19 Шілде, 2019
АБАЙДЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ

Биыл ұлы Абайдың, ұлтымыздың биік тұлғасы Абай Құнанбайұлының дүниеден өткеніне тура 115  жыл толып отыр. 

Әрине, әр қазақ баласы Абай хәкім туралы біледі. Бірақ та Абай дегеніміз көз жетпес мұхит, сарқылмас, таусылмас мол қазына емес пе. Әркімнің өз Абайы бар. Абай – айна. Қазақтың мінезіне, жүріс тұрысына, мәдениетіне. Кісілік пен адамгершіліктің символына айналған хазіреті Абай Құнанбайұлы өмірінің соңғы жылдары турасында жазуды жөн көрдік.

Ғұламаның жүрегіне қаяу түсірген өкініш көп. Үміт күткен ұлы, «Жаңа жылдың басшысы ол» деп бағалаған Әбіші, сүйікті Әбдірахманның өлімі, онан соң іле шала өмірден өткен қадірлі інісі Оспанның қазасы сезгіш те, сергек жүрекке салмақ түсірді. Екі бірдей қазадан есеңгіреп, енді-енді өмірге, тіршілікке араласа бастағанда, үмітті шырағы Мағаштың, аяулы Мағауиясының өмір гүлі солып, пәниден бақиға сапар шекті. Мағаштан айырылу – өмірден күдер үзу еді. Ақын әкенің жүрегі күннен-күнге әлсірей бастапты. Ахат Шәкәрімұлының жазуынша, «... Біз Мағаштың жетісіне дайындалып жаттық. Ауылдың қасындағы дөң басында Абайды күтіп, елдің қадірлі көп адамдары отырып қалды. Мен Абайға келіп: «Сіз «өзінің айтқанын істеген анық адам және қайғыға қайғыра біліп, оны тоқтата алар қайратты да болуы керек», – деп бізге үйретіп, соны істемегеніңіз қалай? – дегенімде, «Е, мен не деп едім?» – деді. Мен: «Сіз:

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, қайрат қылайын.

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап, сынайын, – деген жоқсыз ба? дегенімде: «Мен әлсірейін деген екенмін ғой. Киіндір, тысқа шығар» деді. Мен шапанын, бөркін кигізіп, қолтықтап көптің ортасына әкеп отырғыздым. Абай көппен амандасып болған соң, тез бойын жинап: «Мағаш тек менің ғана балам емес екен, сіздердің де балаларыңыз екен! Мен сіздерді ойламаған екенмін, ғафу етіңіздер!» деп сөзге араласып, қалың жұртқа көңіл айтыпты.

Қалың елінің, бодандағы бұқара жұртының кертартпа мінезі, болыстар мен байлардың ынсапсыздығы, ағайын-туысының берекесіз болғандығы бәрі-бәрі ойшылдың жүрегіне түскен жара еді. Шығармашылық күйзелісте жүрген ақынның көңіліне тіршілік тезі де, жақындарының қазасы да қатты соққы болып тиген-ді. Өмірден күйзеліп, мұң арқалап жүріп «Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін» деп жазады. Рас, әулие Абай өмірінің соңғы жылдарында Құдай, Тәңіріне құлшылық, адамзатты сүю, мінез турасында философиялық астары терең, мәні жоғары трактаттар жаза бастады. Адамшылық ілім, хақты сүю, хақиқат жолы жайында ислам мәселелерімен үндескен ойларын ортаға салды. Дінді қазақтың тұрмысымен, мәдениетімен байланыстырып, ұштастырды. Ғаламдық ойлау биігіне көтеріліп кеткен асық жанды туған ортасы, айналасы түсінбеді. Абайдың ақылынан, ойынан ақылы, ойы, парасаты қысқа можантопайлар алыпты түсінбек түгілі, сөзін тыңдауға құлқы болмаған. Парықсыздық пен ынсапсыздықтың шырмауына түскен бейбақтар орталарында жүрген пайғамбардың сарқытындай болған кісіні білмеген болатын. Көр соқыр қоғамның сиқы еді. Негізінде, Абай «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» дегеніндей өлімге о бастан мойынсұнған. Өлімнің бар екенін, фәнидің жалған екендігін ерте мойындаған ғұлама. Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың пайымынша, «Абай – өлімді өлшеген тұлға. Абайдың қазасы – исі адамзат ойының бір алыбының өлімі, қазақ ұлты үшін қасірет болды. Әрине, оны мұқым дүние аза тұта алмады. Оған Абай емес, Абайдың отаршыл елдің тепкісінде өмір сүрген заманы кінәлі еді». 

66862048_2395611637317383_1505768126128586752_n.jpg

Хәкім Абай ұлдарымен бірге

«Мені дерт меңдеп барады. Мағауияның қырқын мерзімінен бұрын беріңдер. Ұзамаспын – деуі; көңілін сұрай келген дәрігер Бөжейге: «Менің дертім тәннің дерті емес – жанның дерті. Оған ем жүрмейді – деп емделуден бас тартуы; баласының қырқын берген күні күтушілердің бәрін таратып: «Сендерге үш күн мұрсат. Демалыңдар. Үшінші күні таңнан қалмай келіңдер – деп жөн сілтеуі бетін өлімге бұрған пенденің жай емеуріні емес. Расында, дәл айтқан күні таңертең көз жұмған екен.

Тұрағұл Абайұлының естелігінде: «Әкем айтып отырушы еді: «Қайғы жас жүрекке қатты батады екен. Бәкемнің өліміндей қатты батқан өлімді көрмедім – деп (Құдайберді ағасын Бәкем деп айтқан екен). Мағауияның өлгендегісін айтқан жоқ, бұрынғы Оспан мен Әбдірахманның өлімін өлшеп айтып еді» деп жазыпты. Рас! Задында, кемеңгер Оспан өлгенде «Оспанның өлімі – елдік пен ездіктің сыны» десе, Әбіш қайтқанда: «Әбіштей баласы өлген әрбір әке – қалған өмірін өмір сүрдім деп есептемеу керек. Енді несіне өмір сүремін» депті. Шерлі де, қайғылы жүрек сөзі. Жан дертіне ұшыраған данышпанның өлімді мойындаған, тағдырдың сынағына көнгендегі сөзі екен. Міне, исі қазақтың сәулелі тұлғасы Абай өмірден осылай өксіп өтіпті. «Тағдыр тәбділ бола ма?» деп сабырлық танытыпты. Содан бері күндер зулап, айлар сырғып, жылдар жырғып өтті. 115 жыл! Абайсыз өткен 115 жыл. Не өзгерді, не өтті?! 



 

 

    Оқи отырыңыз: Ұлттық зергерлік бұйымдар (фоторепортаж)

                              ЖАСТАРҒА "ЕІ" МАҢЫЗДЫ

 

  

Елдос Тоқтарбай
Ruh.kz
Әнел Қанатқызы