19 Маусым, 2019
Абай мұрасын насихаттауға арналған жиын

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтуге байланысты Жарлығы шықты. 

     Қазақ сөзінің ажырамас ұғымына айналған Абай өмірі, Абай сөзі, Абай даналығы қашанда болсын өз заманының, өз кезеңінің темірқазығы болады. Абайды тану, зерттеу ісін бастаған, абайтану ғылымының негізін қалаған ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандары өздерінің ұлт-азаттық қозғалысының идеясына, ұлтты ұйыстыру мүддесіне хәкім сөзін тірек етті. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Абай» дәрісханасында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен «Алаш алқасы» ғылыми-танымдық, интеллектуалды жастар клубының отырысы өтті. Клуб жұмысының кезекті жиыны «Абай және Алаш» тақырыбында өрбіді.

IMG_5478.JPG

      Жиынға Абай мұрасын танушы, зерттеуші ғалымдар мен жастар, студенттер қатысты. Алқалы жиынды филология ғылымдарының кандидаты, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті, Алаш ұрпағы Қайырбек Кемеңгер жүргізді. Жиынға абайтанушы-ғалым, жазушы, профессор Тұрсын Жұртбай, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Дихан Қамзабекұлы, «Алаш» рухани-мәдени даму институтының директоры, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, тарих ғылымдарының кандидаты, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, алаштанушы Ерлан Сайлаубай, филология ғылымдарының кандидаты, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті Болат Қорғанбеков қатысып, Абай өмірі, өлеңдері мен тарихы хақында баяндама жасады. Академик Дихан Қамзабекұлы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жарлығы туралы және бас ақынның 175 жылдық мерейтойының лайықты дәрежеде тойлануына қалай кірісу керектігі жайындағы келелі ойларын ортаға салды.

 IMG_5513.JPG  

       Алқалы жиын барысында абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы елордамызда Абай атындағы мектептің, музейдің жоқтығын және «Абайтану» орталығын ашу керектігі туралы бастаманы көтеріп, ұсыныс айтты. Ойлы ұсынысты қатысушылардың бәрі бірауыздан қолдап, қуаттады. Ұлы ақынның туған күніне орай үлкен жиын өтетіндігі хабарланды. Ғалымдар мен жастар басқосқан клуб отырысында Абай мерейтойының жоспарына қатысты әр түрлі пікірлер мен ұсыныстар тасталды.

 

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Оқи отырыңыз:   ҰЛТ БЕСІГІ – ҰЛЫТАУ

                               ХАМИТБЕКТІҢ ПОЭМАСЫ

Елдос Тоқтарбай
Ruh.kz
Фархат Қаналы