27 Қаңтар, 2020
Абай жақсы көрген Қатба кім?

Абайдың келіні Кәмәлиянің естелігінен (IV бөлім) 

Жігітек дейтін елде Қорамжан деген кісі болды. Қорамжан тілге шешен, айтқыш кісі екен. Өзі кедей еді, ұрлық істейді екен. Бір күні әкем Қорамжанды шақырып алды. Қорамжан сәлем беріп, кіріп келді. Үйде кісі көп еді.

– Абай аға, сіз шақырған соң келдім, - деді Қорамжан. Әкем Қорамжанға қадала қарады. Үйдегілер де Қорамжанға қарады. Аздан соң әкем:

– Сенен бір нәрсе сұрайын деп шақырдым, бересің бе?, - деді.

Абыржып қалған Қорамжан алыңыз, алыңыз дей берді. Жалғыз атынан басқа түгі жоқ Қорамжаннан не сұрайды екен деп басқалар таңырқағандай болды. Әкем Қорамжаннан көзін айырмай қарап отырды да:

– Маған ұрлығыңды берші, - деді.

Қорамжан теріс қарап кетті де:

– Жоқшылықтан ғой, Абай аға, енді қояйын, аштан өліп, көштен қалмаспын, - деді.

– Ой, шіркін, осы елде сенен басқа кедей жоқ па, сол кедейлердің бәрі бірдей ұры ма? Онан да бала күнімнен алған тәрбием, үлгім еді десеңші. Қазір осы ауылдан 3-4 түйе ал да үйіңді көшіріп кел. Ұрлыққа қош айтысып кел, - деді.

Сол күні Қорамжан көшіп келді. Ол ұрлықты мүлдем қойды да, ел сөзіне араласып, қабырғалы, инауатты болып кетті. Әкем Қорамжанды талай-талай дауға, ел арасының бітіміне жұмсады. Біздің ауылға келген соң Қорамжан ұры атағынан құтылып, адам деген атқа ие болды.

Бір күні ауыл көшіп қонып жатыр еді, біз Қорамжанның үйінің қасында ойнап жүр едік. Қорамжанның бір келіні үйдің бауын «байла» деудің орнына «жапсыр» деді, бірдеме «түсіп қалып еді» деудің орнына «қонып қалды» деді. Біз өзіміз естімеген жаңа сөздерге таңдандық. Кешке естігенімізді әкеме келіп айттық.

Әкем былай деді: 

– «Бір адамның не бір заттың өзіне хас-шары, әйелдердің қайныағасының, не атасының, не сол елдің бір үлкен адамының атымен аттас болса, сонда ол адамды, не сол заттың атын атамайды да, жалған ат қойып алады. Мысалы өзіңнің үлкен атаң Құнанбайды халық «тете» деп атаған, Кеңгірбай биді «Қабеке» деп атаған. Жас әйелдердің «әтиім», «сылқым», «ортаншым», «тетелес», «кішкентай», төрежан» деп қайындарына, аталарына жалған ат қойып алуы дa coл ғұрыптан қалған, әдепті болудан шыққан сөз.

Ал Қорамжанның келінінің «бауды байла» деудің орнына» «жапсыр» дегені, «түсіп қалды» дегеннің орнына «қонып қалды» дегені бұл әдепті болудан, үлкен-кішіні сыйлаудан, келіншек болғандықтан, ата-ананың атын атаудан ұялғандығынан емес. Олар Жігітек дейтін ел болады. Жігітектің ұрылары көп болады. Сондықтан олар ұрлыққа аттанғанда, артында қалғандары тілеуін тілеп отырады, «ұры қолға түсіп қалды» деген жаман сөз. Сондықтан «түсіп қалды» десе аттанған ұрыларымыз «қолға түсіп қалды» дегендей болады. Ұрыны қолға түссе байлап қояды, сондықтан «байла» деудің орнына «жапсыр» дейді. Олар мұны «ырым» қылып айтады. Міне, содан Қорамжанның келіні жаттығып, дағдыланып кеткен сөзін айтып жүр.

Енді ол ондай сөзді айтпайды, ұрлыққа аттанбайды және ұрлық істейтін ауылдармен көрші болмайды. Сендер балаларын өздеріңе жақын тартып, оқуға шақырыңдар, тату болыңдар деді.

Қай бала екені есімде жоқ, бір бала отырып: - «Қорамжанның Қатба деген баласы таз екен, маңына барсақ басынан ірің ағып тұрады»... деп жиіркенгенін айтты. Әкем әлгі балаға қарады да, «қазір Қатбаны шақырып кел», - деді. Қатба бойшаң, көзі үлкен, қатқан қара сирақ бала еді. Басынан бөрік қалмаушы еді. Сөйлегенде тілі мен ерінін жалап, жыпылдап сөйлеуші еді. Ол қол қусырып, сәлем беріп үйге кіріп келді де, босағаға тұра қалды.

– Сен кімнің баласысың?, - деді әкем.

– Қорамжанның баласымын.

– Атың кім?

– Атым Қатба.

– Неге «Қатба» деп қойған? - деді әкем.

– Қайдан білейін, туғанда арық, нашар болып, қатып туыппын, содан «Қатба» дей салыпты, - деді бала ұялыңқырап.

Әкем қасына шақырып алды да: «балам, күн ми қайнаған ыстық, бөрігіңді неге тастамайсың», - деп еді, бала екі қолымен бөркін баса беріп, «басым ауырады», деп есікке қарай жалтақтады. Әкем жылы шыраймен қорықпа балам, сенің бөркіңді ешкім алмайды, басың қашаннан бері ауырады, қотыр түскелі көп болды ма? - деп сұрады. Бөркін біреу жұлып алып, басының тазын көріп, жұрт күледі екен деп қысылып отырған Қатба, «бөркінді алмайды» деген соң бойы кеңейіп қалды... «Өзім есімді жаңа-жаңа білген кезде басыма қотыр түсті», - деп жауап берді.

Әкем Қатбаға қымыз, бауырсақ бергізді, содан кейін балалармен ойнап жүре бер, ұялма деді. Артынан әкем Семейге жүрді. Өзімен бірге Қатбаны да ала кетті. Қатба қалада екі айдай жатты. Әкем қайтып келді. Біз Қатба қайда дегенімізде: «Қатба қалада оқып жүр», - деп күліп қойды. Сол жылы күзді күні Қатба қаладан келгенде, басы құлан таза болып жазылып кетті және ол бөріксіз жалаңбас жүретін болды. Оны ешкім таз деп күле алмайтын да болды. Сол Қатба кейіннен әкемнің жақсы көретін адамының бірі болды. Адал, таза, бiрсөзді пысық жігіт еді. Қатба Шыңғыстау ауданының «Бидайық» колхозында тұрады.

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден