30 Маусым, 2020
«Abai tv» мәдени-ағарту телеарнасы іске қосылды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа «Abai tv» мәдени-ағарту телеарнасының ресми таныстырылымын өткізді.  

Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады.

«Бүгін тұсауы кесілетін жаңа телеарна мәдени-ағартушылық салаға үлес қосуды, ұлт қазынасын толтыруды көздейді. Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру - өте орынды. Өйткені ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасатын болады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етіп отыр. Бұл туралы ұлы ойшылдың «пайда ойлама, ар ойла», «талап қыл артық білуге», «әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек. Сондай-ақ ол өнер мен кәсіп үйренуді байлықтың кілтіне, ұлттың қуатына балаған. Ұлы ақын тағы бір сөзінде «адам баласын заман өсіреді» дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді. Зиялы қауымның басты борышы – қоғамға, әсіресе жастардың бойына тәрбиені, ізгілікті, отансүйгіштікті дарыту.

Жаңа телеарна осы жолда сіздерге ұтымды құрал, ашық пікір алаңы болады деп ойлаймын. Осы тұрғыда «Абай» телеарнасының ашылуы ұлы кемеңгердің мерейтойы аясындағы шоқтығы биік шара деуге болады», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев.

Жаңа телеарна Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылды және қазақстандықтарды ұлы Абай мұрасы, Қазақстанның және бүкіл әлемнің мәдениеті мен өнерінің жетістіктерімен таныстыруға арналады. Осы бағыттағы «Абай жолын бірге оқиық», «Сарасөз» бағдарламалары жарыққа шықты. Одан бөлек, бағдарламалар кестесіне қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларын талдауға арналған «Үркер», жастардың «Жыр майданы», қазақ музыкасы мәдениеті мен тарихы жайындағы «Музыка Великой степи», спектакльдер мен балет қойылымдарына арналған «Премьеры» бағдарламасы көрерменге жол тартты.


Телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар тарататын болады. Арна «Otau TV» ұлттық спутниктік операторы, «Alma TV», «ID TV» кабельдік желілері арқылы таралады. www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі бар.

Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден