15 Қазан, 2020
Ақмола облысының мектептеріне белгілі тұлғалардың есімдері берілді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қазақ тілінде оқытылатын дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында болды. 

Аталмыш білім мекемесіне биыл қазақстандықтар 175-жылдығын тойлап жатқан ұлы ойшыл, қазақтың белгілі ақыны Абай Құнанбаевтың есімі берілді.

«Абай есімімен аталатын мектеп оқушыларының білімі алдағы уақыттарда да жоғары деңгейде болады деп, нық айта аламын. Мектептің алар асулары мен жарқын жеңістері алда. Осы жылы жұмыспен қамтудың Жол картасы бағдарламасы аясында барлық корпустардың шатырларына ағымдағы жөндеу жасалып, мектептің алды аббаттандырылды», - деді Ермек Маржықпаев.

Іс-шара соңында облыс әкімі біздің өңірде алғашқы болып ашылған «Абай аллеясында» ағаш отырғызды.

Сондай-ақ, қуантарлық жай Ақмола облысының Көкшетау, Степногорск қалаларындағы бес бірдей білім беру мекемелеріне қазақтың атақты тұлғаларының есімдері берілді. Көкшетаудағы ІТ-мектеп-лицейіне ұлы ғалым Әл-Фарабидің есімі берілсе, Степногорск қаласындағы №1 орта мектепке Ыбырай Алтынсариннің, №2 орта мектепке Ахмет Байтұрсынұлының, №8 орта мектепке Шоқан Уәлихановтың және №9 орта мектепке Қаныш Сәтпаевтың есімдері берілді.

Ruh.kz