13 Қаңтар, 2020
Абай – кемелдіктің көрінісі

Биыл Алты Алаш жұрты ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын дер кезінде жариялады деп есептейміз. 


Жыл басында жариялап, жыл бойына атқарылар ауқымды іс-шараларды белгілеп берді. Ысырапсыз. «Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», - дейді. Мұны былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында да айтқан-ды.

Мемлекет басшысы хакім Абайды бүгінгі күнмен, қазіргі қазақтармен қабыстыра, оның ғақлиялы әрбір ойын үлгі етіпті. Әуелі ұлттық болмыстың үлгісі деп ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс деп қарайды.

«Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», - деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керегіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет».

Абай175.jpg 

Ол үшін тіл үйренуге тиіспіз.

Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.

Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.

Мархабат Байғұт, жазушы,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты