30 Сәуір, 2019
Абыз ғалым

Бүгінгі әлемдік жаһандану үдерісіне үн қосып, модернизация сатысына аяқ басып, күрделі уақыт сынына іліккен елімізде тыныштық пен ынтымақтың, береке мен бірліктің кепілі отыз жылға жуық Ел Президенті тізгінін ұстаған Н.Ә.Назарбаевтың ішкі және сыртқы мемлекеттік саясатының тегеурінділігі деуге болады. 


Тәуелсіз елімізде өз үйім, өз отаным деп танитын өзге ұлт өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі де –Елбасы қалыптастырған толеранттылықтың белгісі. Ал, біз алдағы әңгімемізге қарай бұрар болсақ, ұлт көшбасшысының дін саласындағы мемлекеттік саясатының да игі екенін аңғарамыз. Зайырлы мемлекетіміздегі сан алуан этникалық (140) және конфессиялық (40) топтардың келісімі мен татулығын, діни фанатизм мен радикализмге, төзімсіздік пен алауыздыққа жол бермеу шарттарын орнықтыру оңай іс болмағаны аян. Сол негізде, 2003,2006, 2009, 2010, 2011, 20012 жылдарда Астана қаласында өткізілген әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, саммиттері мен форумдарындадін көшбасшыларының халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы ролінің маңыздылығы, адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтар дағдарысын тежеудің барлық діндерге ортақ міндеттері белгіленді. Сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы, «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының» (2017) бекітілуі де заманауи өзгерістерге толы қоғамымыздадінісінің маңызы арта бастағанын айқындады.



Мемлекет пен діни бірлестіктердің ынтымақтастығы күшейді. Бұл, әрине, ел іші мен сыртындағы келеңсіз жағдайлардың, діни экстремизмнің, ұлтаралық қақтығыстардың, террорлық іс-әрекеттердің алдын алудың бірден-бір жолы екені белгілі. Дегенмен, бұрынғы мемлекет басшысы2017 жылы 19 сәуірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде қазақ жастарының діни сауатсыздығын баса айтып, олардың ұлттық қалпымызға жат киім киісіне, сақал-мұрт қойысына сын көзбен қарап, бұндай құбылыстарға заңнамалық тұрғыда тыйым салу қажеттігін ескерткен еді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында» білім беру ұйымдарында дінтану негіздерін оқыту жастардың діни ілім туралы ғылыми білімін қалыптастыруға негіз болатыны қарастырылғаны белгілі.



Десек те, жалпы халықтың діни сауатын ашуға бағытталған БАҚ құралдарынан, жекелеген ғалымдардың таза теологиялық ғылыми еңбектерінен басқа, діни ілімді, әсіресе Құран сөзін даладағы қарапайым шаруа адамына да, қаладағы ақпараттар тасқынынан қажыған халыққа жай, жатық тілмен түсіндіретін еңбектер бар ма деген түйткілді ой көкейге келеді.Осы орайда, қазіргі күрделі кезеңдегі рухани бос кеңістікті болдырмауға, әсіресе жастардың діни сауатсыздық салдарынан адасуларынан, түрлі секталардың жетегіне еріп кетпеуінен сақтандыратын, оларға адамгершілік, имандылық, әділеттілік жолы - шын мәніндегі ақиқат жолы қандай екенін түсіндіретін еңбектің бірі-әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (2016) атты еңбегі. Бұл - еңбектің үшінші басылымы. Жоғарыда Елбасы белгілеген міндет-межелерді ескерер болсақ, біз бұл еңбекті мемлекеттің дін саласындағы саясатын қолдауға қосылған үлестің бірі деуге болады.





 1939 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Берікбай Сағындықұлы өзі айтқандай арнайы діни білім алмағанмен, жастайынан ең алдымен өз әкесі Сағындықтан (он жеті жыл Күжімді атанған әулиеге қызмет еткен кісі), Ленин орденді теміржолшы, зейнетке шыққаннан кейін тақуалығымен танылған қайын атасы Жылкелдіұлы Ілиястан, халық құрметтеген ғұлама Алдашбай ахуннан, әсіресе Бұқар қаласының әйгілі «Көкалташ» медресесін бітірген Нияз, Ешмағамбет секілді көптеген діндар оқымыстылардан тәлім-тәрбие алады, дінтану ілімінің негіздерін игереді. Жасынан құдай жолын ақиқат жолы, имандылық, кісілік, адалдық, әділет жолы деп танығанБерікбай Сағындықұлы 1957 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетіне түсіп, оны 1962 жылы бітіреді. 1962-1972жж. «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет атқарады. 1972-1975 жылдарарасында Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасында оқиды, 1975-1979жж. Қазақ ССР Ғылым академиясы «Ғылым» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі болып істейді. Ал, 1979 жылдан бастап өзі түлеп ұшқан қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология және әлем тілдері факультетінің тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессоры міндеттерін атқарып, табан аудармай қырық жыл тынымсыз еңбек етіп келеді. 1977 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Э.Н.Наджиптің жетекшілігімен «XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 1994 жылы «Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды.



Жоғарыда аталған Аллатану әліппесін жазған білімпаз ғалым Берікбай Сағындықұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты пәндерден баклавриат, магистратура, докторантура сатыларында лекция оқи жүріп, 12 оқу құралын, 3 монография, 300-ге жуық ғылыми, діни-танымдық және публицистикалық мақалалар, бірнеше типтік оқу бағдарламаларын жазғанын, түркология мен тіл теориясына арналған 10-ға жуық элективтік курстардың авторы екенін айтуға тиіспіз.



Иә, тіл білімі мен дін ілімін қос қанатындай қатар игеріп, сексеннің сеңгіріне іліккен ұлағатты ұстаз-ғалымның еңбектерінен ғана емес, алдында күнбе-күн отырған толқын-толқын шәкірттерге оқитын дәрістерінен де ақыл-парасатының кемелдігі мен ділінің тазалығы қосыла нұр шашып тұратындай. Шәкірттер ұстазының әрбір сөзіне құлағын төсеп, ұмсына түсіп, ұмтыла тыңдап, үнсіз ұйиды. Не құдірет, не сыр бар деп таң қаласыз. Әрине, бұл Берікбай Сағындықұлының ғылыми білімінің тереңдігі мен ұстаздық тәжірибе-тағлымының ұштасқан тұсы, ұстаздың шәкірт алдындағы жұлдызды сәті болса керек. Иә, тіл білімімен де,  дін ілімімен де қатар сусындаған білімпаз ұстаз ежелгі бабаларымыздың  «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген өсиетін есте ұстағандай. Алайда, ол жоғары оқу орындарында өзі жете білетін ғылым пәндерінен сабақ берумен ғана шектеледі. Дін тарихы мен діни ілім негіздерін терең білгенмен, орынсыз жерде уағыз айтудан аулақ. Әлдекім діни сауатын ашу мақсатымен сауал беріп, әңгімеге тартпаса білімпаз ұстаз сөзге де сараң. Діни шаласауатты кейбіреулердің діни дүниетанымды, наным-сенімді зорлап таңғысы келіп, ділмарсуын әсте ұнатпайды. Ондайда әлгілердің жолын кесіп, жас ұрпаққа таза имандылылық жолын нұсқап, сурыла сөйлеп кететін шешендігін де байқатады. Бұл ғалымның бекзаттығы ғана емес, имандылық шарттарын ұстанғандығы болса керек. Мақсаты қай білім саласында болмасын – жас ұрпаққа дұрыс жол сілтеу, жалпы қоғамды ізгілендіруге үлес қосу.



Түркітанушы ғалым Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбегі кезекті басылымында едеуір өңделіп, толықтырылғанын аңғаруға болады. Әлбетте, автор Құран сөзінен бастау алатын ислам ілімінің негіздері мен тарихынан өз бетінше оқып-үйренген тұжырымдардың дәлелділігін жер басып жүрген адам баласының шынайы тіршілігінен алынған нақты мысалдармен, аңыз-әңгіме, қиссалармен көмкере отырып, түсіндіреді. Иә, қасиетті діни мәтіндерді түсіндіруді ежелде – «герменевтика» (түсіндіру) деп атаған. Содан герменевтика ілімі қалыптасқандығы белгілі. Мәтіннің түпкі мәнін түсіндіру кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Ал, Құран сөзін, ислам ілімін көпшілікке түсіндіру - интерпретаторға үлкен сын. Міне, біз сөз етіп отырған кітап авторының қандай іске бел шешкенін, парасаты мен шығармашылық әлеуетінің қаншалықты биік, зор екенін осыдан-ақ аңғаруға болмай ма? Демек, кітап авторы өз ой-толғамдарын оқырманға жеткізу барысында ежелгі діни мәтіндерді, ел аузынан жинаған деректерді ойына қазық, сөзіне тірек ету мақсатында келтіреді. Сондықтан, кез келген туындыда бар интермәтіндер аталмыш еңбекте де молынан кездеседі.



Автор кіріспе сөзінде жаратушының күш-қуаты өлшеусіз екенін, жақсылық пен жамандық атаулының салыстырылмалы екенін айта келіп: «Адамзат баласы сыналу үшін ғалам осылай құрылған» деп ой түйеді. Себебі, біз кейде пәндеуи пиғылмен жаратушы соншама құдіретті болса, неге жамандық атаулыны жер бетінен жойып жібермейді деп абыржитынымыз бар. Міне, бұл діни ілімді терең зерделеген оқымысты адамның жауабы. Демек, жақсылыққа қарама-қарсы жамандықты танымасақ, жақсылықтың да мәнін білер ме едік? Автор кеңес идеологтарының гуманизмді барынша насихаттағанын жоққа шығармайды. Бірақ, «Елдің үміті неге ақталмады?» деп сұрақ қойып, оған өзі қызықты мысалмен, сауалмен жауап береді. «Мұның бар себебі, бар сыры сыпайылап айтқанда мынада: атеизм заманында санамызға себілген имандылық ұрығы қардың үстіне себілген дәнге ұқсайтын еді. Осындай жағдайда дән өсе ала ма?». Ғалым түрлі сорақылықтардың, азғындықтың бастауы болған атеизмді, дінсіздікті айыптайды. «Халық қашанғы қан қақсайды. Құдай қарасып, жаңа заман орнады. Бұқараның сана-сезімі оянды. Адамгершілікке, ізгілікке, жақсы істерге бетбұрыс жасалуда. Дінге деген ынта-ықылас күшейді. Баспасөз имандылыққа шақыра бастады. Бірақ, әр адамнан «құдайдан қорқып, ұялуы үшін» ең алдымен сауатымызды ашып алуымыз керек емес пе? Осыларды ескере келе қалың көпшілікке арналған «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбекті жазуымызға тура келді» деп жазады.



Ғалым «адам баласы дүниеге келгеннен кейін өз еркімен екі айрық жолдың біріне түсетінін» айта келіп, құдай жолын – ақиқат жолы, адамгершілік, ізгілік, имандылық, жоғары мораль деп танытады, халықты осы жолға нұсқайды. «Өмір бойы адал жүріп, адал тұруың керек» дейді. «Кейде жолдан таймаймын деп жүріп азап, ахирет те көресің» дейді. Расында, ғалым сөзінде дәлелді шындық жатқанын байыптаймыз. Қарғыс атқан «шайтани жол» мен «Бастаушысы Жаратушы иенің өзі болған «құдай жолын» туралы сөз қозғай келіп: «Осы екі жолды айырып ажыратып беретін ғылымның, діннің аты – ислам. Ислам - әрі ғылым, әрі дін. Ғылым болатын себебі, оның негізін қалаған ғұламалардың ғұламасы - Алла тағала. Алла тағаланың бір есімі - Ғылым» деп жазады. Исламның қазіргі мағынасы «бейбітшілік» екенін ұқтырады. «Адам ата, Хауа анадан басталатын, кейінгі замандарда Мұса, Дәуіт, Иса, Мұхаммед пайғамбарлар қалпына келтірген кең мағынасындағы ислам діні адамзат баласын игілікке кенелткен асыл дін болғанын» пайымдайды. Ғалымның діннің «тәнге дәрі, жанға шипа», тазалық кепілі екенін, жалпы қоғамның саулығын құнттайтын қасиеттерін дәріптеген ойларының көкейге қонымдылығы даусыз. Осылайша, кітаптың беташар сөзіндегі ой-пікірлерінің өзі-ақ, оқырман көңілін көктем шуағындай жылыта бастайды.



 Жалпы, аталмыш діни - танымдық зерттеу үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Ғаламның ғажайып сырлары» деп аталады. Осы бөлімде «Құдай бар ма?», «Алла тағала ғаламды не үшін жаратты?», «Ақырзаман бола ма?» деген адамзатты бағзы заманнан толғандырып келе жатқан тартысты сауалдарға дін ғылымы негізінде болжалды тұжырымдар түюмен бірге, «адам тағдырына араласатын күштер, рухтар» туралы діни ұғымдарға түсінік беріледі, сондай-ақ, «діннің көбею себептері», «әулиенің кереметі» жайы адамзат өмір-тіршілігінен алынған мысал, ел аузындағы аңыз, әңгіме, қиссалар негізінде таратылып түсіндіріледі. Мәселен, «Құдай бар ма?» деген сұрақтың өзі «жаратушыға сенушілер мен сенбеушілер» бар екенін айғақтайтыны рас. Олардың, әдетте, дін ғылымында мұсылман және кәпір аталатыны көпшілікке мәлім. Ал, ғалым осы сұраққа мынадай уәж келтіреді: «Егер Алла тағала аспандағы күн сияқты адамдардың көзіне жарқырап көрініп тұрса, мәселенің басы ашық болар еді. Ешкім бар деп, жоқ деп таласпас еді. Ақиқаттың ақ жолымен мәжбүрлі түрде жүрер еді. Бірақ әуелден ақырға дейін бірде-бір пенде, тіпті періштелер де Жаратушыны көре алмайды. Өйткені, Алла тағаланың дидарын көруге бұл дүниенің бір заты төтеп бере алмайды. Еріп жоқ боп кетеді. Осы заңдылықты білмегендіктен, Мұса алайһи с-саламның өзі дидар асы (Алланың жүзін көремін деп күнә табушы) болған».  Және осы оқиға жайлы аңызды баян етеді. Ғалым қасиетті құран сөзін ғана емес, өзі қасында «үш күн, үш түн болып» өсиет-уағызын тыңдаған әулие-әнбиелердің, ата-бабаларының әңгімелерін өзінше интерпретациялап жеткізеді. Тілі жатық, көпке түсінікті, тыңдаушысын баурайды. Мұның себебі, біздіңше өзі сенген ақиқат жайын ағынан жарыла күмәнсыз баяндауында. Діни шешендік пен ғылыми шешендік кілті де осында.



Діни сауаты аз адамдарға ислам ілімі терминдерінің түсініксіз болуы заңды. Зерттеуші ғалым Берікбай Сағындықұлы мұны да ескеріп, оларға түсініктеме беріп қана қоймай, нақты мысалдар келтіреді. Сол қатарда «құдірет, мұғзижа, керемет, ілһам, сиқыр, түс» деген ұғымдарды қарастырады. Әсіресе, осының ішінде «мұғзижа» ұғымын көпшілік біле бермейтін болуы керек. «Мұғзижа-құдайдың құдіреті. Бірақ ол пенделердің қалауы бойынша орындалады. Мұғзижа дегеніміз-оқымыстылардың да, қарапайым адамдардың да ақылына сыймайтын, сенімнің (иманның) нәтижесінде ғана байымдауға, сезінуге болатын ғажап іс. Мұндай істер Аллатағаланың ғылымымен бола тұрса да, пайғамбар жасаған сияқты әсер қалдырады» деп, соның мысалы қатарында «Нұх алайһи с-саламның кеме жасап, топан судан бүкіл жанды мақұлқаттың ұрығын аман алып қалуын» баяндайды. Ал, «кереметтің кішісі-түс» деп түйіндейтін ғалым 1981 жылдың жаз айында өзі көрген түсін еңбегінің 29-бетінде қызықты баяндайды. Қайталауды жөн көрмедік. Дегенмен, қызықтысы - зиялы жанның түсінде «жауып тұрған аппақ сәуле-нұрды» таңсәріде оянған сәтте өңінде көргені. Оған өзі де таң қалады. «Бұл түс рауандап атып келе жатқан жаңа заманның қарсаңында көрінген екен.».



Аталмыш бөлімнің «Ой хикметі» тараушасында адамды жамандыққа итермелейтін шайтани ой мен «ізгілікке, имандылыққа сілтеп, рухани өсуіңе жағдай жасайтын» рахмани ой туралы, «адамның өз болмысынан туатын»-адами ой туралы пікірлерін ортаға салып, «Алла тағалла адамды тумысынан ғалым етіп жаратқан»деп түйіндейді. Шынында да, адамның әуелгі дүниеден білмекке құмарлығы зор екені анық. «Адами ой ғана рахмани ойлар мен шайтани ойларды ажырата алады, салмақтай біледі» деп тұжырым жасаған ғалым, өзі көне түркі тілінен аударған «Адам ата мен Хауа ана» қиссаларында баяндалатын исламдық дүниетаным негіздері тұрғысынан адамның топырақтан жаралғандығын аңыздай келіп: «Мысалға, Чарлъз Дарвин «адам маймылдан пайда болды» десе, сол ойды өзіне шайтан салғанын сезген де, білген де жоқ» деп дарвинизм ілімін бүгінгіше терістейді. Сондықтан, ғалым адамдарға «қисық ойласаң, -орға жығыласың, түзу ойласаң,-әліп ұлыққа жетесің» деген рауайат сөзін ұсынады.Адамның ойын, ұлық сипаттары мен кішік сипаттарын жас ұрпаққа үлгі ете әңгімелейді. Ислам дінінің ғана емес, христиан секілді басқа діндер тарихынан да мол хабары бар ғалым ислам дінінің христиан дінінен басты айырмашылықтарын да Құран сүрелеріне сүйене отырып нақты дәйектейді.





Ғалым еңбегінің екінші бөліміне «Адам ата және Хауа ана» қиссасының аудармасы, «Жұмақ пен тозақ» жайындағы діни ілімнің аудармасы топтастырылған.Б. Сағындықұлының ««Ғаламның ғажайып сырлары» атты кітабының «Отбасы оқулығы» аталатын үшінші бөлімінде діни-танымдық мақалары жинақталған. «Ғылым мен ислам» атты мақаласында фәни дүние ғылымы, бақи дүние ғылымы, ислам діні ерекшеліктерін ажырата қарастырады. Ең алдымен, жаратушының бар екенін ақылмен тануға меңзейді. «Паруардігердің бүкіл ісіне ақылмен қарауды үйреткен» Абай атамыздың «Отыз сегізінші сөзін» тілге тиек етеді. Дін сөзін сөйлегенде Абай есімін де жиі ауызға алады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Фәни дүние ғылымының иесі оқымысты, ғалымдар екенін, бақи дүние ғылымының иесі пайғамбарлар, машайықтар, әулиелер екенін атап өтеді. Ал, ислам діні туралы мынадай байлам келтіреді: «Сонымен ислам діні дегеніміз бақи дүние ғылымы мен фәни дүние ғылымының арасын байланыстыратын, қарапайым халыққа арналған, Алла тағала тарапынан келген дүниетаным ғана екен».



Зерделі ғалым аталмыш еңбегінің өн бойында «жер бетіндегі жамандық атаулылардың барлығы жалғаншылардан, қаһарға ұшырағандардан шығатынын», халық арасына іріткі салатын, жастарды нашақорлық секілді жаман ғадеттерге үгіттейтін, террорлық іс-әрекеттерге бастайтын әртүрлі секталардың жолын кесудің, алдын ала тосқауыл қоюдың  бірден бір ұтымды жолы да –қоғамды ізгілендіру, имандылыққа тәрбиелеу, діни сауаттын арттыру екендігін мемлекеттік өзекті мәселелер қатарында қозғайды.



 Бақи дүние ғылымы мен фәни дүние ғылымын жете ізерлеп, індете зерттеген иман жүзді, ізгі ниетті, абзал жанды оқымысты ұстаз Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты кемел ойларға, әрдайым есте ұстап жүретіндей пайдалы тұжырымдарға толы деуге болады. Мысалы: «Кімде-кім құдайдың бар екендігіне көзі жетсе, сол сәттен бастап кемел ақылға ие болдым деп есептеуіне болады. Бұл ретте оқымаған надан құдайды жоққа шығарған оқымыстыдан артық» немесе «Кемелдену дегеніміз – ең алдымен өзін-өзі билеу деген сөз. Дүние жүзіндегі бүкіл адамдарды басқарғаннан гөрі адамның өзін-өзібилеуі қиын» дейтін өсиет іспетті толғамдар ғалым ойының да кемелдігін көрсетпей ме? Бұлардың кейбірі бабалар сөзін жаңғырта айту болғанымен, дүниетаным ұқсастығын аңғартпай ма? «Сөз қадірін, өз қадірім» деп білген ғалым тағы да Абайша ой толғайды: «Құдай сөзі-құран сөзінде иненің жасуындай жалғандық жоқ». Осы ақиқатты жер жүзіндегі адамдар мойындаса, планетамыз жұмаққа айналар еді».



 Иә, Бекеңдей абзал жанның арманы биік, рухы таза, жаны пәк екені анық.Оның оқырмандары да өзіндей ақниет жандар ма деп қаласың. Осыдан біраз жылдар бұрын  Жамбыл облысы, Шу ауданында тұратын М. Мұстапарұлы деген бір оқырман басылым бетінде: «Берікбай Сағындықұлының  «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбегін мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болады» деген ақжарма көңілінен шыққан адал пікірін де білдірген екен. Сондай-ақ, бұл еңбекті алғашқы басылымында-ақ жазушы, ақын М.Әлімбай, ақын С. Пірманұлы, исламтанушы Т. Елдесбай секілді азаматтар да жоғары бағалаған екен.Рас, аталмыш еңбектің құндылығына біз де шәк келтірмейміз.Ғалым еңбегінің біздің тарапымыздан, әлі де көз жеткенмен, сөз жетпейтіндей бағалы құбылыстары болса, сұңғыла оқырман әрі қарай өзі өрбітер. Ғаламның ғажап сырларын жүйелі әңгіме өзегіне айналдырған ғалымның табандылығына таң қалмасқа әддіміз жоқ.



Рас, есімі елге елеулі Берікбай Сағындықұлы 2005 жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихаты шешімімен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағын иеленді. «Қызылорда облысына -70 жыл», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға -70 жыл» құрмет белгісі және «ҚазҰУ-ға -80 жыл» төсбелгісінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері болып табылады.2011 жылы ҚР БжҒМ Инновациялық Еуразия университетінің құрметті профессоры академиялық атағын иеленді.



Бүгінде қос ілімді қос қанатындай аялаған абыз ғалым, абзал ұстаз, ұстаздардың ұстазы атанған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты діни-танымдық зерттеу еңбегін сақи кемелдіктің, бекзат ұстаздықтың, діни ілімпаздықтың ғана көрінісі ғана емес, жалпы халыққа қасиетті Құран сөздерін, ислам ілімдерінің інжу-маржан, жауһарларын түсіндіретін, осы арқылы бүгінгі дүбірлі дүниеде өмір сүріп жатқан еліміздің тыныштығын, қауіпсіздігін сақтауға, жоғарыда айтқанымыздай мемлекеттің дін саласындағы саясатын қолдауға, оны нығарлай түсуге қызмет ететін рухани құндылықтарға толы, бағалы, қозғаушы күші зор ғылыми-публицистикалық стильде жазылған энциклопедиялық сипаты мол, өркениет ісіне үлес қоса алатын маңызды еңбек санатында бағалауға тиіспіз.



Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ғалым, абзал ұстаз Берікбай Сағындықұлын мерейтойымен құттықтап, алдағы уақытта да толайым шығармашылық табысқа жетуіне, өзі аялаған отбасының бақытына кенеліп, екі дүниенің нығметіне бөленуіне зор тілектестік білдіреміз.



 



 



                                                                                                 Раушан Әбдіқұлова,



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты


Ғаламтор желісінен