24 Қыркүйек, 2018
Адам өз-өзін қалай жігерлендіру қажет?

Жігер, ерік, қайрат – өнімді еңбек етуге қажет болатын басты қасиеттер. Ал өнімді еңбек ете білу – бүгінгі дәуірдің басты талабы. Адам табиғатынан өз-өзін жігерлендіру, қайрау арқылы түрлі табыстың шыңына жеткен. Сондықтан, өз жігеріңді өзің жану – адамның дамуына және жетістікке қол жеткізуіне қажет болатын алғашқы алғышарттардың бірі.


Ақыл айта білу, кеңес беру – кез-келген адамның қолынан келетін іс. Көпшілік осы әрекеттерді бос сөз ретінде қабылдайды. Әсілінде, мүлде олай емес. Адам біреуге ақыл айтқанда, өзі айтқан дүниенің барлығын жеке басы орындағанын немесе орындамағанын естен шығарып алады. Дегенмен, санасы сау азамат біреуге айтқан кеңесінен кейін өзі ойлана бастайды. Дәл осы ойлану үдерісін іске асырса, мақсатты түрде қадамдар жасаса, жетістік кілті уысында болмақ.



Уортон университетінің және Чикаго университетінің психологтары Лорен Эскрейс-Винклер мен Айелет Фишбахтың да тұжырымдары бір арнада тоғысқан.



Біз жоғарыда ақыл айтудың пайдасы туралы қысқаша айтып өттік. Енді адамды жігерлендірудің тұжырымын жасаған психологтардың тұжырымына көңіл бөлелік.



«Мақсатқа жету үшін қажет болатын жігерді қайтару үшін немесе алу үшін кеңес алу қажет емес, оны беру керек. Бұл әрекет адамдардың білімін әрекетке айналдыруға көмектеседі», - дейді тұжырымда.



Қос маман да қиналған тұста сұлу сөйлейтін кеңесші табуға ұмтылуды біржақты қате түсінік деп есептейді.



Адам баласы оймен жұмыс жасауда алдына жан салмайтын жүйріктер қатарында. Жоғарыдағы «мақсатқа жету үшін өзгеге кеңес бер» деген пікірге қайта оралайық.



Біздің қоғамда жұмысқа орналасудан қиналып жүрген немесе жұмысынан қуылған, арнайы мамандығы жоқ болса да нәпақа тапқысы келетін азаматтар баршылық. Мысалы, сіз жұмыссыз адамға кеңес бердіңіз делік. Сіз ақыл айту барысында өзіңіздің басыңыздан өтпеген қиындықтардың да шешімін табуға қауқарлы боласыз.



Қандай жолмен жұмысқа орналасып, өзіңнің әлеуметтік жағдайыңды көтеру қажеттігі туралы кеңес беру арқылы сіз болашақта өз алдыңыздан шығуы мүмкін қиындықтардың шешімін табуға дағдыланасыз.



Сонымен қатар, адамдардың көпшілігі, психологтардың айтуынша, рухани һәм моральдық тұрғыдан сынып кетіп, өзінің бағзы ерік-жігерін қайтара алмай сандалады. Бұл ретте өзгеге кеңес беру немесе жігерін қайрау, ақыл айту – өз руханиятыңыздың іргетасын мығым ете түсу.



Психологтардың сөздеріне сүйенсек, адамдар біреуге ақыл айту барысында жаңа дүниелерді үйренбеуі мүмкін, бірақ осы әрекеті арқылы ол өзінің ішкі сенімділігін, ерік-жігерін нықтай түседі. Біреуге кеңес беріп отырған адам өзінің қолы жетпейді деп жүрген дүниелерінің тым қарапайым әрі оңай екендігіне көз жеткізеді.



Дәл осы бағытта арнайы мамандар бұқара арасында сауалнама жүргізген екен. Сөзіміз татымды болу үшін аталған сауалнаманың қорытындысын сіздерге ұсыналық.



Сауалнамаға қатысқан жұмыссыздардың 68 пайызы біреуге сәтсіздік туралы кеңес бере отырып, қызмет іздеу барысында өзгелерге қарағанда жігерлі болғанын және көздеген мақсатына жеткенін айтқан.



Өз қаржысын үнемдей алмайтын адамдардың 72 пайызы өзгелерге өз қиындығы бағытында ақыл айтқан. Ал тура осы бағытта өзгеден кеңес алғандардың ісі алғашқы бағытқа қарағанда төмен нәтиже көрсеткен.



Өз эмоциясын тежей алмайтын адамдардың 77 пайызы сабыр туралы, эмоцияны бүгіп ұстау туралы өзгелерге ақыл айтқаннан кейін осы әрекетті өздері сынап көрмекке бел буған.



Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 70 пайыздан астамы арықтау туралы өзгелерге кеңес бере бастағаннан кейін ғана мақсаттарына жетудің қолжетімді екенін аңғарып, іске көшкен. Ал осы тақырып төңірегінде өзгелердің кеңесіне құлақ түргендердің нәтижесі көңіл қуантарлықтай болмапты.



Біз мақсатымызға жету үшін үлкен білім мен ақпараттық қордың болуы міндетті деп есептейміз. Шынтуайтында, мүлде олай емес. Әрекетті қажет ететін шаруалар болады. Әрине, білім белгілі бір деңгейде қажет. Дегенмен, ол білімді тәжірибеде қолдана алмасаң, босқа кеткен уақыт пен санада тығыздалған қажетсіз ақпарат қана болып қалады.



Әйтпесе, қоғам мүшелерінің көпшілігі жақсы жетістіктерге жетудің жолдарын айтатын мотивациялық мақалаларды, сюжеттерді жақсы біледі. Бірақ олардың әсер ету деңгейі әлдеқайда төмен. Адам біреуге ақыл-кеңес бергенде өз-өзін сырттай сынап қарап, жауапкершілікке алады. «Өзім жасамағанды өзгеге айттым-ау» деген ой адамды әрекетке көшуге алып келеді.



Мысалы, адамдардың көпшілігі артық салмақтан арылу үшін тамақтану тәртібін дұрыстау қажет немесе жақсы диета керек деп ойлайды. Бірақ олар диета туралы, артық салмақтан қалай арылу туралы ақпараттардың бәрін біледі. Бір ғана кемшілігі – сол білімді тәжірибеде, тұрмыста қолданбайды.



Адам біреуге ақыл айтқан уақытта өзін мықты сезінеді және қажет білімді игерген адам ретінде көреді. Содан кейін ғана ол өз білімін тәжірибемен ұштастыруға ұмтылыс жасауы мүмкін.



Егер сіз өзіңіздің біліміңізге сенімді болсаңыз және жетістікке жету үшін қажетті нәрсенің бәрін білсеңіз, бірақ анау айтарлықтай жетістікке қол жеткізе қоймасаңыз, достарыңызбен, жалпы өзге адамдармен біліміңізді бөлісіңіз.



Мақала авторы: Ruh.kz


Ruh.kz
Hr-portal.ru