13 Қаңтар, 2020
Абайдың келіні Кәмәлиянің естелігінен (II бөлім)

Бұл үзіндіде Абайдың жетім, жесірге қалай қарайласқаны, неге ашуланғаны, ел ішіне белгілі бір жаңалықты ендіруі, өнерді қолдап, қолпаштағаны, жөн сілтеп, жол көрсеткен тұстары айтылады. 

Абай өмірін оқығандар білетін болар. Абайдың үшінші атасы Ырғызбай деген кісі төрт ағайынды (Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай) болыпты. Бертін келе (әкем заманында) бір жиналыста Ырғызбайдың Сқас деген жігіті: Ырғызбайда 5 сағат, Көтібақта қос сағат, Топайда бір сағат, Торғайда жоқ сағат депті. Өйткені бір старшин Торғайда бір сағат жоқ екен. Торғайдың атқа мініп, пысық атанып, ел сөзіне араласып жүрген Әміре, Кенжеқұл деген жігіттерін кемсініп айтса керек. Келесі күні Әміре мен Кенжеқұл Семей қаласына кісі жіберіп, екі сағат алғызыпты. Жаңалыққа ел бір жағынан шын құмар болса, екінші жағынан намыстанып, менің үйімде де пәлендей нәрсе болсын деп, бәсекемен алғызады. Сол сияқты тарантас арба да көп жайылды. Әкем бағыз уақытта пәуеске арбамен жүретін. Бәйбішелері де арбамен жүретін еді. Оны көрген басқа бәйбішелердің де қолы жеткені арба алғызып, арбамен жүретін болды. Ыдыс-аяғын асадалға (шкафқа) қоятын болды. Бұрынғыдай керуеттің астында, не таушада шаң-тозаң болып жатпайтын, таза тұратын. 

12.jpg

Әкем жесір әйелге, жетім балаға қатты қарайласатын. Бір күні Мәтібала дейтін әйел келді. Ол әкеме қарсы қарап отырып, көзінің жасын моншақтатып жіберді де, ауыр күрсініп алып: «Менің күйеуімнің өлгеніне бір жыл болды. Жасым жиырма үште. Жалғыз еркек балам бар. Туысқандар маған әмеңгерімсің, бірімізге тиесің деп тыныштық бермей жатыр. Мен байға тимеймін, маған көз қырын салыңыз. Басымды талқыға түсірмеңіз. Ағажан, алдыңа арыз айта келдім...» деп тағы жылады. Әкем әлгі әйелдің бетіне бажырайып қарады да қалды. Аздан соң су алғызып, әйелдің бетін жуғызды. Қымыз бергізді. Бұл әйел Топай дейтін елдің, Бітімбай деген адамының жесірі екен. Әкем сол елдің басты адамдарына хат жазып берді де, - «енді ешкім де тимейді, үйіңе қайт, балаңды тәрбиелеп өсір де, шаруаңа ие бол» деді. Әйел қуанышпен қош айтысты. 

123.jpg

Ата жағынан әкеме жақын Темірхалы дейтін біреу де Ақбордақ дейтін жесір жеңгесін алам деп зорлық істеп, қараңғы үйге қамап қойыпты. Әйел қамаудан қашып, әкеме келді. Бостандық алды. Ақбордақ Мамай дейтін елдің Әділқа дейтін бір кедейінің қызы еді. Әкем әйелдің өтініші бойынша, бар мүлкімен өзінің әкесіне жеткіздіріп салды.

Мен әкемнің бір-ақ рет ашуланғанын көрдім. Оқиға былай болды: әкемнің жолдасы, кәдімгі ертекші Баймағамбет Солтанбек дейтіннің қызы Тілебалды деген әйелді алған. Әкеммен көрші болатын. Қыстың күні, іңірде әкем кітап оқып отырды. Біз әңгімесін тыңдап отыр ек. Жан дауысы шұрқырап шығып, бет-ауызы қып-қызыл жоса қан болып, Байғамамбеттің әйелі кіріп келді. Келе сала «өлтірді, өлтірді, өлтірді» деп жығылды. Қарасақ әйелінің тамағынан, бүйірінен пышақ салыпты. Қолма-қол дәрі жаққызып, байлатты. Әкемнің өңі сұп-сұр болып, ашу қысып тұр екен. Сейтқан дейтін жігітке қарады да, қазір Байғамамбетті тауып әкел деді. Жігіт Байғамамбетті ұстап, алып келді. Шолалаға апарып, кісең салғызды да, қаматып тастады. Бірақ ол түні басқа адаммен сөйлеспеді, кітап оқып отыра берді. 

Абай ұлдарымен .jpg

Әкем қызықты, думанды, әзіл-қалжыңды өте жақсы көретін. Өз заманымызда ел аузына ілініп, атағы шыққан әнші, күйші, өнершілердің әкеме келіп, өнер көрсетпегендері кемде-кем шығар. Әлі есімде, Қарқаралы жақтан Мауқай деген әнші келді. Ол әншілігімен қабат тамаша артист еді. Мауқай отырған үй той күнгідей ұлы думан болып жататын. Мауқайды бір жыл сақтады. Көп сый-сыяпатпен қайтарды. Өзіміздің елден Майкеннің Мұқаметжаны (әнші), Әлімқанның Мұқасы (күйші), Ағашаяқ... (күлдіргіш, биші), және сыбызғышы Қиясбай әкеме жиі-жиі келіп, өнерлерін көрсететін. Әншілердің әнін тыңдап болған соң, ол ән туралы, әнші туралы өзінің пікірін айтатын. Сондықтан да әншілер әкемнен әннің кемшілігін сұрап, түзетіп алып отыратын.

Әкем ән де салмайтын, домбыра, скрипка да тартпайтын. Бірақ өзі ән шығаратын. Әкем әндерін халыққа көп таратқан әншінің бірі – Мұқаметжан.  

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден