19 Қараша, 2019
«Әдебиет. Рух. Қоғам»

Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық форум өтті 

«Өз рухани құндылықтарымызды өзіміз бағалап, өзіміз насихаттамасақ, сырттан келіп ешкім де насихаттамайды. Сондықтан біз әдебиетке, қазақтың ақын-жазушыларына қолдау көрсету ісіне айрықша мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды үзбей жалғастырамыз», – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбеде өткен «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумында сөйлеген сөзінде.

«Әдебиет. Рух. Қоғам» деп аталатын шара Қазақстан жазушылар одағының 85 жылдығына арналған. Ел ауқымындағы шараның Ақтөбеде өту себебі өңірдегі 3 жазушының еңбектерін терең зерттеп, насихаттау. Ол: Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов және Сағи Жиенбаев. Форумда 10 жас қаламгердің кітабының тұсаукесері болды. Қазақ әдебиетіндегі мықтылар ұлттық рухты көтеру мәселесін талқылап, «Алтын жебе» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ақұштап Бақтыгерееваның әдеби кеші ұйымдастырылады. Шара облыс орталығы емес Алға, Байғанин аудандарын қамтыды. Ел әдебиетшілерінің алды Ақтөбеге жиналды. 

forum-pisatelej_reswm.jpg

Әдебиет форумына Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгереева қатысты. Сонымен қатар елімізге танымал 30-ға жуық ақын-жазушылар жиналып, алдымен Ізтай Мәмбетовтің туған жеріне барып, Алға қаласындағы көшеде ескерткішін ашты. Мұнда ауыл мектебінде ақын атындағы кабинет ашылды. Форум Ақтөбе қаласында жалғасып, өңір басшысы алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Осы өлкеден шығып, бүгінде ортамызда жоқ анық-жазушыларымызды еске алуды жөн көрдік. Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетовтің 85 жылдық мерейтойын осы форум аясында атап өттік. Бұл біздің парызымыз. Жергілікті атқарушы орган ретінде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көп іс атқарылып жатыр. «Ақтөбе кітапханасы» 50 томдығы түгенделді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Жастарды әлі де қолдап, көмек беруіміз керек. Ақтөбеге драма театр салу керек екенін білеміз. Алдағы уақытта салынады. Сонымен қатар Қуандық Шаңғытбаев атындағы үздік аударма, Үмбетбай Уайдин атындағы үздік сатира, Тобық Жармағамбетов атындағы үздік проза, Тахауи Ахтанов атындағы үздік драматургия, Ізтай Мәмбетов атындағы балаларға арналған үздік шығармалар, Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов атындағы үздік поэзия байқауы өтеді. Әрқайсысының жүлде қоры - 1 миллион теңге», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Ақын-жазушылар соңғы жылдары әкімдіктің әдебиетке ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. «Ғасырлар ауысқанда, қоғам ауысқанда кейбір асыл дүниеміз ұмытылып қалудың аз-ақ алдында қалды. Сол кезде қайта жарқ етіп, мәселен Ізтай Мәмбетовке ескерткіш бьюст қойылды. Бүгін Тобық пен Сағи ағамыздың аты ұлықталды», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Әрі қарай форум Байғанин ауданында жалғасты. «Ақтөбеде әдеби форумның өтуі жаңалық болды. Бұл-әдебиетке дұрыс бетбұрыс. Ұрпақ байлық қуып кете ме, өз тілінде сөйлемей ме, кітабын оқымай ма деп ойлағанымыз рас. Қазір жастарымыз кітап оқымағаннан, ән-жырымызды қанып ішпей, басқа елдің ән-жырына еліктегендіктен шетелді аңсайды. Біз мұны жасырмаймыз», - деді Ақұштап Бақтыгереева. 

76702454_2572267262820665_7764296888202821632_o.jpg

Руханияттың өзегі – әдебиет. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар бұл жиынның ұйымдастырылуын туған әдебиетімізге деген жанашырлық қадам ретінде, үлкен жақсылықтың нышаны ретінде қабылдайтындарын жеткізді.

Республикалық әдебиет форумы Ақтөбеде жалғасып, оған Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған белгілі қаламгерлер, аталмыш ұйымның облыстық филиалдарының басшылары, облыс және қала басшылары, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен оқырмандар қатысты. Бақилық болған біртуар азаматтардың жақындары да шақырту алған. «Әдебиет. Рух. Қоғам» деп аталған шарада бірқатар жаңа жобаның тұсауы кесілді. Сондай ақ ақындар кеші ұйымдастырылып, Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовты еске алу кеші өтті.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашып, алғашқы сөзді облыс әкіміне берді.

Облыс басшысы алдымен жиналған қаламгерлерге өзінің ыстық ықыласын жеткізіп, барша оқырмандар атынан шығармашылық табыстар тіледі.

— Қазақ әдебиетінің шаңырағына алтын уық болып қадалған таланттар аз емес. Бүгін, міне, ортамызға қазақтың белгілі қаламгерлері келіп отыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар біз Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығына орай бас қосып отырмыз. Киелі Ақтөбе топырағында туып-өсіп, қазақтың сөз өнерінің қанатын кең жаюына үлес қосқан ақиық ақын-жазушылар көп. Бұл орайда қазақтың жыраулар поэзиясының соңғы өкілдерінің бірі — Нұрпейіс Байғанин, халқының тағдыры жайлы толғаумен өткен Әбубәкір Кердері, одан берідегі Жиенғали Тілепбергенов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Өтебай Қанахин, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Үмбетбай Уайдин, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, тағы басқа да қаламгерлердің есімдері өздеріңізге жақсы мәлім. Олардың ізін жалғап келе жатқан бүгінгі ақтөбелік ақын-жазушылар да әдебиетімізде әрқайсысының өз орны бар көрнекті қаламгерлер, — деп атап өтті Оңдасын Сейілұлы.

Биыл облыстың рухани өмірінде үлкен жаңалықтар болды: 2016 жылы тоқтап қалған «Ақтөбе кітапханасы» жобасы қайта жалғасып, 27 том жарыққа шықты, сөйтіп, «Ақтөбе кітапханасы» сериясы 50 томға жетті. Жастар жылы аясында «Жауқазын» сериясымен ақтөбелік 10 жас ақын-жазушының кітабы жарық көрді.

Облыс әкімі ақтөбелік ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығару ісі мұнымен тоқтамай, әлі де жалғасатынын айтты.

Сондай-ақ, біз қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан қаламгерлерге Үмбетбай Уайдин атындағы «Үздік сатирасы үшін», Тахауи Ахтанов атындағы «Үздік драматургиясы үшін», Қуандық Шаңғытбаев атындағы «Үздік аудармасы үшін», Төлеген Айбергенов пен Сағи Жиенбаев атындағы «Үздік поэзиясы үшін», Тобық Жармағамбетов атындағы «Үздік прозасы үшін», Ізтай Мәмбетов атындағы «Балаларға арналған үздік туындысы үшін», яғни барлығы 7 сыйлық тағайындайтын боламыз. Ақтөбелік белгілі қаламгерлер мен олардың шығармашылықтарын насихаттау мақсатында, бейнелері мен танымал туындыларынан алынған үзінділерді үлкен көшелерде LED-экрандар, көп қабатты үйлер қабырғасындағы суреттер арқылы беріп отыру да көзделген, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Ақтөбеде Тахауи Ахтанов атындағы драма театры мен облыстық кітапханаға арналған жаңа ғимараттар құрылысын қолға алу жоспарланған.

Жас ұрпақты әдебиетті білуге, кітап оқуға баулу — үлкен мақсат. Бұл үшін балалар мен жастарды қызықтыра білу, кітап әлеміне тартудың жаңа тәсілдерін қолдану керек. Облыстық кітапхана ғимаратының құрылысы барысында осы жайдың ескерілуін ойластырамыз, — деді облыс әкімі.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақтың руханиятын, әдебиеті мен қаламгерлерін қолдау мақсатында Ақтөбе облысында қолға алынған бастамаларға ризашылығын жеткізді:

Замандар зымырап өтеді, дәуір ауысады, қоғам өзгереді. Бірақ сөз, соның ішінде көркем сөз өлмейді. Облыстардың ішінде Ақтөбе бірінші болып осындай үлкен жиында қаламгерлердің бас қосуына ұйытқы болып отыр. Бұған барлық қаламгерлердің атынан ризашылығымды жеткізгім келеді, — деді ол.

Белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева да:

Бізге бабалардан қалған ең үлкен мұра — өлең мен мақал екенін ұмытпауымыз керек. Өмір ананың әлдиімен басталып, жоқтаумен аяқталады. Оның екеуі де өлең. Бүгінгі күні, біз өзіміздің рухани құндылықтарымыздан алыстап, тарихымызды жоғалтып, жастарымыздың тәрбиесінен айырылып қалған тұста, әдебиетті, қазақтың қаламгерлерін қолдауға бағытталған қадамдардың қолға алынуы — үлкен қуаныш, — деп атап өтті.

Жиында, сондай-ақ, Бекен Ыбырайым, Асылбек Ықсан, Мәди Айымбетов, Алмас Ахметбек, Мейірхан Ақдәулетұлы, т.б. ақын-жазушылар сөз сөйлеп, қазақ әдебиетін өркендету, қаламгерлерге, соның ішінде жастарға қолдау көрсету, т.б. мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Туған жер ұғымының құдіреттілігі соншалық ежелгі таным-түсініктер бойынша, адам өзінің туған елінен, Отанынан басқа жаққа көшер болса, рухы онымен бірге кетпей, шекарадан әрі аспай, қалып қояды екен. Біздің шығармаларымызда туған жер ұғымы, өзіміздің тамырымыз — ата-бабаларымыздың тарихы мен ғажап өнері кеңінен насихатталуы керек. «Әдебиет. Рух. Қоғам» деген бүгінгі жиынның атауы осыған меңзеп тұр, — деді Асылбек Ықсан.

Форум аясында «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан 27 кітаптың және «Жауқазын» сериясымен жарық көрген 10 кітаптың тұсаукесерлері өтті. Бастапқы 27 кітапқа 45 автордың туындылары енген. Ал «Жауқазын» сериясы бойынша жарық көрген кітаптардың 9-ы — өлең, біреуі — әңгімелер жинағы. Тұсаукесерлер авторлардың қатысуымен өтті.

«Алтын жебе» бәйгесінің лауреаттары марапатталды. Форумға жергілікті ақын-жазушылар, жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Ақұштап Бақтыгереева, Мырзан Кенжебай қатысты. Шарада поэзия мен прозаның қазіргі жай-күйі айтылды. Кітапқа деген құмарлықты балабақшадан, бастауыш сыныптардан бастау қажет дейді қаламгерлер. Қазіргі жас ақын-жазушылар болса оқырман сұранысына сай, балалар қызығып, іздеп оқитын туындыларды көп шығару керек деген ой айтты. Қазақ әдебиетінің қазіргі майталмандарымен бір үстелдің басында отыру құрметіне ие болған жас ақынның бірі – Ақілгек Мырзабай. Болашақ дәрігер әдебиеттен әлі алыстай алмай жүр. Жас қаламгер бір кітаптың авторы. «Рух» жүректе болуы тиіс деп есептейтін ақын тек материалдық тұрғыда ойлай бермей, рухани дүниемізді де ұмытпайық дейді. Форумда сондай-ақ қаламгерлер қазақ әдебиетінің болашағына қатысты пікірлерін білдіріп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты. Алдағы жоспарларға тоқталды. Ортаға орамды ой тасталып, түрлі ұсыныстар қатысушылар талқысына түсті. Ақын-жазушылар жаңа дәуір әдебиетінің даму үдерісін тілге тиек етіп, салиқалы сын мектебін қалыптастыру мәселесін айтты.

Жиын соңында Мейірхан Ақдәулетұлының басшылығымен шығатын «Адырна» әдеби-көркем, көпшілік журналы жариялаған «Алтын жебе» бәйгесінің жүлдегерлері марапатталды. 1 миллион теңге көлеміндегі бірінші жүлдеге белгілі ақын, қарағандылық Серік Ақсұңқарұлы мен біздің жерлесіміз, жазушы Мақсат Мәлік ие болды.

Мейірхан Ақдәулетұлы, ақын: – Әдебиет қай кезде де қоғамның, адамзаттың тәрбиешісі болып келе жатқан қасиетті нәрсе. Және бізде ұлы әдебиет бар, ол және жалғасын тауып жатыр. Осы форумға біраз жас қатысты. Жастардың кітаптарын шығардық. Шынымен шығармашылықпен айналысам деген жастарға барлық жағдай бар деп ойлаймын.

Форум аясында Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен лирик ақын Сағи Жиенбаевтың және жазушы Тобық Жармағамбетовтың 85 жылдығына, кітапхананың 40 жылдық мерейтойына орай «Ақтөбе. Жылдар. Тұлғалар» атты республикалық еске алу кеші өтті. Шара барысында ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Өмірі сырға толы Сағи ақын» тақырыбында баяндама жасап, «Сәулелі ғұмыр – саналы ой иелері» атты тақырыбында ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы сөз сөйледі. Сонымен қатар С. Жиенбаевтың өлеңдері оқылып, жастар әдемі әуенге би биледі. Ақынның сөзіне жазылған «Айналдым елім», «Қарттар» атты әндерін әнші Орал Бәйсеңгір сынды өңірімізге танымал әнші орындады. Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағанбетовке арнаған «Үнсіз үндестік...» пьесасы сахналанды. Туынды авторы ақын Гүлжайнар Қалдина, режиссері Мейрам Хабибуллин. «Жемнің жарық жұлдыздары» атты кең көлемде кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Сағи Жиенбаевтың жары Өзипа Жиенбаевамен және оның қыздарымен кітапхана тығыз байланыста. Жуырда Алматы қаласынан Сағи Жиенбаевтың жеке кітапханасы әкелінді. Кітапханада Сағи Жиенбаевқа арналған ақын атында «Оқу залы» ашылды. Бұл залда «Ердім бір сиқыр қаламға...» атты өзінің туындыларынан көрме жасақталып тұр. Көрме үнемі баспасөз материалдарымен, әдістемеліктермен толықтырылып тұрады. Ақын атындағы оқу залында Сағи ақынға арналған шаралар өтеді. Бұл кеш Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығына арналған іс-шаралардың қорытындысы. 

         Форум аясында Жұбанов университетінің Студенттер сарайында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ондаған ақындық жинақтардың авторы, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақыткерееваның шығармашылық кеші өтті. Белгілі ақын Ақұштап Бақыткереева қазіргі жастардың тәрбиесіне деген көзқарастарымен бөлісіп, әдеби кеште өзінің шығармашылық өмірі туралы әңгімеледі. Сахнадан облыстық драма театрының актерлерінің орындауында әндер шырқалып, қойылымдар қойылып, өлеңдер айтылды.

         Әрине шараның басты мақсаты болған, «Жайықтың Ақ шағаласы» атанған Ақұштап ақынның шығармашылығы мен ондағы тақырыптардың өзектілігі мен құндылығы, жас ұрпаққа берері мен бергені туралы әсерлі әңгімелерден сыр шертілді.

Ақұштап Бақыткерееваның кездесу кешіне ақындар, жазушылар, әкімдік өкілдері, сондай-ақ курстастары мен балалық шақтағы достары да келіп, өз ризашылықтарын білдірді.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі