1 Шілде 2019 Ruh.kz 250

АЯТЖАН АХМЕТЖАН: АЛТЫН БЕЛГІНІҢ ҚҰНЫ КЕТТІ!

 | RUH.kz
Баланы қалай және қашан дайындау керек? ҰБТ ұлт тағдырын анықтай ала ма?

Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік.

Білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік...

Абылай хан

Білекті бірді, білімді мыңды жығатын заманда білімнің сапасы өте маңызды рөл атқаратыны баршаға мәлім. Білімді басты назарға алған уақта білім беру орталықтарының да саны күрт арта түсетін заңдылық бар. Сондай орталықтардың бірі һәм бірегейі – «Qazbilim» орталығына барып, жұмыс істеу жүйесімен танысып қайтқан едік. ҰБТ – ұлт тағдырын шеше ала ма? Баланы қалай және қашан дайындау керек? Тестілеу жүйесіндегі өзгерістер білім сапасына қалай әсер ететінін аталмыш орталықтың басшысы Аятжан Ахметжан ағамыздан сұрап, білген едік. Мархабат:

Ruh.kz: Орталық жайлы, сол орталықтың басшысы жайлы айтып өтсеңіз:

Аятжан Ахметжан: Республикалық «Qazbilim» орталығы 2016 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Биыл түлектердің төртінші легін ұшырып отырмыз. Қазіргі таңда еліміздің бас қаласында екі филиал, Алматы қаласында бір филиалымыз бар. Осы жылы 400-ден астам шәкірт орталықты тәмәмдағалы тұр. Оның сыртында тек ұлттық біріңғай тестілеуге (бұдан әрі ҰБТ) ғана дайындық үшін емес, Назарбаев мектебіне, білім инновация лицейіне, алдыңғы қатарлы мектептер мен жоғарғы оқу орындарына түсу үшін арнайы эмтихандарға дайындаймыз. Сонымен бірге тіл курстарын да оқытамыз. Бұл орындармен тығыз байланысымыз болмаса да, сол оқу орындарының бағдарламаларына қарай дайындық курстарын ұйымдастырамыз.

Ruh.kz: ҰБТ ұлт болшағын айқындай ала ма?

Аятжан Ахметжан: 60-70 пайыз айқындай алады.

Ruh.kz: Сол алпыс пайыз үшін, қалған қырық пайызын құрбан қыламыз ба?

Аятжан Ахметжан: Иә...

Ruh.kz: ҰБТ-ға дайындау курстары көп-ақ. Qazbilim орталығы түлектерді қалай дайындайды?

Аятжан Ахметжан: Біз балаға тест сұрақтарын жаттатпаймыз. Кез-келген пәннің сонау басынан бастап толыққанды бір шолып өтеміз. Содан соң тестілеу жұмысын өткіземіз. Аз уақытта ғана тест сұрақтарын жаттап дайындалған бала тест сұрақтары өзгерген күнде төмен бал алып қалады, немесе 3 ай жазда бәрін ұмытып қалады. Ал, басынан бастап, байыптап, түсініп оқыған және қабылдаған бала қандай жағдай болмасын тестілеуді сенімді тапсырып шыға алады. Және ол білімнің қандай жағдай болмасын ұмытылмасы анық. Былтыр медицина саласына 78 бала түсті. Сол балалар жиі хабарласып, жылы лебіздерін білдіріп тұрады. Біздің дайындықтан өткен сол балалар ЖОО-ның да эмтихандарын оңай тапсырып шығады. Себебі оларда базалық білім бар.

Ruh.kz: Білімін шыңдау бір бөлек іс те, баланы психологиялық жағынан дайындау бір бөлек іс. Осыған қаншалықты назар аударасыздар? 

Журналист пен орталық басшысы.jpg

Аятжан Ахметжан: Психологиялық дайындық жыл бойы өтіп тұрады. Тоғыз ай дайындық уақытында тоғыз түрлі психологиялық сағаттар өткіземіз:

–        Мамандық таңдау және болашақ

–        Ізденіс және нәтиже

–        ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетудің жеті жолы

–        Түлектермен сырласу

–        ҰБТ-ны тапсырудың ұтымды жолдары, т.б. тақырыптарда мотивациялық тренингтер өткізіп тұрамыз.

Түлектер қалай дайындалу керек, немен дайындалу керек, мотивацияны адам қайдан алу керек, психологиялық күйзелістен қалай шығады, оған неге түседі, түспеудің амалы не? Осындай сұрақтар төңірегінде жыл бойы тренинг өткізіп отырамыз. Бұл жыл бойы жүруі де керек. Оныншы сыныпқа жеткенше керек қылмаған баладан он бірінші сыныпта нәтиже талап ету дұрыс емес. Көптеген орталықтар балаға тест жаттату арқылы бірден орташадан жоғары нәтиже көрсеткізіп береді. 100 бал алып отыратын бала бір өзгерістен соң 60-ақ бал алып қалады. Осыдан соң күйзеліс, тағысын тағылар...

Ruh.kz: Базалық білім жылдар бойы жинақталатын үдеріс. 10 жыл бойы түк түсінбеген бала, 1 жылда бәрін түсіне қоюы мүмкін бе?

Аятжан Ахметжан: Баланың қабылдауы әртүрлі. Кейбір баланың базалық білімі болмаса да, қабылдау деңгейі жоғары болады. Ал қабылдауы да, базалық білімі де болмаса, жағдай қиындау болады. Онда мимырттап қаласың.

Ruh.kz: Сізге имидж маңызды ма, жоқ орталықтың табалдырығын аттаған түлектің көрсете алатын нәтижесі маңызды ма?

Аятжан Ахметжан: Мен жарнаманың сан түрлі әдісін білемін. Егер маған орталықтың жарнамасы мен имиджі маңызды болса оны әлдеқашан жасап алар едім. Бірақ маған мені, менің баламды және менің туыстарымды емдейтін, оқытатын мамандардың сауатты болғаны маңызды. Сол үшін барымды саламын. Орталықта білім беретін мамандарды іріктеп, таңдап аламын. «Біздің білім беру жүйеміз дұрыс емес» деп қол қусырып отыра беруді бәрі біледі. Шынымен уайымдаған, шынымен қам жеген адам ұнамаған дүниені, көңілі толмаған дүниені өзгерте алады. Тым болмаса өзгерту үшін әрекет ете алады.

Ruh.kz: Баланы орталыққа қабылдамай қоятын жағдайлар бола ма?

Аятжан Ахметжан: «Итің жаман» десе намыстанатын халыққа «балаң жаман» деуге болмайды ғой. Біз кез-келген баланы алдымен екі ай сынақ мерзіміне аламыз. Сынақ мерзімінде әр баланы өзімізше зерттейміз. Мұғалімдермен үздіксіз жұмыс істеп, жұмыстарын қадағалап отырамын. Кімнің болмасын ешқандай пәнді ұнатпауы, бірде-бір пәнге қызықпауы мүмкін емес. Бір пәнге шамасы келмесе, екінші пәнді, үшінші пәнді оқытып көреміз. Сөйтіп баланың таңдау пәніне қатысты жұмыс жүргіземіз. Бәрін қабылдау да, бәрін қабылдамау да мүмкін емес. Кілтін тапсаң болды. Біреуі математиканы, біреуі химияны, біреуі тарихты жақсы қабылдайды. Біз алдымен сол қабылдай алатын, қабылдағысы келетін пәнді табамыз. Кейін сол пән бойынша, сол бағыт бойынша дайындаймыз.

Ruh.kz: Біреулер жақсы оқып жүріп төмен баға алып қалады, ал біреулер «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп белгілеп жақсы көрсеткіш көрсетіп жатады. Осы сөзде шындық бар ма?

Аятжан Ахметжан: Қалай болса солай белгілей салып, білімі жақсы баладан да жоғары көрсеткіш көрсету дегенге сене алмаймын. Білімі жақсы баладан сәттілікке ғана сенген бала ешқашан оза алмайды. Егер дайындалмаған бала белгілі бір көмектердің арқасында жоғарырақ бал алып кетсе, онда ол қисынға келетін сөз. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» белгілеп, жақсы көрсеткіш көрсету деген еш қисынға келмейтін сөз.

Ruh.kz: ҰБТ сұрақтары туралы біршама сөз болып жүрді. Ақылға симайтын сұрақтарды да көрдік. Бұндай тесті кім құрастырады?

Аятжан Ахметжан: Бұндай бір шулы жаңалықты сенсация іздеген журналистер жасап алады. Алғашқы жылдары, тәжірибесіз кезде небір түрлі сұрақтар болды. Жоққа шығара алмаймыз. ҰБТ биыл он алтыншы рет өткізіліп отыр. Ресми біріңғай тестілеуде аса бір түңілетін сұрақ көргенім жоқ. Ал сынақ тестері кезінде нешетүрліні көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сынақ тесті ресми тесті емес. Сынақ тестеріндегі сұрақтарды жекелеген орталықтар да құрастыра беруі мүмкін. Ол психологиялық дайындықты тексеру үшін де керек шығар?! Ал ресми ҰБТ сұрақтары алдымен құрастырушылардан шығады, одан соң тексеріс орталықтарының мақылдауымен, сараптамасымен ғана түлектердің алдына келеді. Әр жылы тестілеуден соң мардымсыз сұрақтар алынып тасталынады. Бұл үздіксіз жетіліп келе жатқан дүние.

Ruh.kz: ҰБТ форматы өзгерді. Үш жыл бұрын тест бағасы аттестаттың түсіне, алтын белгіге әсер ететін еді. Қазір ҰБТ жоғарғы оқу орнына түсу үшін ғана тапсырылатын болып қалды. Өзгеріс оң ба?

Аятжан Ахметжан: Бұның оң жағы да, теріс жағы да бар. Теріс жағы – алтын белгінің құны кетті. Алтын белгінің 2004-2016 ж. Ақтау көрсеткішінің ең жоғарғысы – 48 пайыз болған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 98 пайызға дейін көтерілді. Қазір 99 пайызы ақтайды. Алтын белгіні ақтамай қалу жоқ қазір. Яғни, алтынға ұсынылды дегеніңіз – ақтады дегеніңізбен бірдей. Мектепті үздік тәмәмдаудың тым оңайлап кеткені бұл. Елдің бәрі алтын белгіні алатындай құнсыз дүниеге айналып кеткені тағы бар. Бұл менің түсінігім. Мектептің тәуелсіз білім сапасын анықтаудан алыстауы білім сапасына айтарлықтай әсер етеді.  

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БИЗНЕС ПЕН ТАБИҒАТ ҮЙЛЕСІМДІЛІКТЕ ӨМІР СҮРЕ АЛА МА?

Сұлтан Мұстафин

Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

17 Тамыз, 2019

Бесік жыры

16 Тамыз, 2019

Музыкада өз атыңа кір келтірмесең, биік асуларды алуға болады!

16 Тамыз, 2019

RUH MAN: Есенғали Раушанов – Құлыншақ

15 Тамыз, 2019

Еркіндік – киіз үйден басталады!