23 Қазан, 2020
А.Балаева: қоғамдық кеңестердің рөлі айтарлықтай артады

Нормативтік-құқықтық актілердің барлық жобалары қоғамдық кеңестермен міндетті түрде келісуден өтеді. 

Бұл жұртшылықты мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне тартуға және әзірленетін актілердің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазір қоғамдық кеңестер дамудың жаңа кезеңіне өтті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осындай пікірін жеткізді.

«Қоғамдық кеңестер тәуелсіз мониторинг, барлық әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша тыңдаулар өткізеді. Мұның барлығы қоғамдық кеңес жұмысының қажеттілігі мен мүмкіндігін ғана емес, бұл жобаның келешегінің зор екендігін де көрсетіп отыр. Сондықтан да қазіргі уақытта бұл институт жаңғырудың жаңа кезеңін бастап өткеріп жатыр», - деді Аида Балаева.

«Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Құжат үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылықтың кеңінен талқылауынан өтіп, қазір Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды.

Өзгерістер негізінен кеңестерді қалыптастыру тетіктерін жетілдіруге, ҚК мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтатуға, қоғамдық кеңестердің құқықтары мен өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық комиссияларға қатысу арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері кеңейтілуде.

ortcom.kz