9 Қыркүйек, 2019
Адамзаттың абызы, ақылманы

Алаштың ардақты ұлы, аса көрнектi қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткерi, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы ағамыз туралы, оның мол мұрасы, рухани қазынасын насихаттап, шәкірттерімізге, ел-халыққа ықыласпен айтып жүреміз.

«Елім» деп еміреніп жүретін Әбекеңнің жүзінен әрқашан ақжарқын көңіл көріп, ақжарма тілегін еститін едік. Ол кімді болсын нұрлы дидарымен, жаны сұлу табиғатымен баурап отыратын. Адам баласы өзінің аз ғана ғұмырын мәнді де сәнді өткізуге тырысып, халқына ізгілік сыйлай алса, бұл оның адамгершілігінің өлшемі болмай ма? Біз білетін Әбекеңнің бойындағы ең үлкен қасиеті – ұлтын шексіз сүюінде. Ел тарихын, қазақ тілінің қадір-қасиетін тек өзі ғана бойына сіңіріп қоймай, мұхит-мұрасынан елінің де емін-еркін сусындап, тағылым-тәрбие алуына мүмкіндік берді.

Әбіш Кекілбайұлы – қайраткер! Тәуелсіздіктің ширек ғасыр шежіресінде Ол араласпаған, атсалыспаған, ақыл қоспаған бірде-бір елеулі оқиға болған жоқ. Өзінің көсемдігімен, шешендігімен әлемді мойындатты. Халық тобыр емес. Кез келген адам елді аузына қарата білу үшін ең алдымен өзі ұлтқа тұтқа болатындай тұлға болуы тиіс. Әрбір ісі тыңғылықты, сөзіне берік, өзіне сенімді, өзгеге үлгі болса ғана ел оған елеңдеп жүреді. Сондықтан халық та, билік те Оның парасат-пайымына арқа сүйеді. Ол ауырсынбай арқалаған Қазақ Елінің аманат-жүгінің салмағын қазір жұмыла жұрты жүрек-таразысымен сезініп жүр.

Тумысынан турашыл, жан дүние кеңдігімен асқақ және оны өзгеге де ұғындыра білген аса мәдениетті, адал адам ешқашан несие сөз айтпайтын, не жазса да тереңнен толғанып, күдікті үмітке жеңдіріп, сеніміне селкеу түсірмеген, ұлттың рухын көтеруге көңіл қойған қаламгер.

Әбекеңнің көзін көріп, сөзін тыңдай алған замандастары бақытты. Ал кейінгі ұрпақ шығармаларын оқып бой түзеп, ой орнықтырады. 

Әбіш Кекілбаев .png


Ол өзінің жоғары мемлекеттік және қоғамдық мәртебесіне қарамай, кім-кіммен де пікір алысуға, үлкен-кішіге құлақ қоюға, жауап беруге дайын, әрдайым әртүрлі жағдайларда дұрыс шешім, қоғамдық пікір, оң көзқарас қалыптастыра білетін тұлға болды. Мен алқалы жиындарда өзім жиі айтып жүретін сондай бір мысалым бар.

1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесіне депутат боп сайланарда түрлі себептермен сайлау комиссиясы Әбекеңе Павлодар облысы Баянауыл ауданының атынан кандидат ретінде тіркелуді ұсынады. Содан үгіт-насихат науқаны басталарда сол жақтың сайлаушыларымен кездесуге барады. Ол кездесуде Баянауылдың аузы дуалы, сөзі уәлі бір құрметті ақсақалы өз атынан, ел-халқының атынан сөз сөйлеп:

– Айналайын Әбішжан, белгілі жазушы екеніңізді жақсы білеміз. Талабыңыз оң болсын! Бірақ біз де іргелі елміз ғой. Біздің де Жоғарғы Кеңеске ұсынатын азаматтарымыз бар. Бір емес, екі кандидатымыз шығып, тіпті сол екеуінің қайсын сайларымызды білмей қиналып отырған жайымыз бар. Сіз сайлауға өзіңіздің туып-өскен жеріңіз Маңғыстаудан немесе Атыраудың атынан неге түспедіңіз? – депті. Сонда Әбекең тосылмастан:

– Ақсақал, «Жүйріктігіңді білгің келсе, ат баптаған ауылға бар. Құлын кезіңде көрмедім деп, Сыйпамай жібермес жалыңды! Жігіттігіңді білгің келсе, азамат өскен ауылға бар. Атаңмен табақтас болмадым деп, сындыра қоймас сағыңды!» – деген оймен бұл жерге азамат өскен ауыл ғой деп, бағымды сынағалы келіп отырмын, – депті.

Сонда әлгі ақсақал табан астында тауып айтылған сөзге тоқтап, қарсы пікір айтпастан, керісінше өзі Әбіш Кекілбайұлының кандидаттығын қолдап, жерлестерін де Әбекеңе дауыс беруге шақырған екен. Сол жолы Ә.Кекілбайұлы депутат болып қана қоймай, Жоғарғы Кеңеске Төрағалық етеді.

Асыл ағамыздың сол қанатты сөзін өз қолымен жазған қолтаңбасымен сақтап жүрмін. Өйткені ол – біздің заманымыздың биі болды ғой. Оның тәжірибесі мен тағылымын өзіме үлгі тұтамын.

Мен Жаңаөзен қаласына депутат болып сайланарымда, сайланғаннан кейін де қазақ халқының дәстүрлі билер институтын, кейінгі ғасырлардағы халық депутаттарының қызметтерін зерттеумен, зерделеумен келемін. Әсіресе, ҚР Парламентінің Төрағасы, өмірінің соңына дейін Сенат депутаты болған Әбіш ағамыздың еңбектеріне ерекше ден қоямын.

Әбіш Кекілбайұлының жарқын бейнесі ел-халқының жадында, рухани мұрасы жүрегінде мәңгілік сақталады. Ең үлкен құрмет, ең үлкен марапат – халқының махаббаты. Жер-жерде Әбекең туралы айтылып жүрген естеліктер Оның биік тұлғасын таныта түседі. Биылғы 80 жылдық мерейтойының халықаралық деңгейде аталып өтетіні – ағамызға қандай құрмет пен қошеметтің де лайық екенінің дәлелі.

Ылайым, иманы саламат болып, күллі оқырмандарының, ел-халқының ықылас-пейілі рухын шат қылғай!


Исенбай ҚАЛДАМАНОВ