3 Ақпан, 2020
Абайдың соңғы күндері

Келіні Кәмәлиянің айтқанынан (соңғы бөлім). 

Әкем көбінесе таңертең ерте тұрып, жазу жазып, не кітап оқып отырушы еді. Түнде қонақтармен үй адамдары жатқан соң өзі жеке отырып оқитын, не жазатын. Біз әкем ыңғай хат жазып отыр ма, болмаса құран оқып отыр ма деп таңданушы едiк. Кейіннен білдік, әкем өлең жазады екен, әрі кітап оқиды екен. Үйде қонақ көп болса, ондай уақытта өте тыныштықты жақсы көретін.

Март айы туып, қар кете бастағанда киіз үй тіккізіп, жылы күні түскі тамақты киіз үйде отырып ішетін. Әкемнің бір қадеті күнде түскі тамақтан кейін, екі сағат мөлшері ұйықтап алатын. Бірақ ұзақ жол жүрсе де, түнде көп отырып, ерте тұрса да шаршадым деп, не әңгімеге де, не жұмысқа да ерінбейтін еді және қонаққа, жолаушыға ренжіген пенде емес еді. Кісі де босатпайтын, сонда да қонақтың, кісінің көп келгенін жақсы көретін. Әсіресе сыйлы кісі, ақын, әнші, күйші, өнерлі, құсбегі, үлгі, ұста, ертекші келсе, бір жасап, масайрап қалатын.

Мен ес білгенде: Қара кесек Mayқай ақын, әнші, күйші, Мұқа, әнші Мұқаметжан (туысқаны), әнші Әлмағамбеттер қасында көп болды. Мен әкемнің өлімін еске алғанда еріксіз көзіме жас алдым, Жүрегім елжіреп кетеді. Әлденеге бойым тітіркенеді. Расында да әкем өлген жылы біздің ауылда өте ауыр жыл болды. Біз бір жыл жылаудан көз аша алмадық. «Ой бауырымнан» құлағымыз ашылмады. Біз бір жылда үш үлкен өлім көрдік.

Менің 13 жастағы күнім еді, ауыл (Ақшоқыдан) көшіп, «Есіргеміз» деген жерге қондық. Әкемнің ең сүйікті баласы Мағауия көптен ауру еді. Сарылған аурудың, сарғайған жүзінің қайғысы әкемді де, басқа балаларды да жүдетіп еді. Ақыры айналдырған ауру Мағашты (Мағауия) алды. Бұл өлім бәріміздің қабырғамызға батты. Мағаштың жетісін берген соң ауыл көшті. Ауыл көшкен күннен қалмай еркек, әйелдердің бәрі бейіт басына барды, жылады, сықтады. Әкем өзінің жолдасы Баймағамбетпен екеуі бейіт басында қалыпты. Түс ауа ауыл қонған соң әкем келді. Ол кісінің өңі қашып, әлсіреп келді. Келісімен жатып қалды. Сол күннен бастап сөз бен әңгімесі де азайды. Кітап оқи берді. Ауыл үдере көшіп сыртқа (жайлауға) шықты. «Қырық ошақ» деген жерге көшіп қонды. Мағаш ағаның қырқы толған жоқ еді, бірақ әкем асықтырып, елге хабар айтқызды да қырқын үш күн бұрын бергізді. Қырқын беріп, алды тарап, арты тарамай тұрып, біз әкем ауырып жатыр деп естідік те, үлкен үйге бардық. Барсақ үйдің ортасынан жер төсек салып, соған жатқызыпты. Әкемнің көзі жұмулы екен, біз барған соң көзін ашып, сөйлемек болып еді, сөйлей алмады. Сол күні көрші Дағанды болысындағы Бөжей дейтін қазақ докторын әкеп еді, ол бір ақ дәрі берді. Дәріні көрді де, әкем ішпеймін деген ишарамен басын шайқады.

Үш күн ауырып, Мағаш өліміне қырық күн толған күні, таң ата дүниеден қайтты. Әкем өлген соң біздің жарқырап тұрған күніміз сөнгендей болды. Амал не, жылау үстіне жылау болып қала бердік. Әкемнің артында қалған естиярлары Ақылбай мен Тұрағұл еді. Олардың да иығы түсіп кетті. Ауылдың шаруашылығын, ел сөзін Кәкітай деген інісі басқарды. Елдің үлкен адамдары жиналды. «Абай бір ғана Тобықтының Абайы емес, бүкіл қазақ халқының Абайы еді. Сондықтан Абайдың қырқын Семей қаласына апарып береміз. Халықтың көпшілігі қатынассын», - деп байласты сөзді.

Ел бауырға түсе, 40 арба қымыз, қырық бие алып Семейге барды. Естуімше, Семейде бір үлкен мешіттің ішінде күндіз көп адам шақырып, қырқын беріпті. Сол күні түнде сағат 12-де Абайдың артынан қалған Ақылбай деген баласы төсекке жатысымен қаза тапты. Ақыл ағам өлген күні ел жаман қысылыпты. «Апырай, Абайдың өзі бас болып, арасына қырық күн салып өлетін болды ғой», – депті. Бұл үш өлім елді өте күйзелтті. Міне, біздің ауылдың басына түскен үш өлім осындай еді. Әкемнің өлгені жанға сондай батты. Әсіресе, әкемнің бір сөзі есіме түседі. Мағаш (менің туған әкем) өлгенде алты бала қалдық, ең үлкені мен едім, бірақ мен әкемнің баласы болып кеткенмін. Мағаштың өліміне басы әкемнің өзі болып егіліп отырғанда, біздің дәтіміз шыдай ма, бүкіл балалар жылап жатып алдық.

Бір күні әкем шақырады деген соң келдім. «Сен кімнің баласысың?». «Мен сіздің балаңызбын» дедім. Менің балам болсаң, Мағаш өлді, жетім қалдым деп жылама, мен тірі тұрғанда жетімдік көрмейсің. Мен өлген күні ғана жетім боласың, жылағанмен келмейді. Өзің жүдеп кетесің», - деді. Әрине, әкем тіріде жетім болады екенбіз деп ойлағамыз жоқ. Мағашты қимағандықтан жыладық. Сорымыз қайнап әкем өліп қалды. Енді жетімдіктің торына қамалдық. Бір күні өзімізді тәрбиелеген шешемнің қасына отырып, әкемнің сөзі есіме түсіп, былай деп жыладым:

Мұндай да ажал көрдің бе,

Тонаудан бір күн тынбаған.

Мендей де қарып бар ма екен,

Бақытының оты жанбаған.

Қызықты дәурен өмір жоқ,

Дүние болды тар маған.

Сізсіз де маған жарық жоқ,

Өзгеге мейірім қанбаған.

Артында қалдық көп жетім,

Арманда болып зарлаған...  

Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден