23 Қыркүйек, 2019
5 өзен. Open Qazaqstan

Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қасиетті өлкеміздегі өзендер туралы айтсақ па дейміз.

Әлемде жер көлемі бойынша 9-шы орынды алып тұрған ұлы даламызға туристер көзімен қарайтын болсақ, онда әрбір саяхатшыны қызықтырар табиғатқа ие екеніміз белгілі болады. Еліміздің табиғаты мен туристік аймақтарына өзімізден бөлек өзге мемлекеттер де тамсана қарайтыны таңсық жағдай емес. Қазақстанның әсем табиғаты, өзен-көлдері, таулы жерлері қай азаматты болмасын өзіне тартып тұрады. Қорықтар, шөлді аймақтар мен жазықты жерлер өзінше бір қызық дүние десек қателеспегеніміз болар. Open Qazaqstan айдарының әр санында біз Қазақстанның ғажайыпқа толы әсем жерлері жайында сөз етіп, қалың жұртшылықты еліміздің географиялық аймақтарымен таныстыруға үлесімізді қосып жүруге тырысамыз.

Табиғатқа қарасаңыз айналамыз әсем дүниелерге тұнып тұр. Бұл жолғы айдарымызда Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қасиетті өлкеміздегі өзендер туралы айтсақ па дейміз. Табиғи су ағыны салынған арнамен ағып отыратын өзендеріміз туралы аз-кем деректерді ұсынамын. Қызық болса көз жүгіртіп өтіңіздер! 

ертіс.jpg

Ертіс өзені.

«Бастау алып ағады Қытай жерінен,

Бұрынғы атақоныс қазақ елінен,

Көп өзендер суымен молығып,

Тоғысады Қара Ертіс Зайсан көлімен.

Зайсан көлінен ұзын Ертіс ағады,

Қалың тоғай көк майсалы жағалы.

Өскемен, Семей, Павлодарды қақ жарып,

Солтүстік Мұзды мұхитқа құяды» демекші, өзендер топтамасының басына Солтүстік Мұзды мұхиты алқабындағы ең ірі өзен – Ертістен бастауды жөн көрдік. Ертістің суы еліміздегі басқа өзендерге қарағанда әлдеқайда мол. Оның жалпы ұзындығы – 4248 километр, ал Қазақстан жеріндегі ұзындығы – 1700 километрді құрайды. Ертіс «иір өзен, иір су» деген мағынаны білдіреді. Өзен Моңғол Алтайынан бастау алып, еліміздің шығысынан өтеді де, Ресейдің Обь өзеніне құяды. Яғни, Ертіс – еліміздің шығыс бөлігін алып жатқан ірі өзен. Аралас қоректенетін бұл өзен жайында аңызда да, шынайы өмірде де жиі ұшырасады. Асай Қайғы бабамыз кезінде желмаясымен жаһанды аралап жүріп: «Суы тұнық, шөбі шүйгін, малға да, жанға да жайлы мекен болғандай. Қос қапталындағы нулы тоғайы, ағынды суы кісіні қызықтырады екен. Түбінде қара Қытайдың құлағы қылтиып көрінетін жер ғой» деген екен. Абыз бабамыз бұны Ертістің бойымен жүріп өткенде айтыпты. Асан Қайғының осы сөздері Ертістің адамға да, қоғамға да пайдасы орасан екенін білдіріп тұрғандай. Ертістің суы арзан электр энергиясын өндіруге пайдаланылады. Сондай-ақ өзен кәсіптік маңызы бар балық түрлеріне өте бай. Сол себепті егер де Алтай жеріне жолыңыз түсіп жатса, онда міндетті түрде Ертістің шоқыр, бекіре, лақа, аққайран, шортан, сылан, қара балық, алабұға секілді балықтарының дәмін татып кетіңіз. Айтпақшы, сіз бұрын Семей шаһарын ауыз сумен қамтамасыздандыратын Ертіс өзені солтүстік жарты шардағы ең ірі 10 өзен қатарына кіретінінен хабардар ма едіңіз? Қысқасы, ұлы Абайды шомылдырған Ертіске тезірек жолыңызды бұрып, міндетті түрде барыңыз. Қанша дегенмен 10 рет естігеннен 1 рет көрген артық қой. 

сырдариявв.jpg

Сырдария өзені. Сыр елі, жыр елінде орналасқан бұл өзен көне грек тілінде «Яксарт» деп аталған. Бұлай деп Батыс елдері атаған. Ол атау парсы тіліндегі «Yaksha Arta» («Үлкен Маржан») деген тіркестен пайда болған екен. Сырдарияның тарихта көптеген атаулары болған. Яғни ол сан алуан мағыналарға ие. Олар: «Інжу өзені», «Нағыз Інжу», «Үлкен өзен», «Суық өзен» сияқты. Ежелгі заманда Сыр алқабында өмір кешкен әртүрлі тайпалар, сол жолмен жүрген саяхатшылар, географтар мен тарихшылар оны «Сейхун», «Танаис», «Силис», «Канг», «Яксарт», «Банакит» деп те атаған екен. Ал жергілікті халық оны «Дария» деп атап кеткен. Ұзындығы – 1400 шақырым болатын өзен орта ғасырлардағы мұсылман жазбаларында жұмақтағы төрт өзеннің бірінің аты «Сейхун» атымен аталған деген де дерек бар. Онда не тұрыс, Жұмақтағы өзендер қатарына кіретін Сырдарияға сіз де саяхаттап қайтпадыңыз ба?!

Өзіңіз ойлап көріңізші, біз білетін бір Сырдарияның тарихта қаншама атаулары бар. Бұл қазақ халқының тарихы тереңде жатқандығының айғағы. Оған қоса, қазақтардың ата-тегі – сақтардың еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласының жерінде өмір кешкенін білеміз. Қысқасы, бұдан біз Сыр бойы аумағының туристік аймақ екендігін байқаймыз. Оның бойымен Шығыс пен Батыстың сауда қатынасын байланыстырып отырған Ұлы Жібек Жолы өткен кездерде ірі қалалар салынған. Ал сол жердің тарихымен танысқыңыз келсе, онда еш ойланбастан сапарыңызды Сыр бойына қарай бұрыңыз. Әрі өзенге көзіңізді қанық қыласыз, әрі қала тарихымен таныс боласыз. Сондай-ақ, қаланы екіге бөліп тұрған сол жағалау мен оң жағалауды көріп сіз де тамаша әсерге бөленіп қайтыңыз. 

Есилллл.jpg

Есіл өзені. Елордамыздың көркі саналатын Есіл өзенінің ұзындығы – 1400 шақырым. Есіл қала тұрғындары үшін ғана қолайлы емес, ол бас қаламызға келуші қонақтардың да өзіне деген ықыласын арттырушы өзен. Еліміздің астанасы зәулім ғимараттарымен адамдардың назарын өзіне аудартады. Ал ондағы Есіл өзені халыққа одан екі есе кереметтей етіп әсер қалдырады. Есілдің кереметтігін мына өлең жолдарынан оңай байқаймыз:

«Есіл ағады, Есіл ағады,

Ақбұйра толқын жарды ұрып.

Есіл аққанда, есіп ағады,

Жағада жартас жаңғырып.

Есіл ағады, Есіл ағады,

Мағжанның жүйрік жырындай.

Мені де бір қыз есіне алады,

Тарқатып өрген бұрымды...»

Есіл өзені экологияға қарсы бірден-бір күш іспетті. Онда жаз басталса болды адамдар суға шомылып, ал күн қарайысымен қала жастары оның жағасында көтеріңкі көңілде жүріп сауық-сайран құрады, серуендейді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік шекарасы Кенесары айлағынан бастап, сол жағалауға дейін 45 минуттық туристік жол бар. Ол, әсіресе, жылдың 365 күнінде тынбай балық аулайтын балықшылар үшін өте тиімді. Өзен шортан, тұқы, сазан, ақ шабақ сықылды балықтарға толы. Ұзын сөздің қысқасы, Елордамыздың әдемілігі бір бөлек, оның көркі болып келетін Есілдің орны бір бөлек. Бас қаланы көру көпшіліктің арманы. Онда әнмен тербелген Есілдің аққанын көруге асығыңыз, ағайын! 

жайықққ.jpg

Жайық өзені. Жайық – тарихи оқиғаларға куә болған өзендердің бірі. Ол туралы талай аңыз әңгімелерде де айтылған. Тарихи деректерде әйгілі Александр Македонскийдің өзі осы өзен суымен шөлін қандырғаны жазылған. Ал он сегіз мың ғаламның ұстазы Аристотель өзеннің құмды жерлерінен шыққан қара майды көрген кезде қатты таңқалыпты. Олай болса, еліміздің батыс өңірінде орналасқан өзенді көріп сіз де бір таңқалып қайтпадыңыз ба?! Талайларды таңқалдырған Ақжайықтың суына Махамбет пен Исатай бабаларымыздың әскерлері аттарын суарған екен. Даңқты қолбасшы болған Сұлтан Бейбарыс осы Жайықтың жағасында дүние есігін ашқан көрінеді. Ер Төлегеніміз өзен бойымен өтіп, балалық шағын осында өткізген Қыз Жібекке келген көрінеді. Өте қызық, Ақжайығымыздың бойында сан тарапқа бөлінген тарихи оқиғалар орын алған.

ЖайықЕуропа мен Азияны бөліп тұрған өзен. Яғни, ол екі құрлықтың қақ ортасында орналасқан. Оның Қазақстандағы ұзындығы – 1084 шақырым болып келеді. Жайықта да балықтың сан түрі бар. Сондай-ақ Еуропа мен Азияның шекарасы осы Жайық өзенінің бойымен өтеді. Жайыққа қатысты ғажайыптарды айта берсек өте көп. Сондықтан нүктені Мұхтар Шахановтың «Жайықпен жүздескенде» атты өлеңіне қойып аяқтасақ па дейміз:

«Сәлем, ұлы Жайығым!

Толқыныңа кім салмады қайығын,

Кім шертпеді саған келіп шаттығын,

Кім жумады саған келіп айыбын».

Сіз де шартарапқа әйгілі болған Ақжайыққа барып сәлем беріп қайтсаңыз, өкінбейтіңіз анық. 

иле озени.jpg

Іле өзені. Іле өзенінің ұзындығы – 815 шақырым. Өзен Балқаш алқабында орналасқан. Іленің бойында Қапшағай, Бақанас, Құлжа, Бақбақты атты ірі елдімекендер бар. Зерттеулерге сүйенер болсақ, Іле сөзі моңғолдың «ил» сөзінен шыққан. Ол «жарқырау» деген мағынаны білдіреді. Осығай орай Іле «Жылтыр өзен» деген атауға ие болған. Іле өзені де басқа да өзендеріміз секілді бірнеше жылдық тарихы бар өзендер қатарында. Тіпті ол жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан заманынан 1000 жыл бұрын пайда болған деген де деректер бар. Елімізде осындай тарихи аймақтардың көптігі қай қазақтың болмасын жүрегін жылытып әкететіні айтпаса да белгілі.

Іле өзенінің қоғамға тигізіп жатқан пайдасы көп деуге әбден болады. Мәселен оның шаруашылықтағы маңызы ерекше. Онда «Қызыл кітапқа» енген біраз құстар мен жануарлар мекендейді. Сондықтан үйрек пен қаз, пеликан, ақмарқа, көкбас, пілмай сияқты құстар мен жануарларды жақыннан көргіңіз келсе, онда Іле өзеніне саяхаттап барсаңыз болады. 

Өзенде Орталық Азияда сақталып қалған жалғыз табиғи нысан бар. Ол айтып отырғанымыз – Іле өзенінің атырауы. Онда әлі күнге адам аяғы тимеген жерлер бар. Сол себепті де Іле өзені елімізде сирек кездесетін құстар мен жануарлардың табиғи отаны саналады. Іле атырауында флораның 427, фаунаның 345 түрін кездесдестіруге болады. 

қапшағай иле.jpg

Іленің ортасында «Қапшағай» су қоймасы орналасқан. Жыл санап онда келетін туристер қатары көбейіп келеді. «Қапшағай» су қоймасы экожүйені басқару кілтіне айналған. Осыншама әсем дүниелері бар бұл аймаққа баруды қалар ма едіңіз? Қызықсаңыз, көріп, біліп қайтыңыз.

P.S: Су – тіршілік көзі. Өзен-көлдерге қарап барлық тіршілік иелерінің жаны рахатқа бөленеді, моральдық тұрғыдан милары тынығады. Судың жағасында сәл де болсын уақыт өткізу – денсаулыққа өте пайдалы. Себебі таза ауа судың жағалауында көбірек болатыны белгілі. Еліміздегі өзендер арнасы тек жоғарыда аты аталғандармен ғана шектеліп қалмайды. Қазақстанда ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Судың қоғамға пайдасы мол екендігін ескере отырып, өзендер мен көлдерге жиі саяхаттап жүрсек өзімізге жақсы. Ал өзен-көл көру үшін шетел асып кетудің қажеті шамалы. Өз еліміздің ішінде де ондай көрікті жерлер көп.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Ашық дерек көздерден