9 Қыркүйек, 2019
5 Тау. Open Qazaqstan

Тауларда жүрдім, 

 Тау таулығын көрсетті, 

 Ақша бұлттармен көрші етті! 

 Қыраны шалған қиырын

Марфуға Айтқожина

Бүгінгі мақаламызды еліміздің тауларына арнаймыз деген сәтте есіме бір аңыз түсті. Жаратушы әлемді жеті күнде жаратқан кезде, жер шарының барлық түпкіріне өзендер мен тауларды молынан сыйлаған екен. Адамдардың барлығы да риза болып, оған алғысын білдіріп келген-ді. Тек бұл халықтардың арасында қазақтар болманған екен. Олардың келмеу себебі бірден анықталады. Қазақтың шегі жоқ дархан даласы жаратылған кезде оған орман мен таулар жетпей қалған-ды. Жаратушы, «баласының» не үшін «ренжігенін» түсініп, қолында қалған аз-кем тау мен орман-сулардың байлығын ұлы даланың бойына дарытқан-ды! Міне, сол бағзы заманнан бері біздің дархан еліміздің табиғаты еш өзгерменген екен. Шынымен де, картаны ашып қарасаңыз, еліміздің қай жері болмасын, өзінше әсерлі, өзінше әсем. Соның ішінде республикамыздың таулары да ерекше!

Open Qazaqstan айдарының бүгінгі шығарылымы аспанмен таласқан, жазық далада жайғасқан Тауларға арналады. Қызық болса, мархабат!

мугалжар.jpg

Мұғалжар таулары. Қазақстандағы Орал тауларының оңтүстік сілемі. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан. Таулардың абсалютті биіктігі 300-400 метрді құрайды. Бұл таулардың маңынан археологтар палеолит дәуіріне жататын адам қаңқаларын және әшекей бұйымдарын тапқан. Қазба жұмыстарының нәтижесінде Мұғалжар тауларының маңын адам өте ерте заманнан бастап мекен еткен. Мекеннің жазда өте ыстық климатына қарамастан сыңғы жылдары шет ел асып келетін туристердің саны еселеп артып келеді. Жалпы бұл тауларға велосипедпен немесе жол талғамайтын көлікпен келген жөн. Мұғалжар тауларының комплексіне Боқтыбай тауы, Сандық тау, Жыланды тау, Шортанды тау, Дау тауы, Қызыладыр, Қосшоқы, Жетім тау, Кеңқуыс, Айрық тау, Жалғыз тау, Сары тау сияқты географиялық мекендер енеді. Мұғалжар тауларының атауына қатысты бірнеше аңыз бар. Бірі адай-табын руынан шыққан батыр Мұғалдың өз туыстарына ренжіп, осы тауларды мекен еткенімен байланысты болса, екіншісі Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Батақ Сарымен байланысты екен.

казыгуртт.jpg

Қазығұрт. Шымкенттің оңтүстігіне қарай орналасқан ұзын тау жотасы. Оның ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1876 метрді құрайды. Қазығұрт тауының қазақ елі үшін рухани қазына екеніне ешкімнің де күмәні келмес. Аңыздарға сенетін болсақ үлкен топан суынан кейін Нұх пайғарымыздың кемесі осы Қазығұрт тауының шыңына тоқтаған екен. Әрине тауға қатысты осындай аңызды естіген кезде бұған сену қиындау болады. Алайда тау мекеніне келіп, жергілікті тұрғындардың және шырақшылардың рухқа толы әңгімелерін естіген кезде бұл жердің сакралды энергетикасын сезіне бастайсың. Қызығұртқа барар жолда алдымен сізді «қырық елес періштелері» қарсы алады. Аңыздарға сенсек бұл «періштелер» жолаушының жолын жеңілдетіп, қиындықтардан өтуге жәрдем береді екен. Жалпы Қазығұрт тауының ерекше күші келген туристердің бойына күш-қуат сыйлайды. Сол себепті тау басында жолаушылар мен қатар таудың берер күшіне сеніп келушілер де баршылық. Қазығұрт тауының шыңына кез-келген адам көтеріле алмайды. Бұл үшін адамның рухы таза болуы керек екен. Тау шыңына көтерілу үшін 1,5 сағаттан 3 сағатқа дейін уақыт керек. Көтерілу жолының бойында сегіз энергетикалық «қақпасы» кездеседі. Бұл «қақпалардан» өткен сайын бойыңа күш жинайсын. Әрине Қазығұрттың басындағы кеме бүгінде жоқ. Алайда аңыздарға сенетін болсақ пайғамбарымыздың ағаштан жасалған кемесі Қазығұрт тауының екі шыңына тіреліп тоқтаған екен. Сол шыңға көтерілген әр жолаушы таудың сакралды күшін сезіне алады. Сол сезімнің өзі аңыздың шынайылығын дәлелдейтіндей. Қазығұрт сөзінің мағынасы – әділ қасқыр. 

каратау.jpg

Қаратау. Аңыздарға сенетін болсақ Қаратау тау жотасы осыдан миллиард жыл бұрын пайда болған. Тіпті, кей үңгіірлердің ішінен динозаврлардың қаңқаларын да табуға болады. Ал тағы да бір аңыз бойынша, дәл осы таудың арасында Қорқыт өз қобызын тығып кеткен екен деседі. Алайда қобызды табу қиынға соғатын шығар?! Себебі бұл таулардың ұзындығы 420 шақырымды құрайды. Қаратау немесе Сырдариялық Қаратау еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Қаратаудың ежелгі атауы – Арғынтау.

коктобе.jpg

Көктөбе. Алматы қаласының халықаралық брендіне айналып үлгерген Көктебе туралы не білесіз? Теңізден 1130 метр биіктікте орналасқан Көктөбе Алматы қаласына жақын орналасқаны соншалық, тауға серуендеп шығу қала тұрғындары мен қонақтары үшін қыйынға соқпайды. Өткен ғасырдың басында таудың атауы Веригин таулары болған. Жалпы бұл таулардың танымалдылығы қала қонақтарының арасында жақсы белгілі. Тауға қанат жолдары арқылы көтеріліп, әсем қала – Алматының тамаша көріністерін көруге болады. Көктебенің инфрақұрылымы мен қызмет көрсету сервисі өте жақсы дамыған. Кез-келген туристің көңілінен шыға алатын Көктөбе жылдың қай мезгілінде болмасын сізді күтеді.

шеркала.jpg

Шерқала тауы. Табиғаттың ерекше сыйының бірі – киелі Маңғыстауда орналасқан Шерқала таулары. Түркі тілдерінен аударғанда Шерқаланың мағынасы «Арыстандар қамалы» дегенді білдіреді. Шерқаланы алыстан байқаған кезде оның қазақтың киіз үйіне немесе төңкерілген пиалаға ұқсайтынын бірден байқайсыз. Ал басқа ғаламшарлықтарға сенетін кей азаматтар таудың басқа ғаламшардан келіп, осы жерде қалып қойған жатғаламшарлықтардың кемесіне балайды. Міне, қызық! Шерқаланың биіктігі 332 метр. Таудың шыңын бағындыру үшін арнайы құралдар қажет, ал оны айналып шығу үшін екі сағаттай уақыт кетеді. Байқасаңыздар, Шерқала біздің 1 000 теңгелік купюраның бір жағында орналасқан. Шерқалаға келіп, оның мистикалық болмысы сізді қатты таң қалдырса, таудың маңында түнеп қалсаңыз да болады. Күндіз таудың аппақ жартастары көзге шағылысса, күн бататын шақта бұл таулар отқа оранғандай болады. Тарихқа сүйенетін болсақ, Шерқаланың маңында Ұлы Жібек Жолы өткен және бұл жолдың бойында үлкен-үлкен керуендер тоқтап, тыныққан. Бағдаттан жол алған 3 000 түйесі бар алып керуендер Шерқаланы демалыс пунктіне айналдырған екен.

P.s. Қандай тау болмасын бәрімізді де қызықтырып, өзіне тартады. Барлығымыз да оның шыңын бағындырып, ауасымен терең демалғымыз келеді. Табиғаттың ерекше жаратылысы – таулар адамға ешқашан бағынбайды. Олар  бізге рұқсат береді. Өз шыңына көтерілуге рұқсат береді. Аңызға толы таулар шыңына көтерілгенде ғана олар өзінің рухымен бөліседі. Өміріңізде бір рет болса да тау шыңына шығып көрген жөн, оқырман!


Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
ашық көзден