16 Қыркүйек, 2019
«Абай» операсы хақында...

Қазақтың рухани құндылықтарын ұмытпауды және жаңашылдыққа әрқашан да ашық болуды үйреткен Абай бабамыздың тұлғасы біздің мұрамыз! 

Абайдың әдеби шығармаларын әлемдік мәдени аренада насихаттау біздің міндетіміз! Шетелдік көрермен ұлы ойшылымыздың тұлғасымен, образымен толық таныспайынша, оның «қазағым» деп соққан жүрегін толыққанды түсіне алмайтын сияқты. Бұл ретте Ruh.kz порталының редакциясы Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының қоюшы режисері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазинамен тілдескен еді.

_DSF1894.jpg

Ruh.kz: Ләйлім Хабиқызы, қайырлы күн! Абайдың тұлғасын ашатын мәдени туындылардың бірі – «Абай» операсы. Бұл туынды туралы сіздің пікіріңізді білсек.

Ләйлім Иманғазина: Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің операсының бірегей тарихи мәні бар. Алғаш рет 1944 жылы 24 желтоқсанда орындалған опера, қазақ халқының мәдени шежіресінің жаңа парақшасын ашты. Мұхтар Әуезовтың либреттосына жазылған «Абай» операсы қазақ халқының өзіндік мәдениетін, оның салт-дәстүрін, негіздерін, ескірген қағидаларға қарсы тұруын, ұлттың дамуындағы жаңа прогрессивті идеяларға ұмтылысты бейнелейтін драмалық қақтығыс әлемін сипаттайды.

Опера әлем жауһарларының қатарындағы жетекші орындардың біріне әбден лайық. Ол операның классикалық заңдылықтарына сәйкес жазылған, бірақ оның бірегейлілігі – қазақ әндері мен билерінің өзіндік әуенімен үйлескендігінде. Музыкалық драма көрерменді кейіпкерлердің көтерілісі мен құлдырауынан бастап, Шекспир шиеленісіне алып келеді. Мұнда сатқындық, қызғаныш, адамның қаскүнемдігі мен надандықты жеңу мүмкіндігі туралы мәңгілік философиялық сұрақтар туындайды. Мұның бәрі Абайдың дана сөздерінде, оның нақыл сөздері мен өлеңдерінде айтылған.

_DSF1936.jpg

Ruh.kz: «Абай» операсы сіздің ұжыммен қалың көрермен назарына жылдар бойы таныстырылып келеді. Алдағы маусым да соның қатарында шығар?

Ләйлім Иманғазина: Абай атындағы опера театрында (Алматы) биылғы маусымда «Абай» операсы осымен 86-шы рет орындалғалы жатыр. 2014 жылы опера танымал дирижер, Ахмет Жұбановтың шөбересі – Алан Бөрібаевтің басшылығымен жаңа редакцияда қойылды. Астана-Опера, Шымкент қаласының опера театры, Түркия, Германия театрларында өзіндік қойылымдары бар. Спектакльдің Франция, Италия, Грузия елдеріндегі көрсетілімдері таңқалдырарлық жетістікпен өтті. Айта кетсек, Германияда опера неміс тілінде орындалды, қазақ халқының тарихы неміс халқына бір табан жақындап, түсінікті етіп жеткізілді, бірақ операның түпнұсқасын тыңдаған өзге көрермендер қазақ тілінің мелодиялық үнінің ерекше әсемдігін атап өтті.

DSC_9181.JPG

Опера халықаралық опера фестивальдерінің тұрақты қатысушысы болып табылады және жаңа жарқын орындаушылардың есімін ашады. Келесі жылы, Абайдың мерейтойлық жылына әр түрлі елдерде гастрольдік сапарлар жоспарланған. Еліміздің дамуын үлкен қызығушылықпен тамашалайтын көрермендер аясы кеңейіп, қазақ өнерінің інжу-маржаны – «Абай» операсын зор ықыласпен қабыл алатынына кәміл сенеміз, бұл халықаралық ынтымақтсатықтағы өзара шығармашылық ықпалдың ең жарқын үлгісі. Ресейде, Түркияда, Қытайда гастролдік турне күтілуде, онда аталмыш танымал опера орындалады. «Түркісой» халықаралық ұйымының мәдени бағдарламаларының аясында «Абай» операсын түркітілдес елдердің әншілері орындайды. Алдағы жылы «Түркісой» қазақтың ұлы туындысын насихаттау мүмкіндіктерін кеңейтетін жаңа іс-шараларды ұсынбақ.

Абай атындағы ҚМАОБТ барлық жаңа бастамаларға қолдау таныта отырып, дәстүрді сақтау мен театрдың бірегей тарихына ықыласпен қарауға бағытталған жобаларын жалғастырады.

DSC_9255.JPG

Ruh.kz: Театрдың алға қойған жоспарларымен таныстырып өтсеңіз.

Ләйлім Иманғазина: «Абай» операсы театрдың бетке ұстар туындыларының бірі. Жыл сайынғы театр маусымын біз басты туындымызбен ашамыз. Аталған операның туындағаны және бір мезетте көрермен көзайымына айналғаны үшін 1945 жылы театрға ұлы қазақ ойшылы, хакім Абайдың аты берілді. Келесі маусымда, желтоқсан айында опера премьерасының 75 жылдығына орай, біз театрдың негізін қалаушылардың бірі - Құрманбек Жандарбеков пен Байғали Досымжановтың шығарылымында ұсынамыз. 1958 жылы театрдың режиссері Байғали Досымжанов операның жаңа қойылымын жүзеге асырды. Сол кездегі қойылымның суретшісі – көрнекті шебер Құлахмет Қожықов болды. 1986 жылы атақты қазақ хореографы Меңтай Тілеубаев операның хореографиялық партитурасына өзгерістер енгізіп, қойылым үшін жаңа маңызды элемент жасады. Бұрынғы қойылымдардың бірегей декорациялары мен сахналық костюмдері әлі күнге дейін театр қабырғасында сақталған. Ол қойылымдарда есімдері аңызға айналған: Күләш Байсейітова, Ришат Абдуллин, Роза Жаманова, Шабал Бейсекова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Ғафиз Есімов сынды әншілер жарқыраған. Біз осы бірегей операның тарихы туралы да, театрымыздың қалыптасуы мен дамуының үлгісін де айтқымыз келеді.

_DSF1901.jpg

Мамыр айына «Абай әлемі» халықаралық ауқымды жобасы жоспарланған. Бұл фестиваль бірқатар іс-шаралардан тұрады: олар – Абайдың шығармаларын театр алаңында Алматы қаласының театрлары мен шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен орындау; Абай атындағы халықаралық вокалистер байқауын өткізу; Алматыда музыка әуесқойлары мен қала қонақтарына Абай өлеңдеріне арналған концерттік бағдарламалар, сондай-ақ түркі елдерінің әртістерінің қатысуымен гала-концерт дайындалуда. «Абай» операсының жаңа редакциядағы әр түрлі елдердің әншілерінің қатысуымен қойылуы үлкен музыкалық мерекені аяқтайды. Театр маусымы ұлы ақынның туған жері – Семей қаласына гастролдік саяхатымен аяқталады.

Ruh.kz: Ләйлім Хабиқызы, сұқбатыңызға рақмет! Ұлы Абайдың атымен қатар айтылатын театрдың ұжымына үлкен табыс тілейміз!


Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz