31 Мамыр 2019 Ruh.kz 711

ҚАЗАҚТЫҢ АҢШЫЛЫҚ КӘСІБІ

 | RUH.kz Фото: Интернет беттерінен
Аң аулау мәдениеті. Кәсіп ретінде дами бастауы. Қазақ әдебиетіндегі аңшылықтың үлгісі мен үрдісі.

Аңшылықтың алғашқы іздері

Адамзат тарихында аңшылық ең алғаш рет басталған тіршілік кәсібі болып есептеледі. Адам баласы хайуанмен қарайлас өмір сүріп жүрген алғашқы дәуірде ірі ет қоректі хайуандардың өзінен кішірек, шамасы еркін жететіндерін ұстап жеп, күнелткені сияқты өмір кешкені мәлім. Кейін келе ормандардың қозданып, өртенуінен және жай отының жер бетіндегі тіршілікті от апатына ұшыратуынан барып, адамдар отты өзіне пайдалануды, яғни отқа піскен еттің шикі еттен әлдеқайда дәмді екендігін ұққан. Адам баласының отты пайдалануды, яғни өртке кеткен орманның қозынан шоқ алып, от жағуды, оның шоғын сақтау жолын табуы адамзат тарихындағы ірі ілгерілеушілік болып есептеледі. От мәдениетінің дүниеге келуі бұдан 100-150 мың жыл ілгергі ірі тапқырлық болды.

«Біздің дәуірімізден 10 мың жыл бұрын табиғатта ерекше орын алған апатты кездегі аз іркілістен кейін қазақ даласын мекендеген тайпаларының негізгі кәсібі аңшылық болды. Ал Сырдария мен Амударияның және көл жағаларын мекендегендері балықшылықпен күн көрді. Жерге көптеп түсен метеориттер (аспан денелері) сол дәуір адамдарына тәңірге табыну сенімін қалыптастырды. Отқа табыну мен отпен аластау осы сенімнің көріністері... Қазақ даласының сол кездегі тайпалары ата кәсібі аңшылықпен шұғылдана жүріп тастан, сүйектен қару-жарақ жасады... Кейін бұл қарулар оншалықты нәтижелі болмаған соң тағы да ілгерілеп, шымыр ағаштардан найза, садақ және тас ату арқылы хайуандарды жамсататын қару – сақпанды ойлап тапты. Тастан, сүйектен тері өңдейтін қаруларды, ыдыс-аяқтарды жасауды үйренді...» («Қазақ даласының ежелгі тарихы», 110, 111- беттер).

Демек, біздің ата-бабаларымыздың алғашқы аңшылық жолы, күнкөріс тіршілігі осылай басталған. Ғалымдар қазақ даласындағы тасқа ойылған жартас суреттеріне, ондағы тарихтың көне сұлбасына қарап, «Жеті қазынаның» бірі атанған итті қолға үйретіп, оны аң аулауға, үй күзетуге пайдалануы да сол кезден басталған деп қарайды. Өйткені Алтай мен Тарбағатайдың, Іле мен Еренқабырғаның жартас суреттерінен ит ерткен аңшының, аңға ит қосқан адамның суреттерін көптеп кезіктіруге болады. Сол сияқты тау текесіне ит қосып тұрған, арқар-құлжаны садақпен атып тұрған, біз көрмеген кейбір ғажайып хайуандарды бір топ иттің қамалап тұрған, тіпті бір топ ит ертіп арбамен (түйе жеккен) аң аулап бара жатқан көріністері бар суреттерді Қазақстан жерінен де молынан кезіктіруге болады екен. Ол елдің ғалымдары бұл суреттерді біздің заманымыздан бұрынғы үшінші мыңжылдықтар мен екінші мыңжылдықтарда салынған деп тұжырым жасаған.

Аңшылық этнонимі

Біздің ата-бабаларымыз бірсыдырғы сүрдекпен жүрген емес. Заман ілгерілеп, өмір көші алдыға жылжыған сайын олар да ілгерілеп, тіршілік жолында тың тапқырлықтарға қол жеткізіп отырған. Аңшылықтың одан ары дамуы жабайы жануарларды қолға үйретуді, жабайы жемістер мен жабайы дақылдарды қолмен егіп өндіретін егіншілікті дүниеге әкелді. Сонымен бірге аңдардың беталысын, тіршілік заңдарын игеруді, ауа-райын, табиғат заңдарын игеретін алғашқы жұлдызнаманы – аспан денелерін зерттейтін халық астрономиясын, мүшел санауды, халықтың алғашқы күнтізбесін жасап, халық көнілінде жұлдызнаманың көптеген мифологиялар ұғымдарын туғызды.

«Қазақтарда сақ тайпалары заманынан бері келе жатқан аспан денелерін бақылап, жұлдыз жорамалын жасау білімі болған. Осы білімінің негізінде біздің заманымыздың алғашқы ғасырларынан қазірге дейін қолданылып келе жатқан мүшелдеп (бір мүшел 12 жыл) уақыт өлшемдеу, жыл санау қалыптасқан. Мүшел жыл санау жүйесі бізден бірте-бірте Азияның басқа елдеріне тараған. Жұлдыздарға қарап ауа-райының өзгеруін, аңдардың жайылу бағыттарын болжап отыруды далалықтар ежелден меңгерген. Сол бір мол тәжірибе бойынша жұлдыздарға, жауырынға қарап, құмалақ шашып...» («Қазақ даласының ежелгі тарихы», 17-бет), түз аңшыларының жорығына болжам жасап, олжаларын межелеп отырған. Аспандағы жұлдыз аттарының Жеті қарақшы, Үш арқар, үш мерген, Үркер, Арыстан, Тауешкі, т.б. болып келуі де тегін емес.

Тағдыры табиғат құбылыстарына қатысты болып далалық өмірдің тарпаң мінезінен көп теперіш көрген халқымыздың Үркер туралы айтатын мына бір қызықты аңызына ден қоялық...

Үркер көкке шығып жоғары өрлеген сайын күн суытып, ол төмендеген сайын жылына береді. Халықтың «Үркерлi айдың бәрі қыс» дейтіні осыдан. Жануарлар үшін Үркердің «жерге түскені» жағымды. Үркер «жерге түскен» кезде мамыр және маусым айларында ол жерде жатып көк шөпті «айдап шығарып жатады-мыс». Аңыз бойынша, бір қыста жерді мұз басып, жұт жүріп, көп мал қырылады. Қалған мал қыстан қалтырап әрең шығады да, ептеп жазға ілінеді. Аман қалған әр түлік мал есін жиған соң ақылдасып, «пәле Үркердің жерде жатпай, аспанға шығып кетуінен болды» деп біліп, Үркер жатқан жерді іздеуге кіріседі. Сонымен жылқы, сиыр, түйе, қой, бәрі сергелдеңге түсіп, іздеп келе жатса, шөптің арасына жылтыраған бір нәрсе көрінеді. Сөйтсе ол Үркер екен. Алдыда келе жатқан жылқы Үркерді баспақ болып ыңғайлана бергенде сиыр мақұлық оны мүйізімен қағып жіберіп, өзі табанымен баса кояды. Халық аңызында Үркер алғашында 12 жұлдыз екен, сонымен сиыр сол 12 жұлдызды басып тұрғанда алтауы жылжып, сиырдың тұяғының арасынан қашып шығып аспанға ұшып кеткен екен.

Міне, содан бастап 12 жұлдыз екіге бөлініп, алты ай кыс. алты ай жаз пайда болыпты. Егер Үркерді сиыр баспай, жылқы басқан болса, 12 жұлдыздың бәрі сол жұмыр тұяқтың астында қалып, Үркер түгелдей жерді мекендеп, жыл бойы жаз болып тұрмақ екен...

Қазақтың «Жеті қазына» деп атайтын жеті қазынасының «сән қазына» тобына кіретіні – ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік тазы екені жұртқа мәлім. Осы «Жеті қазынаның» төртеуінің аңшылыққа тікелей қатысты болып отыр. Олай болса, осы дүниелердің бәрі дерлік ата-бабаларымыз аңшылықты ата кәсіп етіп тұрған сонау дәуірдегі бағзы заманның мифтік хикаяларымен қатысты деп қараймыз.

Сайып келгенде, халқымыздың аңшылық этнонимінен сөз ашқанда оның алғашқы дәуірі топтық сипат алған жалпыхалықтық науқан іспетті жүргізіліп отырған. Бейне «Ханнамада» біздің ата-бабаларымыз жөнінде үлкендерін қойып, «...жасөспірімдері қойға мініп, құс, тышқан атып, садақ тартуды үйренеді, ержете келе түлкі, қоян аулап аужал табады. Жігіт-желеңі шетінен садақ асынып сайлауыт сарбаз болады. Салт бойынша олар жайшылықта мал бағып, аң аулап күнелтеді. Жаугершілік бола қалса, барлық адам соғысқа аттанып, жортуылға шығады. Бұл олардың сүйегіне біткен табиғаты..» деп жазылғандай еді.

Кейін келе қоғамның дамуына байланысты малшаруашылық, егіншілік, бау-бақша, қолөнеркәсіп сияқты кәсіптер жалпыласа бастағаннан кейін жалпы халықтың аңсары осылай ауады да, аңшылықтың көлемі кішірейе берді. Оны кәсіп қылатындар барған сайын азая берді. Бұрынғы тазымен, сақпанмен, садақпен, жүйрік атпен аң аулаудың қатарына қыран құспен аң аулайтын жана мазмұн қосылды. Ендігі жерде аңшылық күнкөрістің тұтас түйіні болудан қалды. Күнкөрістің негізгі түйіні – мал шаруашылығы мен егіншілік және басқа кәсіпке ауды. Аңшылық көбінесе серуен сапардың, салбурын құрудың, дала қызығын тамашалаудың мазмұнына айнала бастады. Солардың бірі – өз кезінде қазақ даласының (қыпшақ даласының) билігін ұстаған Жошы ханның әкесі Шыңғыс ханға сайын даланың қалың аңын қайырмақтап әкеліп, Жонғар жотасындағы қазылған орға түсірген хикімет аңызынын ізі «Ор қазған» атты алып жотада әлі жатыр. Анау Тарбағатай мен Іленің арасына түскен «Ежелгі саятшылық ізі» атты айдын шалқар «Құпия сызық» жайлы аңыз да – бұл күнде естігеннің құлақ құрышын қандырарлықтай қызық дүние.

Күндер өте келе аңшылық көбінде ет үшін емес, тері үшін – терісі бағалы жануарлардың терісі үшін, бұғы, бөкен сияқты мүйізі бағалы жануарлардың мүйізі үшін ауланатын дәрежеге дейін жетіп, олар тауар ретінде сауда жәрмеңкелеріне түсіп, халықаралық бағалы тауарлар қатарына өтті. Мұның аяғы осы заманға дейін жалғасып келіп, ақыры бағалы жануарларды терісі, мүйізі үшін құртуға қарап жол тартып бара жатқаны жұртқа мәлім.

Аңшылық фольклорының үлгілері

Аңшылық халқымыздың ең алғашқы тіршілік түйіні болғаны үшін сонан бастап қазірге дейін халық көкірегінде ұлан-асыр жыр-дастан, мақал-мәтел, хикая, аңыз-әңгіме, ән-күй және басқа көптеген фольклорлық дүниелерді, аңшылыққа, саятшылыққа қатысты қару-жарақ, жабдықтарды дүниеге әкелген. Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, қақпаншы, аушы, ізші, шалмашылар жөнінде де көп хикаялар бар.

Халық арасынан аюмен айқасқан, жолбарыспен жұлқысқан батырлардың, әйгілі саятшылар мен құсбегілердің тамаша өнерлері атадан балаға мирас болып, бұл дәуірге дейін жетіп отырғаны жұртқа мәлім.

  • Аңды не ерінбеген алады, не көрінбеген алады;

  • Жаман мергеннің аңы жаралы кетеді;

  • Аң – атқандікі;

  • Қақпаншы күнде дәмелі,

  • Әсіресе тунде демелі;

  • Тандағы түлкіні табындағы тазы алады;

  • Сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды;

  • Жайшылықта жігіттің бәрі мерген,

  • қар жауғанда озады кәрі мерген;

  • Бүркіт қыран емес, құсбегі қыран;

  • Телегейге тел жаңғырық, асау құсқа жел жаңғырық;

  • Кұстың алғанынан салғаны қызық...

Міне, біз мысалға келтіріп отырған осы бірнеше мақал-мәтелдің өзінде аңшылық, саятшылық жөнінде ұлан-асыр сауат, өнер тетігі, саятшылық білімі, құсбегілік техникасы жатыр. Бұдан сырт «Тінейдің сарысы», «Аңшының зары», «Бекен жарғақ», «Бұлғын-сусар», «Жорға аю» сияқты тамаша хикаялы жыр-дастан, күйлер мен құс пірі атанған жалайыр Шора мен қазақтың Бура руынан шыққан әйгілі Тіней бабамыздың әңгімелері – өз алдына бір төбе дүниелер. 

Сұлтан Мұстафин,

Ruh.kz

 

Сұлтан Мұстафин

Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

23 Тамыз, 2019

Абай. Ренессанс.

22 Тамыз, 2019

«Атамекен» Қазақстан картасы

22 Тамыз, 2019

#Ең_белгілі_жылқылар (фотодерек)

21 Тамыз, 2019

Қазақстанның киелі жерлері