлейменов көшесінде орналасқан Төрткүл қаласы. ІХ-ХІІІ ғасырлар аралығында тарих беттерінен орын алған Төрткүл қаласы ірі сауда орталығы болған. Оған қала орнынан табылған сақтау қоймалары дәлел бола алады. Тараз археологиялық экспедициясының жетекшісі Карл Байпақовтың басшылығымен қалаға ірі зерттеу жұмыстары жүргізілді. Өкінішке орай көне қаланың батыс қабырғасы сақталмаған. Алайда келешекте қаланы туристік аймаққа айналдыру үшін ғалымдар еңбектену үстінде. Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары мен мамандары қаланы тарихи-мәдени ескерткіш ретінде сақтап, этнотуризмді дамыту үшін археологиялық қазба жұмыстарын қайта жүргізуде. Қазіргі күні «Төрткүл керуен-сарайын» аспанасты мұражайға айналдырып, онда келушілерге тастан жол төселіп, қойылған экспонаттарды тамашалауға жағдай жасау мақсатын алға қойып отырғанын айту керек. Соның арқасында «Төрткүл керуен-сарайында» ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен қолданбалы өнеріміз бір орталыққа шоғырланатын болады. Олай болса көне шаһарымыздың ірі туризм орталығына айналуына бірге атсалысайық. 

саудакент.jpg

Саудакент қалашығы.

Ертеде Жамбыл облысының жерінде орналасқан Саудакент қаласы өз дәуірінде ірі сауда орталығы болған. Қалашық VIII-XIII ғасырлар аралығында үлкен керуен жолы бойында құрылған. Бұл Шыңғысхан билік басында тұрған заманмен тұспа-тұс келеді. Сол кездерде қалаға Қытай, Пәкстан, Иран елдерінен саударгерлер келіп, түрлі-түсті маталар, әсем кілемдер сатқан. Бұл қала мәдениеті мен қолөнері дамығандығын байқатады. Бүгінде көне қалашықтан 5000-нан астам тарихи жәдігерлер табылып, мұражайға өткізілген. Жүргізілген қазба жұмыстарының арқасында қаладан қылыштың сынықтары, теріден жасалған тегенелер, әртүрлі қару-жарақтар табылды. Шыңғысхан үлкен шайқас жүргізіп, қаланы қиратқан. Елден табылған құрал-сайман түрлері сол сұрапыл соғыстан қалса керек-ті. Саудакент қалашығын ежелде түргештер мен қарлұқтар мекен етіп, онда егін егіп, бау-бақша салған. Бұған берірек қалада өмір сүрген тұрғындардың сол жерден түргештердің теңгелерін тапқаны дәлел.

Сонымен қатар қаланы жергілікті тұрғындар «Күлтөбе» деп те атайды. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген тарих беттерінен белгілі оқиға тап осы маңайда болған. Болашақта қаланы ірі туристік аймаққа айналдыру жоспары бар. Соған орай қазір онда тал егіп, спорт кешенін салу жұмыстарын бастамақ. Онымен қоса археологтар қалашықтың орталық бөлігін зерттеуге қаражат бөлінсе, онда талай құнды дүниелер табылатынын айтып, ұсыныстарын білдірген. Олар кез келген турист барған жерінің тарихымен, мәдениетімен тереңнен танысқысы келетінін айтады. Сондықтан қалашықты толығымен зерттеп, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру керектігін айтады. Күлтөбенің басында жиын өткізген даңқты билеріміз жайлы бүкіл әлем танығанын қай қазақ болмасын қалайтыны анық. Ендеше көне қаламыз Саудакенттің аспанасты мұражайға айналуына бірге үлес қосайық.

P.S: Мақаламызда ежелгі қалалардың ішіндегі тек 5-еуі туралы ғана жаздық. Алайда әлемде жер көлемі бойынша 9-орынды иеленетін кең байтақ қазақ жерінің киелі байлығы жетіп асады. Әрине барлығын бір жерге сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан, құрметті оқырман, келесі санды асыға күтіңіздер. Ал бұл жолғы тақырыпқа шығаратын түйін тек біреу ғана. Оны дана халқымыздың мына мақалымен жеткізгіміз келеді: «Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі, өткендерін жек көрген – өшкендіктің белгісі».

 

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден