5 Қараша, 2019
5 Туристік аймақ. Open Qazaqstan

Халықта сөз бар: «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген. Сол сияқты саяхатымыздың басын өзіміздің елден бастап, шынайы ертегі мен ерекше табиғи құбылыстарды тамашалап қайтыңыз.


Open Qazaqstan айдарының бүгінгі санында да әдеттегідей Қазақстан жеріндегі ерекшеліктер жайында жазылады. Бұл жолы біз сіздермен елімізде орналасқан 5 туристік аймақ туралы мәліметтермен бөліскелі отырмыз. Өздеріңіз білетіндей қазақ жерін киелі мекен деп бекер айтпаған. Елімізде табиғат сыйлаған туристік аймақтар өте көп. Алайда қасиетті, дархан даламызда ірі және ерекше тарихпен сыбайлас келген демалыс орындарының көп болғандығы сонша, өкінішке орай, біз олардың барлығын өзіміздің мақаламызға сыйдыра алмадық. Бүгінгі саннан Шарын шатқалы, Балқаш көлі, Бурабай курорттық аймағы, Алакөл көлі, Айғайқұм (Әнші құм) секілді туристік аймақтар һақында аз-кем деректермен таныс боласыз. Дегенмен біздің порталдың сіздермен бөлісер қызықтары осы аталған 5 аймақпен шектеліп қалмайды. Еліміздің қасиетті жерлері жайлы келесі тақырыптарды асыға күтіңіздер. 

Шарын шатқалы. 

шарын шатқалы.jpg

Мысыр, Швейцария, Анталия, Дубай болмаса Дунай ма? Жоқ, бұл өзіміздің жердегі құпияға толы табиғи аймақ – Шарын шатқалы. Алматы қаласынан 195 шақырым қашықтықта орналасқан шатқал «Алқаптар ғимараты» деп аталып кеткенінен хабардар ма едіңіз? Олай аталуына себеп те айқын, әрине. Шарын шатқалының суреттегі бейнесіне қараған болсаңыз, онда оның қаншалықты алып әрі ертегілер әлемін көзге елестететіндігін байқау қиын емес. Суреттің өзінде биік тастары бірден аңғарылып тұратын шатқалдың қасына барғандағы келбетін өзіңіз жобалай беріңіз. Шарын шатқалындағы төбесі көкке жетіп тұрған алып тастардың ең биік нүктесін бағындыру аса оңайға соқпайды. Оның қыр-сырымен танысқандар: «Егер алып тастардың қасынан ілгері өтіп, жолмен тіке қарай алға беттей берсеңіз Жер Ананың шеткі нүктесіне аялдап қалған секілді күйде боласыз» деп айтады. Сонымен қатар ондағы тастардың пішіндері қолдан жасалған ғимарат, мұнаралардай болып келген. 

шарын шатқалы..jpg

Негізінен Шарын шатқалының кереметтілігін айта берсек таусылмайды. Онда биіктігі 150-300 метрге дейін жететін «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы» және т.б. құмды жарлар бар. Жер бетіне адам аяғы тимей тұрып, миллиондаған жылдар бұрын пайда болған Шарындағы алып аңғарлар бір қарасаң шөлді даланы, биік құз-жартастарды, бір қарасаң мұнараларды елестетеді. Тұрғылықты халық егер де сол маңайда жел соқса, үңгірлердің ішінен түрлі дыбыстар, ысқырықтар шығып, жын-перілердің отанындай болып кететінін айтады. Алайда бұл ешқандай да перілер мекені емес, Алла жаратқан ғажайыпқа толы, тірі миф. Мыңдаған жылдардың жұмбағын жасырған бұл шатқалдың әлі де болса айтары көп. Сондықтан Шарынның қалған тосын сыйларын өзіңіз барып көргеніңіз абзал.

Балқаш көлі. 

Балқаш көлі..jpg

Сіз табиғи айнаның болатынын білесіз бе? Иә, ол да Ұлы дала жерінде жайғасқан. Қандай мекен дейсіз ғой?! Айна сықылды жарқыраған айдын – еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан Балқаш көлі. Жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан батыс пен шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлі болып келетіндігімен ерекшеленетін Балқаш көлінің табиғаты кім-кімді болмасын таңқалдырады. Мұнда күн райы көбінесе жылы болып тұрады. Дәл осы күшімен ол өзіне туристерді көптеп тартады. Балқаш өңірі жан-жануарлар дүниесі және өсімдіктер әлемімен де ерекше көзге түсетін аймақ. Сонымен қатар Каспий және Арал теңіздерінен кейін үшінші орында тұрған көлді ертеректе сол маңайдағы халықтар «Ақ теңіз», «Жұмбақ көл» деп атаған екен. Ал көлдің «Балқаш» деп аталуына байланысты ел арасында бұрыннан айтылып жүрген аңыз әңгіме бар. Онда осыдан бірнеше ғасырлар бұрын бұл көлдің батыс бөлігінде мыңды айдаған, асқан байдың ақылына көркі сай, нағыз ханшайымдай хас сұлу – Балқия атты қызы болғандығы айтылады. Аруды бүкіл ауыл-аймақ болып Балқияжан деп еркелетіп жүріп, кейін олар Балқаш деп кеткен. Содан көлдің де атауы Балқашқа айналған деседі. 

Балқаш көлі....jpg

Балқаш көлінің жағасы танымал туризм отаны ғана емес, онда спорттың судағы түрлері де қарқынды дамыған. Мәселен, Балқашқа келген туристер желкенді қайық, байдаркамен және каноэмен есу, спорттық балық аулау секілді суда жүргізілетін спорт түрлерімен таныс бола алады. Статистикаға сүйенсек, көл жағасында жылына 4 мыңнан астам адам демалады екен. Тынығуға келетін туристер көрсеткішінің өсуіне сіз де үлес қосып қайтыңыз. Отандық туризмді бірігіп дамытайық! 

Бурабай курорттық аймағы. 

Бурабай курорттық аймағы.jpg

Республикамызда жыл он екі ай бойы туристерді қарсы алып, оларға тиісті қызмет көрсетуден жалықпайтын тағы бір таңғажайып мекен бар. Ол – Бурабай курорттық аймағы. Бурабай Қазақстанның солтүстігінде, Көкшетау қыраттарының солтүстік-батысында орналасқан. Бұл жер өзінің аңызға толы қызық шежіресімен, әсем табиғатымен келушілердің назарын өзіне аудартады. Бурабайда үлкенді-кішілі көлдерді де, ірілі-ұсақты, тым биік не тым аласа да емес тауларды да жолықтыруға болады.          Яғни сол жаққа жолыңыз түссе, ну орманды тауының айналасын шарлап серуендеуге, мөлдір-тұнық көліне шомылуға, айналасындағы саяжайларға жатып демалуға болады. Шаршағанды басатын, көңіліңізді көтеретін бір нәрсе таба алмай жүрген болсаңыз, онда ойланбай Көкшеге барып, қарағайлы орманының ауасын жұтып, жылқымен серуендеп, ескекті, моторлы қайықтарға немесе катамарандарға мініп, тынығып қайтыңыз. 

Жұмбақтас.jpg

Бұның барлығы Бурабай кереметтілігінің бір бөлігі ғана. Ал ең сиқырлы бөлігі – әрине, Жұмбақтас. Әйгілі жартас Әулиекөлдің (Бурабай көлі) сол жағында, Көкше мен Теміртау тауларының ортасында орналасқан. Жұмбақтастың пішіні пирамида тәріздес, жиектері дөңгеленген граниттен тұрады. Жұмбақтас аты айтып тұрғандай, жұмбаққа толы. Үш бағыттан қарағанда үш түрлі көрініс беретін әйгілі жартас туралы халық арасында әртүрлі аңыз әңгімелер де тараған. 17 жастағы қалмақ қызы тұтқынға түскенде Оқжетпес шыңынан Бурабайға секіріп, ол жерде жартас пайда болған дейді. Егер Бурабайдан Абылай хан алаңына қарай, қайық станциясының жанынан жүріп келе жатсаңыз, шашы желбіреген жас қыз бейнесін көресіз, әрі қарай жүре берсеңіз, яғни қарама-қарсы беттен мыстан кемпірді көруге болады, ал Оқжетпес шипажайы жағынан қарағанда Сфинкстің бейнесі көрінеді. Орыстілді авторлар Жұмбақтасты «Сфинкс» деп атап кеткен. Жұмбағының шешімі табылмаған сырлы Жұмбақтастың атышулы тарихымен өзіңіз барып, танысып-білісіп қайтқаныңыз дұрыс. Не дегенмен, мың рет естігеннен гөрі, бір рет көргеніңіз артық емес пе?!

Алакөл көлі. 

Алакөл көлі...jpg

Орта ғасырда үстінен Ұлы Жібек жолының керуені өткен Алакөл көлі Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысы аралығында орналасқан. Алакөл ежелгі түрік және моңғол тілдерінен аударғанда «ұлы көл» және «тау көл» деген маңыналарға ие. Бір қызығы көлге қарағанда оның суының түсін анықтау қиын. Ұсақ көлдер сан алуан түстес болып келеді. Айталық, Сасықкөл – көгілдір, Қоржынкөл – сұрғылт, Қылытұз – сары түсті. Аймақ тұрғындары көлдің пішінінің, көлемінің және түсінің әртүрлі болуына байланысты көлді Алакөл деп атап кеткен.

Алакөл – шипалы мекен. Мұны медицина да дәлелдеген. Онда келген демалушылар дерттеріне шипа іздеп барады. Оның суы, әсіресе, радикулит, артрит, тері ауруларына ем. Сондай-ақ Кеңес Одағы кезінде Алакөлді «Ғарышкерлер үйі» деп атайтын болған екен. Оған себеп: көлдегі жабық аймақта ғарыштан оралған ғарышкерлер бірнеше ай бойы ем-дом қабылдап, нәтижесінде ғарышкерлердің ағзасы радиациядан тазарып шығатын көрінеді. Былтыр жазда осы үрдіс жалғасын тауып, қазақстандық және ресейлік ғарышкерлер Алакөл жағасына демалуға барған. Олардың арасында Халық қаһарманы, Қазақстанның ғарышкері Талғат Мұсабаев та бар. 

Алакөл көлі..jpg

Алакөлге өз еліміздің азаматтарынан бөлек шетелдіктер де келіп, тынығатын болған. Демалыс орны күніге дамып, қазірде шетелден келген туристер оның шипалы суына шомылатын жағдай туған. Әйткенмен көлдің қызмет көрсету сапасы алдыңғы жылдары төмен болғаны жасырын дүние емес. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Алакөл турасында айтқан бір сөзінде былай деген екен:

«Биыл да, келесі жылы да жағалаудағы құрылыс жұмыстарын жалғастыра береміз. Құрылыс аяқталғаннан кейін осында келетін туристер Алакөл суының емдік қасиеті мен қызмет көрсету сапасына ғана емес, табиғатына тамсанып, жалпы Қазақстан мен сол өңірдің тарихына тереңдейтін болады. Осында қарағай мен шырша егеміз. Айтқандарымның бәрі орындалған жағдайда Алакөл Түркиялық жағалаулармен бәсекелесе алатын болады».

Ендеше, біз әкім сөзіне қосылып, барлығы шын мәнінде орын алады деген тілектеміз.

Айтпақшы, халық арасында жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан осы жерге түмендерімен келіп, жарақаттанған жауынгерлерімен емделген деген аңыз әңгіме де айтылады. Шын өмірде шипалы, тарихта қызықты аңызға толы атымен сақталған Алакөлге қалайша бармауға болады?!

Айғайқұм (Әнші құм). 

Айғайқұм (Әнші құм).jpg

Кезінде Шохан Уалиханов Қашқарияға жасаған сапарында пана болған жер – Айғайқұм немесе Әнші құм жайында естуіңіз бар ма еді? Айғайқұм Алматы облысы Кербұлақ ауданы Іле өзенінің айналасында орналасқан Үлкен Қалқан тауы және Кіші Қалқан тауы етегіндегі құмды төбе. Неліктен «Әнші құм» аталып кеткен деген ой туған болуы керек. Екі жақтан соққан желдің әсерінен одан кәдімгі сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас әуезді дыбысты естуге болады. Шығыстан соққан желдің күші ұлғайған кезде биіктігі 150 метрлік құм таудың басына қарай шоғырланады. Осы кезде реактивті ұшақтың гүріліне ұқсайтын дыбыс естіледі екен. Бұл табиғат құбылысы көбіне түнде орын алатын көрінеді. Осы себепті де Айғайқұм мемлекеттік ландшафттық табиғат паркі туристердің назарын өзіне аударады. Әнші құмтың ауа райы ашық күндері дыбыс шығаратыны ғалымдар үшін де жұмбақ. Біреуі ағзаның әуеніне, енді бірі реактивті ұшақтың гүріліне ұқсатады. Физика ғылымында да өзіндік мағынамен түсіндіріледі. Онда бұл құбылысты құрғақ құмдардың үйкелісі және кристалдық электрлену делінеді. Сол маңайдағы тұрғындар арасында да атақты құмды тау туралы түрлі аңыздар таралған. Олардың бірінде: «Барқанның ішінде әуезді, кері пиғылды, іші қара ниетке толы адамның құм астында қалып, жаны қиналғаннан шығатын дыбысы» десе, екінші бір аңызда: «Дуаланған сұлу қыз жатыр, соның дауысы» делінеді. Тағы біреуінде: «Сусымалы құмның төбесіне шыққан адамның ежелгі арманы орындалады, ал адасқан адам үлкен күнәһар болады» деген наным-сенім қалыптасқан. 

Айғайқұм (Әнші құм)..jpg

Көңіл аудартарлығы әлем бойынша мұндай айрықша табиғи құбылыс байқалатын жерлер Қытай, Ресей, Арабия мен Америка сияқты елдерде ғана бар. Бұдан шығаратын түйін: Алла жаратқан табиғи құбылысты көру үшін елімізге дүние жүзінің әр бөлігінен туристер қаптап келеді. Сондықтан да өзіміздің құндылықтарымызға қанбай тұрып шет асудың қажеті жоқ. Не дегенмен, мұндай әуенді құмтөбе әлемнің тек 6 елінде ғана бар. Қысқасы, Әнші құмға аяқ басыңыз.

P.S: Мақаланы толық оқыған болсаңыз, онда шын өмірде де ертегілер әлемі, ғажайыптар дүниесі, тылсым күштер, тірі аңыздардың болатынына көзіңіз жеткен болар?! Олар өмірде, соның ішінде біздің елде де бар. Керемет емес пе?! 

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото - ашық дереккөздерден