8 Қыркүйек, 2017
Әбілғазы Құсайынов: Қоғамдық сананың жаңғыруы – қазақ елінің нығаюына мүмкіндік береді

Астанада үш күнге жалғасатын ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық форумы басталды. "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Сананы жаңғырту және кәсіподақтар: келешегі мен жетілдіру жолдары» деп аталатын бұл жиынға көрші елдерден де сала мамандары келген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.


Кеңестік кезеңде қызметтік дау-дамай, жұмысшылардың әлеуметтік, құқықтық, экономикалық мәселелері осы Кәсіподақ төңірегінде шешілетін. Кім қайда, қандай қызмет атқарса да әуелі кәсіподақ құрамына кіретін еді. Ал еліміз тәуелсіздік алғалы бері аталмыш ұйымның не істеп, не қойып жатқанын ешкім білмейді. Тіпті Қазақстан бойынша қанша мүше бар екенін де тап басып айтып бере алатын адам жоқ.



Біздің айтпағымыз бұл емес, әрине, дегенмен саны бар, сапасы жоқ мұндай ұйымдардың бізге керегі бар ма деген сауал көкейден кетпей тұрады...



Қош, бүгінгі шара туралы аз-кем тоқталайық. Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғыру мәселесін еліміздегі кәсіподақ ұйымының мүшелері де қолдайтынын білдірді.



«Қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі басымдығы – қазақстандықтардың табысты және бәсекеге қабілетті болуы үшін өз-өзімізге деген көзқарасты өзгертіп, дүниежүзілік қауымдастықтың бір бөлігі ретінде халықтың абыройы мен кемшіліктерін бағалай білуге қол жеткізуіміз. Ал қоғамдық сананың өзгеруі қазіргі құбылмалы қоғамда, жаңа қауіп-қатер мен сын-тегеурін жағдайында Қазақстанның дамуының негізі болған тұрақтылық пен бірліктің, келісім мен бейбітшілікті нығаюына мүмкіндік береді» - дейді ұйым төрағасы Әбілғазы Құсайынов.



Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшысы қазіргі заңнамада көрсетілген мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырды.



"Қазіргі кезде "Кәсіподақтар туралы" жаңа заңның аясында әрбір кәсіпорында өндірістік кеңестер құрылып жатыр. Аталған кеңестердің қауіпсіздік шараларына қатысты барлық шешімдері міндетті түрде орындалуы шарт. Осы орайда кәсіподақтардың республика бойынша 12 мыңдай өндірістік кеңесті құрғанын ерекше атап өткен жөн. Әрине, барлық мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Дегенмен, ендігі кезекте кәсіподақтар жұмыс берушіге өндірістік кеңестер арқылы әсер ете алады. Қауіпсіздік шаралары аясында теxникалық құрал-жабдықтарды жаңарту талабы да міндетті түрде орындалуы қажет", - дейді ҚР Кәсіподақтар ұйымының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.



10 қыркүйекке дейін созылатын форум аясында пленарлық отырыс, семинарлар, тренингтер, пікірталастар өтеді.



 



 


Ержан ЖАУБАЙ