20 Қыркүйек, 2017
Аида Балаева: Латын қарпіне көшу – қазақтың рухын жер жүзіне танытуға септігін тигізері сөзсіз

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды https://bnews.kz/kz">Вnews.kz.


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздегі барша жаңғыру жұмыстарының діңіне айналды. Бұл туралы Елбасы өзі де «рухани жаңғыру – саяси және экономикалық жаңғырулардың өзегі» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ, қоғамдық сананы жаңғырту ұлттық кодымызды сақтап, дамытумен бірге, оны жер жүзіне паш етуді көздейді. Ұлттың рухы ұлттың ішінде шектеліп қалмай, жаһандық әлемге кірігіп, жалпы адамзаттық қазынаға айналуын мақсат етеді.  Жақында ел назарына ұсынылған латын графикасындағы қазақ әліпбиін алайық. Латын қарпіне көшу арқылы әлемнен біздің не алатынымыз жиі айтылуда. Осы орайда, әлемге біздің не беретініміз де назардан тыс қалмауға тиіс деп ойлаймын.       



Тіл – мәдениеттің мәйегі болса, төл жазуымыздың латын графикасына көшуі – мәдениетімізді жаһан жұртына жеткізудің ең тиімді жолдарының бірі. Әлем елдерінің 70 пайыздан астамы пайдаланатын латын қарпіне көшу – қазақтың рухын жер жүзіне танытуға да септігін тигізері сөзсіз.



Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған 6 жобаның бірі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет». Мемлекет басшысы халықтың рухани тұтастығына, бірлігі мен дамуына қай кезеңде де айрықша мән беріп келеді. Өткен жылдардағы «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» сияқты бағдарламалар сан ғасырлық тарихи, мәдени мұраларымызды қайтарып, рухани қазынамызды толықтыра түсті.



Елбасының қамқорлығы арқасында қазіргі қазақстандық мәдениет алдыңғы буындардың бірегей жолын лайықты жалғастыруда. 



Енді заманауи әдебиетіміз әлемнің алты тілінде сөйлеп, мәдениетіміздің барлық жанрлары ең озық тәсілдермен жаһанға жол тартқалы отыр. 

Бұл – еліміздің рухани, мәдени өмірінде ешқашан болмаған, тұңғыш, әрі теңдессіз оқиға. Жер жүзі Қазақстан қандай ел екенін, қазақ қандай ұлт екенін негізінен осы жоба арқылы танитын болады.Біз бұл тарихи жауапкершілікті терең сезінеміз. Сондықтан, жобаны іске асыруда оның әрбір әрпін мұқият қарап, әрбір қадамын он ойланып, тоғыз толғанып жасаймыз. «Рухани жаңғырудың» мәні –  Елбасы атап өткен 6 қасиетті ұрпақтың бойына дарытып, қай жағынан да бәсекелік қабілетін арттыра түсу.



Бұл жұмыста ұсақ-түйек деген жоқ. 



Сондықтан, оған баршамыз бір кісідей атсалысып, жүкті жұмыла көтеруге тиіспіз. Бүгінгідей басқосулар осыны әрбір азаматтың санасына нық орнықтыруға сеп болады деп ойлаймыз. Сүбелі ойлар мен салмақты пікірлер айтылып, олар нақты іске ұласарына сенімдіміз. Баршаңызға саулық тілеймін, істеріңіз ілгері болсын!